Қыркүйек айында облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма іске қосқан жоба ауылдағы жасөспірімдерге тек білім емес, сенім мен мүмкіндіктің жаңа деңгейін ұсынды. Онлайн-дауыс беру арқылы анықталған 13 кәсіби ментор 2000-нан астам жасқа бағдар көрсетіп, 35 ауылдық елді мекенді аралады. Медицина, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, мемлекеттік қызмет сынды салалардың үздіктері ауыл баласының есігін қағып, олардың арман-мақсатына құлақ түрді. Жоба координаторы Әзиза Күлметтенова бұл бастаманың мәнін былайша түсіндірді:
– Біз ауылдағы жастың да биікке ұмтылуға құқығы бар екенін көрсеткіміз келді. Ақпарат тапшылығы сезілетін ортада дұрыс бағыт беру – жас буынның тағдырын айқындайтын фактор, – дейді ол.
Жобаның ең жас қатысушысы – Ақбел ауылының 13 жастағы бозбаласы Ерасыл Айбек. Бойында туған жеріне деген сүйіспеншілік пен еңбексүйгіштік ерекше білінетін жас талап фермер болуды армандайды.
– Ауылда қалып, шаруашылықты дамытқым келеді. Бұл жоба бізді жігерлендірді, өз жолымды анықтауыма көмектесті, – дейді ол қуанышымен бөлісіп.
Ерасылдың менторы, шаруа қожалығының басшысы Анар Бозаева ауыл шаруашылығын тек табыс көзі емес, ұлттың тірегі деп біледі.
– Ерасыл – ауылды шын жүрегімен сүйетін бала. Болашақта өз ісінің шебері боларына сенімдімін. Жастарға тек білім емес, жігер беру маңызды, – дейді тәжірибелі маман.
Жоба аясында Долинка кенті әкімінің орынбасары Жасұлан Хамитов та бірнеше жасқа менторлық етті. Ол ауыл оқушыларының бойынан өзгеше ұмтылыс байқалғанын айтады.
– Олардың көзінде болашаққа деген сенім бар. Бұл – ең үлкен нәтиже. Ауылдан да көшбасшылар шығады, тек мүмкіндік қажет, – дейді ол.
Жасұлан мырзаның шәкірті, 11-сынып оқушысы Руслан Құлмұхамедов жобадан кейін өз жолын тапқанын мақтанышпен айтады.
– Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын көріп, өзімді осы салада елестете бастадым. Адамдарға көмектескім келеді. Бұл – менің таңдаған жолым, – дейді болашақ мемлекеттік қызметкер.
Жоба соңында менторлар мен шәкірттердің еңбегі қорытындыланған үлкен фестиваль өтті. Сахна төрінде менторларға «Ұлт мақтанышы», шәкірттерге «Ұлт үміті» марапаттары табысталды. Бұл – олардың еңбегіне көрсетілген құрмет қана емес, ауыл жастарына деген қоғамның сенімі.
Үш ай ішінде әрбір жас өз болашақ жолын айқындап, менторлармен байланысын бекіте түсті. Әр ментор шәкірттерін алдағы уақытта да қолдайтынын, бірге жаңа жобаларға кірісетінін жеткізді.
«Ұлт қазынасы» – ауылдың тек өмір сүру ортасы емес, дамудың да орталығы бола алатынын көрсеткен жоба ретінде құнды. Бастама ауыл жастарының ой-өрісін кеңейтіп, туған жерінде қалса да үлкен биікке жетуге болатынын дәлелдеді. Жобаның аяқталуы – бір кезеңнің түйіні ғана. Алайда ауылға жеткен үміттің лебі, жастардың бойында оянған сенім өшпек емес. Өйткені елдің ертеңі – бүгін жол салып жатқан осы жас буынның қолында.
Қарағанды облысы