Елорда • Кеше

Астанада пенитенциарлық жүйе мәселелеріне арналған конференция өтті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Адам құқықтары және пенитенциарлық жүйенің дамуы: ұлттық басымдықтар мен халықаралық стандарттар» атты кең көлемді халықаралық конференция өтіп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астанада пенитенциарлық жүйе мәселелеріне арналған конференция өтті

Фото: Адам құқықтары жөніндегі уәкіл

Конференция биыл 1948 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларацияның 77 жылдығына арналып ұйымдастырылды. Бұл тарихи құжат бүгінге дейін әлем елдерінде адам құқықтарын қорғаудың құқықтық іргетасы саналады.

Жиынның басты мақсаты – түзеу мекемелерінде құқықтық тәртіпті сақтау, сотталғандардың құқықтарын қорғау және пенитенциарлық жүйені халықаралық талаптарға бейімдеу мәселелерін талқылау. Іс-шара мемлекеттік құрылымдар, халықаралық ұйымдар және адам құқықтары саласының сарапшылары арасындағы әріптестікті күшейтуді көздейді.

Конференцияны Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы, Еуропа Кеңесі, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы кеңсесі және ҚР ІІМ-мен бірлесіп өткізіп жатыр.

Жиынды ашқан Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Артур Ластаев адам құқықтары түзету мекемелерінің қабырғасында аяқталмауы керек екенін атап өтті.

«Қазақстан азаптау орындарындағы адамдардың құқықтарын қорғау механизмдерін жүйелі түрде күшейтуде. Қоғамдық бақылау мүмкіндіктері кеңейіп, сотталғандарға қатысты халықаралық стандарттар енгізіліп жатыр. Қылмыстық-атқару жүйесін кезең-кезеңмен реформалау түрмедегі тұтқындар санын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді, оған қылмыстық саясатты гуманизациялау үлкен ықпал етті», деді Омбудсмен.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы кеңсесі де елдің бұл бағыттағы қадамдарын жоғары бағалап отыр.

«ПРООН Қазақстанның жабық мекемелердегі адам құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған күш-жігерін, Азаптауға қарсы БҰҰ конвенциясының факультативтік хаттамасына қосылуын және Ұлттық алдын алу тетік құруын құптайды. Сонымен қатар пенитенциарлық жүйедегі ҰАТ тиімділігін арттыру үшін БҰҰ-ның азаптауға қарсы кіші комитетінің және жалпы уақытша шолудың ұсынымдарына көңіл бөлу қажет. ПРООН ұлттық құқық қорғау мекемесіне және ҰАТ қатысушыларына осы бағытта техникалық және сараптамалық қолдау көрсетуді жалғастырады», деді Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілдігінің орынбасары Сухроб Ходжиматов өз құттықтау сөзінде.

Конференцияға мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғаушылар, халықаралық құрылымдар және саланың жетекші ғылыми сарапшылары қатысып отыр.