Банк • Кеше

S&P: Қазақстанның банк секторындағы тәуекелдер азайды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2025 жылғы 5 желтоқсанда S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның банк секторындағы салалық тәуекелдің даму үрдісін оң бағалады. Бұл өзгеріс соңғы бірнеше жылдағы реттеу мен қадағалаудың күшеюімен байланысты болып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz

S&P: Қазақстанның банк секторындағы тәуекелдер азайды

Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қаржы реттеушісінің негізгі шараларының ішінде активтердің сапасын тұрақты бағалау (AQR), SREP қадағалау моделіне көшу, банктер қызметіндегі тәуекелдерді шектеу және тұтынушылық кредит берудің өсу қарқынын бақылау шаралары атап өтілді. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша агенттік сарапшылары бөлшек кредит берудің өсуінің 18-20%-ға дейін баяулауын күтеді.

S&P келесі жылы төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін енгізу, оның ішінде жүйелік маңызы бар банктер үшін капиталға айналдырылуға жататын міндеттемелердің ең төменгі деңгейін енгізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл өзгерістер қадағалау сапасын одан әрі жақсартуға әсер етуі мүмкін.

S&P есебіне сәйкес, Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігі қабылдаған шаралар ықтимал дағдарыс жағдайларының және банк жүйесіндегі операциялық іркілістердің алдын алуға мүмкіндік берді. Агенттік сарапшылары сектордың макроэкономикалық тәуекелдерге орнықтылығын, сондай-ақ проблемалық кредиттер деңгейінің төмендігін (2025 жылы 5,5-6,0%) және резервтермен қамту деңгейінің жоғары (шамамен 55%) екенін атап өтті.

Есепте S&P Global Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі реттеушілік және қадағалау бастамалары шеңберінде одан әрі ілгерілеу болған жағдайда салалық тәуекел бағасын жақсартуға дайын екені айтылған.