Сурет: syrboyi.kz
Бірде моншада кезек күтіп отырған біреу: «Рақа, жуық арада аңға шықтың ба?» деп сұрайды.
«Менде көп уақыт бола бермейді ғой, кеше қолым бір қалт ете қалғанда Ақсудың бойына бара қалып едім, өзеннің беті жыпырлаған үйрек екен. Алдында ғана бір патронға санап отырып отыз бытыра салып қойған едім, ысқырып қалып үркіттім де, көтеріле бергенде шүріппені басып қалып, бүркіп жібердім. Бұйырғанға дауа жоқ деген, бір бытырам да зая кетпей, отыз үйректі бір оқпен түсірдім» деген екен. Отырғандар «ой, пәлі» десіп енді Екетай ағаға қарайды.
«Кешке таман тоған байлап тастап қайтып келе жатсам, өзекте қырғауылдар жайылып жүр екен. Мылтығымды үйге қалдырып кеткенім енді есіме түсіп, неде болса құр қол қайтпайын деп газды түбіне дейін басып ағызып өтіп тоқтасам, бес қырғауылды мойнынан басып өтіппін» дейді.
Сонда Рақымбек ағамыз: «Трактордың жылдамдығы қырғауылды басып өтуге жетпейді, мен бұл өтірігіңе сене алмаймын», дейді ғой.
Сөйтсе, Екетай ағамыз: «Ей, Рахымбек, мен сенің отыз үйрегіңе шыдағанда сен менің айналдырған бес қырғауылымды көп көріп отырсың ба?» деген екен.
Әзілдері жарасқан қайран ағаларым-ай, екеуі де бақилық болды, жандары жәннатта болсын.
Екеуі ол жақта да қалжыңмен қаржасып жүрген шығар...
Берікбол ҚАСЫМОВ,
Ақсу ауданының құрметті азаматы
Жетісу облысы