Білім • Кеше

Әдеби оқулардың мазмұны өзгерсе...

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары мектеп оқушыларына арналған түрлі байқау көбейді. Өзі бір жылда 170 күн сабақ болса, соның біразы олимпиада, сайыс, конкурсқа кететінін көріп жүрміз.

Әдеби оқулардың мазмұны өзгерсе...

Сурет: ernur.kz

Біз солардың ішінен пән олимпиадалары мен кейбір маңызды білім сайыстарын ғана қалдырып, басқасын тоқтату керек деп есептейміз.

Бүгінде дәстүрлі түрде өтетін Абай оқуы, Қадыр оқуы, Мұқағали оқуы, Махамбет оқуы сияқтылар аз болғандай, жыл сайын бір оқу қо­сылатын болды. Оқу-ағарту министр­лігі соның барлығын енгізе береді.

Жаттау арқылы баланың жадысы жетіліп, еске сақтау қабілеті күшейетіні рас. Біздің оқушы кезімізде жаттау көп болды. Сол кезде жаттаған өлеңдердің жартысы әлі есімде. Бірақ бұрын бәрі жүйелі, ретімен болды. Қазіргідей айналдырған 1-2 аптада 100-150 өлең жаттату болған емес.

Түрлі әдеби оқулар баланың жүй­кесіне зор салмақ екенін де есептеп жатқан ешкім жоқ. Бірінші орын ең көп жаттағанға берілетін болғасын, кейбір оқушы 100-150 өлең жаттап жатады. Ал соның ішінде баланың ұғымына ауыр тұстары да болады.

Әдеби оқуды өткізудің мазмұны мен формасына да өзгеріс керек. Өйткені жүз өлең жаттағанымен, соның бірінің идеялық мазмұнын толық түсініп, талдай алмайтыны жасырын емес. Сондықтан құр жаттауға емес, түсіну мен талдауға мән берілгені дұрыс.

Ал қазір бұған жете көңіл бөлініп жатқан жоқ. Мұғалім жаттағыш бала болса, түрлі әдеби оқуларға қатыс­тыра береді. Кейін сол оқушы тіл-әде­биет маманы болса жақсы ғой. Кө­бінесе қыруар уақытын шы­ғын­дап жаттаған өлеңінің пайдасын көр­мей, басқа саланы таңдайды. Сон­дық­тан оқушыны өзінің болашақ мамандығымен байланысты олим­пиа­далар мен білім сайыстарына қа­­тыстырған жөн. Мәселен, өзім келе­шек­те тарихшы болғысы келмей­тін оқу­шыны олимпиадаға бейімдеген емеспін.

Біз сонымен әдеби оқуды көбейте бермей, бір бойынан барлығы табылатын Абай оқуын ғана қалдырса да жеткілікті деп есептейміз. Себебі оқушылар сан түрлі әдеби оқуға қатысып жүріп, көп сабақ жібереді де, оқу үлгерімі төмендейді.

Бұл тек менің жеке тұжырымым емес. «TIMSS-2023» халықаралық зерттеуі де сабақты жиі жіберетін оқушылардың сабақтан қалмайтын оқушыға қарағанда оқу үлгерімі төмендейтінін көрсетіп отыр. Бұған қоса, бір жылда бірнеше әдеби оқуға қатысатын оқушының жолдағы өмір қауіпсіздігі де өзекті.

 

Серік ЗИЯТОВ,

тарих пәнінің мұғалімі

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025