Ғылым • Кеше

Ұлт тарихына – айрықша қызмет

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ұлт тарихы – халық рухын, тарихи зердені, қасиетті дәстүрді, ­отаншыл сезімді қалыптастыратын үлкен күш. Осы ретте тарихи құбы­лыстарды күрделілігімен, сан қырлы сипат-көріністерімен, қисапсыз қайшы­лық­тарымен, ерекшеліктерімен сабақтастыра саралау, нақты деректерге жүгіне отырып, шынайылығы мен жаңалығын айқындау, логикалық мазмұнын, тарихи алғышарттарын, мәтін мәнісін, мұрағат құпиясын тексеріп-талдау – ғалымның ғылыми шығармашылық еңбегі деуге болады.

Ұлт тарихына – айрықша қызмет

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі Зиябек Қабылдиновті – әділеттілік кезеңінде тарих ғылымын мемлекеттік деңгейде нәтижелі ұйым­дастыруға атсалысып келе жатқан жетек­ші ғалым, заманауи менеджер деуге негіз бар.

Зиябек Ермұханұлы Омбы топы­рағында туып, көрші елде білім алып, үнемі қазақ ұлты тарихын тереңнен танып-білуге ұмтылды. Шетте жүр­ген қазақтардың тарихи санасын қалып­тастыру мақсатында ғылыми зерт­теу, насихаттау жұмыстарымен табанды айналысты. Мұны «ХVIII–ХХ ғасырдың ІІ жартысындағы Тобыл және Том губернияларының қазақтары», «ХVIII ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың басындағы Ресей ішкі губернияларының қазақтары (та­рихи-демографиялық аспектілері)», «ХVIII–ХХ ғасырдың басындағы Ресей қазақтары», «Сұлтанмәмет сұлтан: мемлекет қайраткері, дипломат және батыр», «Ақмола облысы Омбы уезінің қазақтары», «Қазақстандағы діндер: тарих және қазіргі заман», «Астана тарихы», «Қазақстан халқы: тарих және қа­зіргі заман», «Олар ғасырлар бойы қазақ жерін дәріптеген», т.б. еңбектері­нен айқын көреміз. Бұл зерттеулер нақ­ты деректер, мәліметтер, шынайы айғақ­тар негізінде жазылған. Тарихты тамыршыдай тану, даналықтың ұлы кітабы Ұлы даланың тарихы мен мәдение­тін баян­дау тарихшыдан біліктілікті, сали­қа­лылықты, сарабдалдықты талап ететіні анық. Сондықтан да ғалым Зиябек Ермұханұлы маңызды деректік ақпараттарды шеберлікпен алып қана қоймай, оларды тарихи үдерістерді түсін­діруде орынды және шебер қолдана білетінін, тарихтың философиясын жете меңгергендігін, шынайылықпен бажайлап пайымдайтынын, тереңнен ой тербейтінін аңғарамыз.

Ғалымды қоғамдық қызметі мен адам­­шылық қасиеттері толықтыра түсе­ді. Бәрінің қалыптасу негізі бар. 90-жылдардан бастап халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Омбы бөлім­шесінде, «Омбы үні» газеті редакциясында, Керекудегі Ш. Айманов атындағы кинотеатрда, өңірлік «Дауа» газетінде, Ішкі істер министрлігі Павлодар заң колледжінде, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафе­д­расында қызмет істеуі бір белес болса, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде тарих кафедрасының меңгерушісі, деканы, ректор кеңесшісі, тәрбие ісі жөніндегі проректор, кітапхана басшысы, «Еуразия» ҒЗИ директоры, т.б. жұмысы – ғылым саласындағы жауап­ты асуы сынды. Ал әрқашан Ғылым ака­демиясының жанында болған Тарих және этнология институтында бас директор ретінде 8 жыл қызмет атқарып келе жатқаны – Зиябек Ермұханұлы іргелі ғылыми жұмысының елеулі нәтижесі. Кейінгі жылдары институтқа мемлекет басшылығы жүктеген көптомдық «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бү­гінге дейін» академиялық басылымын әзірлеудің өзі не тұрады? Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин жетекшілік ететін осы орасан зор ғылыми жұмысқа 300-ден астам отандық, шетелдік ғалым тартылып, қазір мәреге жетіп те қалды.

2022–2023 жылдары институт «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау (1920–1950 жылдар) мемлекеттік комиссиясы материалдарының» 52 томын жа­риялады. Сонымен бірге осы мекеме 2025–2027 жылдарға мемлекеттік нысаналы қаржыландыру арқылы Қазақ­­стандағы саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рының негізгі және ішкі категорияларын, оларды толық ақтау үдерістерін іргелі зерттеу, 1931–1933 жылдардағы ашар­шылықтың куәгерлері мен олар­­дың ұрпақ­тары естеліктерінің топта­ма­­сын дайындау, ұлт тарихының аймақ­тық аспектілерін пәнаралық зерттеу, т.б. ірі бағдарламалық жобаларды жү­зеге асырғалы отыр. 2019–2020 жылдары инс­титут ұжымы үштомдық «Қазақ­­стан тарихы» энциклопедиясын дайын­дап, барлық аймаққа таратты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика уни­верситетінің және Президент мұра­ға­тының ғалымдарымен бірлесе отырып, 1920–1930 жылдары елде қуғын-сүргін­ге ұшыраған 1500 қазақ байының өмі­рі мен қызметі туралы «Қазақстанның қуғын-сүргінге ұшыраған байлары» атты энциклопедияны жарыққа шы­ғар­ды. Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, А.Нүсіп­беков туралы құжаттар жинағы мен зерт­теулерді ғылыми қауым жақсы қабылдады.

Институт ғалымдары Зиябек Қабыл­диновтың қолдауымен алыс шетелдерге ғылыми экспедицияға шыға бас­тады. 2023–2024 жылдары Солтүстік Ауғанстанға экспедиция жасалды. 2024 жылы ғалымдар Тайвань Ғылым академиясына барып, ғылым саласында ынтымақтастық орнатып қайтты. 2022 жылы көрші елдерде қазақ хандарының (Тахир, Есім, Күшлік) киелі орындары жан-жақты зерттелінді. Қазақстан және іргелес елдердің көне, ортағасырлық тарихы бөлімі ғалымдары «Шығыс Түркістандағы дүрбелеңмен өткен қырық жыл (1912–1952)» атты ұжымдық монография жариялады. Ұлыбританияның Кембридж университетінде Шоқан Уәлиханов мұрасын ағылшын тілінде жариялады.

Зиябек Ермұханұлы тарих ғылымын­дағы сабақтастыққа да мән береді. Кейін­гі жылдары Абай атындағы Қазақ ұлт­тық педагогика университетінен, Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университе­ті­­­­нен, Ресей Ғылым академиясы Сібір ­­фи­лиа­лы Тарих институтынан жас зерт­теу­­­ші­лер докторантураға қабыл­данды. ­Өңір­лер тарихын жан-жақты зерттеу ­үшін облыстарда институт филиал­дарын ашып, оған ғылыми мамандарды ірік­теу жұмысы қолға алынды. Солтүстік ­Қазақ­­станда, Астанада, Көкшетауда, Петро­павлда, Шымкентте, көрші қырғыз елі астанасы Бішкекте филиалдар ашылып, жүйелі жұмыс басталды.

Институт директоры жас ғалымдарды ғылымға тарту мен тұрақтандыру үшін әлеуметтік жағдайын шешу жүйелі қол­ға алынды. Жас ғалымдар Түркия, Қырғызстан, Беларусь, Өзбекстан және басқа елдердегі жазғы мектептерге қатысып, ел деңгейін көрсетіп жүр. Алматыдағы Иран мәдени орталығында тілдік курстан өтіп, Шығыс құжаттарын оқуға талаптанып жүргендер де бар. Институттың 29 жас ғалымы тұрғын үй бағ­дарламасымен пәтер алды. 2018–2024 жыл­дары институттың 39 дарынды жас ғалымы арнайы стипендия алды. «Қам­қоршылық кеңес» ғалымдар кітаптарын шығаруға, талантты жас мамандарды ынталандыруға көмектесіп келеді.

Зиябек Ермұханұлы 2020 жылы Ұлт­тық ғылым академиясына корреспон­дент-мүше болып сайланса, 2024 жылы толық мүшелікке (академик) қабыл­данды. Бұл тарихшы ғалымның еселі еңбегін айғақ­­тайды. Ол 2007 жылы «ЖОО үздік оқы­тушысы», 2022 жылы «Үздік ғы­лы­ми қызметкер» атағын да алды. Оның омы­рауындағы «Құрмет» ордені мен «Ыбырай Алтынсарин» сыйлығы көп жылғы игі жұмысының еленгенін көрсетеді.

Ел тарихына айрықша қызмет – адал­дықтан, маңдай терден, қоғамға жауап­кершіліктен, кәсіби біліктіліктен құра­лады. Біз осы қасиетті Зиябек Ермұхан­ұлы бойынан әр кез байқаймыз. Оның адамшылық, көпшілдік, батылдық болмысы әріптестерін, әсіресе жас буынды өзіне тартып тұрады. Спорт шебері ретіндегі саламаттылық ұстанымы аза­мат­тың қадірін арттырады.

Ата тарихымыз – ұлттық мәдени-этно­графиялық, саяси-әлеуметтік, фило­со­фия-психологиялық құндылықтар мен мыңжылдық үздік тәжірибелердің шарайнасы, елшілдік, мемлекетшілдік, жасампаздық іс-әрекеттердің өнегесі. Әділетті қоғамның гуманистік ұстаным­дарын одан әрі өркендету жолында бабалар аманаты мен қағидаттарының мән-мағынасы айрықша маңызды. Бұл ретте академик Зиябек Қабылдиновтің болмыс-бітімінде дана Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» орайлы тоғысқан.

Ғалым, іскер-ұйымдастырушы, қоғам қайраткері Зиябек Ермұханұлының ұлт тарихының күрделі де сан қырлы мәсе­лесін зерделеудегі ұстанымы, қағи­даты, бастамашылдығы оның заманауи менеджерлік қызметін, ел тарихын жаңашылдықпен қараудағы біліктілігін, қоғамның интеллектуалдық-шығармашылық мәдениетін дамытудағы белсенділігін аңғартады.

Тарих ғылымы үшін сабақтастық, дәстүр өнегесі аса маңызды. Сондықтан да шығар, тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Е.Қабылдинов Тарих және этнология институтына директор болып тағайындалған сәтінен осы салаға еңбек сіңірген біртуар, айтулы ғалымдардың атындағы кабинеттер ашып, жастарды да, аға және орта буынды да ынталандыра білді.

Осынау мерейлі белес сәтінде ғалым­­ның алдағы іс-жоспарының оңы­нан жүзеге асуын, тарих ғылымы бас инсти­тутының өркендеп-өрістеуін тілейміз.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Соңғы жаңалықтар

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Кеше

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Кеше

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Кеше

Қазақстанда мал ауруы 51%-ға төмендеді

Шаруашылық • 12 Желтоқсан, 2025