Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Үкімет отыз жыл бойы осы мәселені шеше алмай келді. Оның объективті себептері де болды. Бұрынғы кеңшар жүйесі бұзылғаннан кейін өңдеу кәсіпорындарының жұмысы тоқырады. Жол жағдайы нашарлап, ауылдармен қатынас қиындады. Жан-жақтан қаулаған тапшылық, әлеуметтік-экономикалық, инфрақұрылымдық проблема етектен тартты.
Енді осы мәселені реттеудің алғышарттары қалыптаса бастады. Мал шаруашылығында жекеменшік түбегейлі қалыптасты. Кемінде үйірлеп жылқы ұстайтын, жүздеп сиыр мен қой бағатын фермерлер пайда болды. Қазір төрт түлік малдың 45 пайызы солардың қолында.
Сол секілді малдың қалған 45 пайызына иелік етіп, ауылдарда тығыз шоғырланып отырған үй шаруашылықтарының иелері де тұрақты жүйемен жұмыс істейтін дайындау мекемелеріне ет тапсыруға аса ынталы. Осындай жүйенің жоқтығы фермерлермен қатар халықтың осы тобының арқасына аяздай батуда. Елімізде 2 миллионға жуық үй шаруашылығы бар десек, бұл – 6-7 млн ауыл тұрғынының ортақ проблемасы.
Бұл мәселені шешуге алғышарттар бар. Мал басы жеткілікті. 2024 жылы ірі қара 8,3 млн, қой-ешкі – 20,9 млн, жылқы 4,1 млн басқа жетті.
Өсім бар. 2025 жылдың қаңтарында мал шаруашылығы жалпы өнімінің индексі 104,1% болып, өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсетті.
Экспорттауға мүмкіндік мол. Сиыр етіне сыртқы нарықта сұраныс артып келеді. Биыл алғашқы жартыжылдықта экспорт көлемі 16,1 мың тоннаға жетіп, 2,4 есеге өсті.
Игерілмей бос жатқан жайылымдықтар мен шабындықтар алынып, мал ұстап отырған адамдарға тапсырыла бастады.
Мемлекет басшысы агросекторды жаңғырту міндетін қойып, 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімін екі есе арттыруды тапсырды. Сондай-ақ мал өсірушілерге, мал тұқымын асылдандырушыларға, бірігіп тірлік құруға бейімделе бастаған кооперативтерге арзан несие мен субсидия, салық жеңілдігін беру қарастырылған. Ауылдармен жол, көлік қатынасы жылдан-жылға жақсарып келеді.
Үкімет 2024–2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді дамыту жоспарын бекітті. Бұл жоспар өңдеу инфрақұрылымын кеңейтуге бағытталған.
Демек, енді жоғарыда айтқан жүйені қалыптастыру мәселесі пісіп-жетілді деп есептейміз. Ветеринариялық-санитарлық талаптарды қатаң сақтау, жануарларды сою, шикізатты сақтау және қайта өңдеу объектілеріне қойылатын талаптар заңмен бекітілген. Енді мал өнімдерін дайындаудың өндірістік инфрақұрылымын қалыптастырып, дамыту қажет. Мал сою пункттері, ет комбинаттары, сүт өңдеу зауыттары сияқты объектілерді ауылдық аумақтарға жақын орналастыру – шикізатты жоғалтпай, сапасын сақтап жеткізуге мүмкіндік береді.
Жүйені жолға қоюдың кезеңдеріне тоқталсақ.
Құқықтық база. «Ветеринария туралы» заңға сәйкес барлық өндіріс объектілері санитарлық нормаларға сай болуға тиіс. Шикізат дайындау кезінде малдың шығу тегі, денсаулық жағдайы және ветеринарлық құжаттары міндетті түрде тіркелуге тиіс.
Технологиялық шешімдер. Мал өнімдерін өндіру технологиясы бойынша жекелеген оқу орындарының мамандарды даярлау бағдарламалары бар. Бұл мамандар жаңа әдістерді енгізіп, өндірістің тиімділігін арттырады.
Логистика және нарық. Өңірлік кооперативтер құру арқылы фермерлердің өнімін жинақтап, бір орталықтан өңдеу және өткізу жүйесін қалыптастыру. Ішкі нарықпен қатар экспорттық бағыттарға (Қытай, Ресей, Таяу Шығыс) шығу үшін халықаралық стандарттарға сәйкестік қажет.
Қорыта айтқанда, Қазақстанда мал шикізаты мен өнімдерін дайындау жүйесін жолға қою үшін заңнамалық талаптарды орындау, өңдеу инфрақұрылымын дамыту, мамандарды даярлау және логистикалық тізбекті жетілдіру қажет. Бұл ауыл шаруашылығының тиімділігін арттырып, ауылдық аймақтардың экономикалық дамуына серпін береді.
Мал шикізаты мен өнімдерін дайындау мен жеткізу схемасы төмендегідей болғаны жөн.
Ауылдағы дайындау пункттері. Мұндағы сою пункті малды санитариялық талапқа сай сояды. Сүт қабылдау бекеті фермерлерден сүтті жинап, салқындатқышта сақтайды. Тері қоймасы теріні тұздап, консервілеп сақтауды жүргізеді. Барлық өнім аудан аумағындағы кооперативке өткізіледі.
Кооперативтік орталық ауылдардан өнімді жинайды. Тоңазытқыш қоймалары мен алғашқы өңдеу цехтары өнімді май мен кілегейге айналдыра алады. Оларды бір брендпен (мысалы, «Зайсан еті», «Катон сүті») қораптап белгілейді. Сонан кейін тоңазытқышы бар рефрижератор көлігімен ауылдан қала халқына немесе ет комбинаттарына, тері фабрикаларына жеткізеді.
Жеткізу жиілігі. Сүт – күнделікті немесе күнара. Ет – аптасына 2–3 рет. Тері – айына 1–2 рет.
Қаладағы өткізу жүйесінде әр ауданың фермерлік дүкендері болады. Сондай-ақ қалалар әкімдіктерімен бірлесе отырып, апта сайын ауыл өнімдері сатылатын алаңдар және жәрмеңкелер ұйымдастырылады.
Мұның сыртында қала тұрғындары «WhatsApp», «Telegram» арқылы аудан кооперативтеріне алдын ала тапсырыс береді.
Осындай жолмен ауылдан қалаға дейінгі мал өнімдерін дайындап жеткізудің делдалдан тыс өркениетті тізбегі қалыптасып, бұл тізбек ветеринарлық талаптарға толық жауап бере алады. Көп ұзамай аудандар арасында қала халқын ет, сүт, кілегей, май, сүзбе өнімдерімен қамтудың өзара бәсекесі пайда болады.
Осы арада айта кететін бір мәселе, халықты қаншама жыл сансыратқан «делдалдар» дегеніміз – шын мәнінде хаостық жағдайда пайда бола кеткен дайындаушылар. Стихиялы түрде қалыптасқан осы бір әлеуметтік топты да жаңа жүйеге тарту (мәселен, өз еріктерімен ауылдардан қабылдау пункттерін ашқызу немесе аудандық кооператив қызметіне кіргізу) арқылы олардың қызметін бұдан былайғы уақыттары толық бақылауда ұстауға болады.
Енді осы жүйені толық қалыптастыру үшін әр ауданға 300 млн теңге қаржы қажет болады десек, бүкіл еліміз бойынша 51 млрд теңге қаржы керек екен. Мемлекет үшін бұл соншама үлкен қаражат емес. Немесе оны мемлекет-жекеменшік әріптестігі арқылы шешуге болады. Мұндай жағдайда мемлекет шығыны көп азаяды.
Біздің ойымызша, мұның ең тиімді жолы – отандық олигархтарымыздың шетелдерге шығарған қаражатын тарту. Осыған орай «Олигарх капиталын ауыл шаруашылығына тарту» атты жоба да әзірлеуге болады. Бұл құжат мемлекет пен ірі капитал иелерінің арасындағы ерікті келісімге негізделіп, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталады.
Мемлекет үшін тиімділік – қаржы көзі дайын, сыртқа кеткен миллиардтаған қаржы ел ішінде нақты инфрақұрылымға жұмсалады. Ауылда жұмыс орындары ашылады, халықтың табысы артады. Азық-түлік қауіпсіздігі күшейіп, ішкі нарық тұрақты өніммен қамтамасыз етіледі.
Инвестор (олигарх) үшін тиімділік – шетелдегі қаржысы ел ішінде заңды түрде капиталданып, бизнеске айналады. Тұрақты табысқа жол
ашылады.
Қорыта айтқанда, ауыл шаруашылығы өнімдерін дайындау желісін заманға сай қалыптастыру дегеніміз – терең әлеуметтік мәні бар экономикалық мәселе. Жобаны депутаттар, сарапшылар және мамандардың қатысуымен ақылдаса отырып, тиімді бизнес түрінде құруға болады. Мұндай жағдайда оның болашағы жарқын, өміршең болады деген сенімдеміз.
Ұлықбек ТҰМАШИНОВ,
Мәжіліс депутаты