Қазақстан • Бүгін, 09:02

Орталық Азиядағы орта держава

10 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Былтыр еліміз орта держава атанды. Әлемдік саяси ұйымдардың зерттеулерінде Орталық Азиядағы алғашқы ірі, ықпалды, тәуелсіз, экономикалық көрсеткіші жоғары жалғыз мемлекет ретінде танылды. Сарапшылар биыл да Қазақстан осы мәртебесін тиісті дәрежеде атқарып отыр­ғанын айтады. Бұл – әрине, отыз жылдан аса уақыт бұрын құрылған тәуелсіз елдің айтулы жетістігі. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында күрделі геосаяси жағдай мен шектеулі экономикалық мүмкіндіктер секілді көптеген сын-қатермен бетпе-бет келді. Жаңа республика өте қиын әлеуметтік-демографиялық жағдайға тап болды. Қазақ мемлекеті осының барлығын еңсеріп, бүгінде орта держава атанып отыр.

Орталық Азиядағы орта держава

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Деңгейді еңсеру жолы

Аймақтық «The Times of Central Asia» басылымы 2025 жылы Қазақ елі экономикасы­ның ғана емес, сырт­қы саясаттағы жетістігінің – әлем­­дік саясатта, халықаралық қа­ты­­нас­тарда аса маңызды рөл ат­қа­р­ып отыр­­ғанының арқасында орта дер­жаваға айналғанын жазды.

Сарапшылар зерттеу­лерінде орта держава елдерін эконо­микалық қуаты, дипломатиялық ықпалы, стратегиялық әлеуеті мен тиімді басқару моделін ескере оты­рып бағалаған. Қазіргі әлем­­дік зерттеу нәтижелеріне сәйкес еліміз Орталық Азиядағы орта держава деңгейін лайықты бағындырған. Өзбекстан да бұл мәрте­бе­ге үміткер болды. Ал Түрікменстан, Қырғызстан, Тәжік­стан экономикалық тәуел­ділік пен институционалдық шек­теу­лерге байланысты тізімге енбеген.

Елімізді Германияның Саясат және ғылымды зерттеу институты (SWP, Stiftung Wissenschaft und Politik) ресми сайтында жариялаған «Machtkonkurrenz und neue Allianzen – Trends der internationalen Politik» баяндамасында алғаш рет орта держава қатарына қосты. Баяндама авторлары: «Орта державалар – ал­пауыт елдер болмаса да, жаһандық саяси, экономикалық аренада айтарлықтай ықпалы бар мемлекеттер», деп анықтама береді. SWP мұндай елдердің қатарын­да Түркия, Израиль, Үндістан, Сауд Арабиясы мен Қазақстанды қоса алғанда 12 елді атап көрсетеді.

Неміс сарапшылары еліміздің экономикасы Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда ауқым­ды, әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына кіретінін айтады. Бұған қоса Қазақстан шетелдік инвесторлар көптеп тартылатын ел деп атап көрсетеді.

«Қақтығысушы елдер арасындағы диалогті жеңілдету – Қазақстанның сыртқы саясатының басымдылығына айналды», деп көрсетеді неміс сарапшылары. Олардың пікірінше, еліміз көршілес Ресей, Қытаймен тығыз қарым-қатынасты нығайта отырып, АҚШ, Еуропа, Азия елдерімен берік байланыс орнатуды мақсат тұтады. «Десе де ірі көршілері Қытай мен Ресейге тәуелділікті азайту үшін бұл ел АҚШ-пен қарым-қатынас орнатып, ЕО, Түркия, Жапония, Корея, Үндістанмен байланысын кеңейтті», делінген баяндамада.

Сондай-ақ баяндамаға сәйкес Қазақстан тарихи, рухани үндескен аймақ елдерімен де тығыз, достық байланысты сақтап отыр. Елдің Өзбекстанмен екіжақты қарым-қатынасы, Әзерба­й­жанмен ынтымақтастығы үлгі болар­лық. Ал Ресейдің энергия экспортына кедергі жасауы Қазақстанның Кас­пий теңізі арқылы әртараптандыру мүм­кіндіктерін кеңейтті. 2024 жылы мамырда Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан энергетикалық жүйелерін бірік­тіріп, ортақ шешім тапты. Бүгінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы аймақтың қаржылық хабына айналды. Мұнда әлемнің 80 елінен 2 800-ден аса компания тіркелген, активтері 1 млрд доллардан асады. Қазақстан сонымен қатар Каспий-Орталық Азия бассейні мен түркі ынтымақтастығы аясындағы бірлескен жобаларды қолдап отыр.

Кеңес одағының әлеуетті ядролық арсеналына қарамастан, Қазақстан бүкіл әлемде ядролық қарусыздану жолын таңдады. Елдің көпжақты сыртқы саясаты халықаралық конференциялар өткізуге, ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке өтуге мүмкіндік берді. Ең маңызды­сы, мемлекетіміз орта державалар­дың негізгі аймақтық, халықаралық дау­лардағы медиатор рөлін атқарып отыр. Мәселен, еліміз Қырғызстандағы саяси шиеленісті бәсеңдетуге қатысып, Иранның ядролық мәселесі мен Сирия қақтығысы бойынша келіссөздерге бастамашылық жасады. Сонымен қатар Ресей мен Батыс арасындағы шиеленісті бәсеңдетуге әрекет етіп, өзін сенімді серіктес ретінде көрсетті.

 

Жаңа мәртебенің жүгі

Еліміздің халықаралық мәселелерді шешуге қосқан үлесі мен орта держава ретіндегі жаңа рөлін сондай-ақ Француз халықаралық қатынастар институты (IFRI) ерекше атап өтеді. Сыртқы істер министрлігі де Абу Дабиде өткен жыл сайынғы «World Policy Conference» жиынының басым бөлігі еліміздің жаңа мәртебесін талқылауға арналғанын мәлімдеген еді. IFRI президенті Тьерри де Монбриальдің пікірінше, Қазақстан «сыртқы саясаттағы тәсілдерді патенттеп қана қоймай», кейінгі жылдары орта держава ретінде түрлі халықаралық сын-қатерлерді шешуде белсенді қатысушы бола бастады. Монбриальдің бұл пікірі «Қазақстанның сыртқы саясаты неден негізделеді, елдер арасындағы шиеле­ніс­тің күрт артқан дәуірінде әртүрлі геосаяси күш орталықтарымен оң қарым-қатынасты қалай сақтай алады, біздің еліміз жаңа мәртебеде, әсіресе қақты­ғыстарды реттеу мәселелерінде не істей алады?» деген сұрақтарға жауап береді.

Одан кейінгі пікірталас барысында егер мемлекеттер қандай да бір тарапты иеленуі керек болса, онда бәсекелестіктен гөрі ынтымақтастықты таңдау керек, оқшауланудан гөрі өзара әрекеттесу, заңсыздықтан гөрі құқықтың үстемдігі, нәтижесіз ойындардан гөрі өзара пайда мен жалпыға бірдей ұтыс тұжырымдамасы (win-win) болу керектігі ел ұстанымы екені айтылады. Бұған қоса Астананың БҰҰ-ны әлемдік даму мен қауіпсіздік мәселелерін шешуге арналған жалғыз жаһандық ұйым ретінде нығайтуды жақтағанын және жақтайтыны аталып өтті.

Президент жанындағы ҚСЗИ Халық­аралық қауіпсіздік бөлімінің бас ғы­лыми қызметкері Ерболат Сейле­ханов геостратегиялық жағдайы, терри­тория­сының көлемі, халқы, экономи­калық әлеуеті, саяси ықпалы, әскери қуаты секіл­ді сыртқы белгілерден басқа, еліміз­дің орта держава ретіндегі ең маңыз­­ды ерекшелігі оның халықаралық деңгей­дегі әрекеті, яғни әлемнің «жақсы азаматы» ретінде танылуы деген пікірде.

«Осыған байланысты Қазақстан көпжақты ынтымақтастық, жаһандық қауіпсіздікті нығайту және тұрақты дамуды қамтамасыз ету қағидаттарын дәйекті және табанды түрде қолдай отырып, БҰҰ-ның қызметі мен бастамаларына белсенді түрде қатысады. Астана барлық елдер мен аймақтардың мүдделерін ескере отырып, әділеттілік пен теңдіктің пайдасына өзгеріп жатқан әлемдік тәртіпті және әлемдік қауымдастық мүшелерінің ымырашыл мінез-құлқын қолдауды жақтайды. Бұл жолда Қазақстан өзінің мүмкіндіктері мен орта державаның әлеуетін пайдалана отырып, екіжақты форматта да, көпжақты өзара іс-қимыл арқылы да осы идеяларды ілгерілетуге үлес қосты», дейді ҚЗСИ сарапшысы.

Атап айтқанда, Астана жетекші әлемдік державалардың басшылығымен тұрақты консультациялар жүргізіп, жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған бастамаларды көтеріп, халықаралық ұйымдардың, әлемдік, өңірлік ынтымақтастық форумдарының жұмысына белсене қатысады. Көпжақтылықты берік ұстанған еліміз жаһандық аренада сындарлы диалог пен өзара іс-қимылды арттыру үшін жаңа платформалар құруға үнемі күш салып отыр.

«Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның маңызды үлесі – 2003 жылдан бері Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері­нің съезін ұйымдастыру және өткізуін­де. Бұл – әртүрлі конфессияның өкіл­дері әлемдік дамудың өзекті мәселелері талқылайтын және олардың шешімін табудағы ынтымақтастық мүмкіндікте­рін қалыптастыратын бірегей диалог алаңы. Азиялық қауіпсіздіктің негізгі мәселелеріне келетін болсақ, еліміздің маңызды бастамасы – Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті қауіпсіздік пен даму жөніндегі аймақтық ұйымға айналдыру перс­пективасын ұсынуы», деп атап өтті Е.Сейлеханов.

Сонымен қатар сарапшы ұлттық мүд­делер мен геостратегиялық баға­лау­­лар­ға сүйене отырып, еліміз көп­век­тор­­лы саясатты ұстанады. Астана негізгі жаһан­дық ойыншылармен өзара тиім­ді ын­тымақтастықты дәйекті әрі праг­ма­ти­калық түрде дамытып, еура­зия­лық кеңіс­тіктегі өз ұстанымын нығай­туға ерекше көңіл бөліп отыр. Мұн­дай теңдестірілген тәсіл мүдделердің тиім­ді тепе-теңдігін қамтамасыз етеді, тұрақ­ты әлеуметтік-экономикалық дамуға ық­пал жасайды, сондай-ақ елдің аймақ­тық, ха­лықаралық үдерістердегі жауапты, сенімді серіктес ретіндегі рөлін нығайтатынын айтады.

Сарапшының пайымынша, жалпы алғанда, еліміз орта держава ретінде бар­лық мемлекет пен халықтардың тең құқы­лы ынтымақтастығына негіз­дел­ген тұ­рақты әрі қауіпсіз әлемдік тәртіп­ті құ­руға зор үлес қосып отыр. Бұл ретте елі­міздің сыртқы саяси кредосы – «Жаһандануға бет бұрған Әділ Қазақстан» формуласы. 

Соңғы жаңалықтар

Орфандық ауру асқынып тұр

Медицина • Бүгін, 09:30

Он тілді меңгерген оқушы

Білім • Бүгін, 09:25

Орталық Азиядағы орта держава

Қазақстан • Бүгін, 09:02

Жүрек қағысын жетілдіру тәсілі

Медицина • Бүгін, 08:45

Дара да дана қайраткер

Тұлға • Бүгін, 08:40

Робот ота жасады

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:25

Ең ұзын туннель

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10

Аққыздың аманатын арқалаған

Руханият • Бүгін, 08:07

Күмбірлеп өткен күй ғұмыр

Тағзым • Бүгін, 08:05

«Пахтакор» – чемпион!

Футбол • Бүгін, 08:02

Отыз үйрек, бес қырғауыл

Аймақтар • Бүгін, 07:50