Сурет Мәдениет және ақпарат министрлігінен алынды
Кездесудің негізгі тақырыбы – әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған шаралар, цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және жасанды интеллектіні енгізу мәселелері.
Өз сөзінде Аида Балаева әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін арттыру – отбасы әл-ауқаты мен әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі екенін атап өтті.
Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмірин өз баяндамасында Қазақстандағы әйелдердің іскерлік белсенділігі тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып отырғанын жеткізді. Бүгінде шағын және орта бизнес субъектілерінің шамамен 48%-ын әйелдер басқарады. 2025 жылдың желтоқсан айындағы жағдай бойынша елде 1 миллионнан аса әйел кәсіпкер тіркелген.
Отырыс барысында цифрландыру мәселелеріне, әсіресе ауылдық жерлердегі әйелдердің қаржылық құралдарға қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылды. Ұлттық комиссия төрағасы жыл соңына дейін қолдау шаралары мен салық реформасына байланысты жаңа міндеттерді түсіндіру бойынша ұлттық ақпараттық науқан жүргізуді тапсырды.
Аида Балаева сондай-ақ цифрлық дағдыларды дамытуда еңбек нарығының қажеттіліктеріне, перспективалы бағыттарға басымдық бере отырып, салалық тәсіл қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Отырыста ұлттық комиссия мүшелері әйелдердің экономикалық дербестігін нығайтуға, кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға, цифрлық сауаттылықты арттыруға және әйелдерді экономиканың жаңа секторларына тартуға бағытталған іске асырылып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Талқылау қорытындысы бойынша цифрлық экономика жағдайында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөнінде кешенді жоспар әзірлеу ұсынылды. Сондай-ақ электрондық коммерция және салық салу салаларындағы білім беру және онлайн бағдарламаларды дамыту, әйелдердің цифрлық құзыреттерін дамытуға арналған жобаларды мемлекеттік органдар, ҮЕҰ, жоғары оқу орындары және инновациялық алаңдардың қатысуымен одан әрі кеңейту жұмыстары жалғасатын болды.
Бұдан бөлек, өңірлік комиссияларға әйелдер кәсіпкерлігінің жағдайын талдау, ауылдық бастамаларды қолдау шараларын әзірлеу және әйелдер жобаларын іске асыруға қажетті инфрақұрылымды жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.