«Қазгидромет» РМК филиалының мәліметіне сәйкес, 14 желтоқсанда өңірде көктайғақ, бұрқасын, қатты қар, тұман байқалады, сондай-ақ облыстың батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түсіп жатыр.
Желдің екпіні секундына 15–20, кей жерлерде 23–28 метрге дейін жетеді. Осыған байланысты автожолдарда көктайғақ пайда болып, бұрқасын салдарынан жолдардың жекелеген учаскелері жабылды.
Қолайсыз ауа райына байланысты 14 желтоқсанда келесі автожол учаскелері жабық:
– Орал – Атырау тас жолы;
– Үлкен Шаған – Переметный тас жолы.
Жабылу себебі – бұрқасын.
Сағат 11.30-дағы мәлімет бойынша қолайсыз ауа райына байланысты облыста бірқатар республикалық маңызы бар автожол учаскесінде (Казталов – Жәнібек, Өнеге – Сайқын, Орал – РФ шекарасы, БҚО – Атырау облысы шекарасы, Чапаев – Қазталов) барлық көлік түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.
БҚО әкімдігінен түскен мәліметке қарағанда, сонымен қатар ауа райының күрт нашарлауына байланысты облыстың бірқатар ауданында электр энергиясының уақытша өшуі тіркелді. Қазіргі уақытта энергетика саласының қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеп, электр желілерін қалпына келтіру шараларын жүргізіп жатыр.
– Осыған байланысты Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев энергетика саласына жауапты органдардың қатысуымен жиналыс өткізіп, ахуалды жеке бақылауына алды. Облыс әкімі өңірлік электр желілері ұйымдарына, төтенше жағдайлар қызметтеріне және жергілікті атқарушы органдарға электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар төтенше жағдайлар туындаған жағдайда «112» бірыңғай байланыс нөміріне хабарласа алады, - делінген ресми мәліметте.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, Казталов, Жәнібек және Бөкей ордасы аудандарында жарық өшкен. Боранға байланысты жолда қалған көліктер бар.