Қоғам • Бүгін, 14:40

Жұмысшылар «Желтоқсан – ерлік тарихы» атты танымдық байқауға қатысты

30 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Танымдық шара Ұлытау облысының Сәтбаев қаласында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінде өтті.  Қатысушылар желтоқсан айының ызғарлы күндерінде қаймықпай алаңға шыққан қазақ жастарының қайсарлығын бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіруді мақсат етті, деп хабарлайды Egemen.kz

Жұмысшылар «Желтоқсан – ерлік тарихы» атты танымдық байқауға қатысты

Байқауға осы кәсіпорынның жұмысшылары қатысты.  Іс-шараны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Ғ.Омаров атындағы Шахтапроходкалау тресінің басшысы Қайрат Ұзақұлы ұйымдастырды.

Ұжым ішінен жеті команда іріктеліп шықты. Әр топ өздері дайындаған қойылымда Желтоқсан көтерілісі тарихының маңызын көрсетуге тырысты. Қойылымда жастар алдыңғы толқын аға-әпкелерінің өршіл рухын шынайы, нанымды ойнады. Команда мүшелері Отанға, еліне деген жүрек жылуын, сүйіспеншілігін көрсетіп, көрерменін сүйсіндірді.

Бұл – желтоқсан көтерілісінің мұзда жанған алауын жаңғыртып, азаттықтың ауыр жолмен келгенін көрсеткен тарихи-танымдық  байқау болды.

Қазылар алқасының құрамындағы С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық қазақ музыкалық-драма театрының артисі Кенжетай Жүсіпұлы, Желтоқсан оқиғасының куәгері, педагог-ұстаз Гүлжазира Әубәкірқызы және музей маманы Айя Жолбарысқызы үздік командаларды анықтады. 

Талаптанып, бар өнерін, ықыласын салған жұмысшы жастардың ішінен жүйрік шыққандарға жүлде тарту етілді.

Бірінші орынды  «Тәуелсіздік жолы» тобы жеңіп алып, 200.000 теңге ақшалай сыйлықты олжалады. Екінші орынды «Алау» тобы (150.000 тенге), үшінші орынды  «Желтоқсан желі» тобы (100.000 теңге) иеленді.

Өзге топтарға 75.000 теңге көтермелеу сыйлығы тарту етілді.

Соңғы жаңалықтар