Білім • Бүгін, 09:10

Білімді жұрттың еңсесі биік

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Білім саласы егемендіктің алғаш­­қы жылдарында күрделі дағдарысты бас­тан өткерсе де, кейінгі онжыл­дық­тарда ауқымды бағдарламалар мен жаңа жобалар арқылы біртіндеп жаңа фор­матқа көшті. Мәселен, бүгінде қазақ мектептерінің үлесі 55 па­йыз­ға жетсе, қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі 70 пайыздан асқан.

Білімді жұрттың еңсесі биік

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Осы уақыт аралығында білім саласында басқару жүйесін қайта құры­лымдау, білім беру мазмұнын жаңарту, инфрақұрылымды жақсарту, мұғалім мәртебесін көтеру, цифрландыру, жаңа мектептер салу сияқты кешенді шаралар жүзеге асырылды. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде білім жүйесін тұрақтандыру негізгі міндет болды. 1999 және 2007 жылдары қабылданған «Білім туралы» заңдар саланың институционалды негізін қалыптастырып, басқару моделі мен оқу орындарының мәртебесін жаңартты. Одан кейінгі жылдары «Білім» мемлекеттік бағдар­ла­малары арқылы мектеп, колледж, ЖОО инфрақұрылымын жаңарту, оқыту­шылардың біліктілігін арттыру, жаңа оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі шаралар қолға алынды. 2004 жылдан бастап еліміз орта білімді 12 жылдық модельге кезең-кезеңімен көшіруді бастады. Бұл өзгеріс оқушыны тұлға ретінде дамытуды, мамандыққа ертерек бағдарлауды, халықаралық деңгейде мойындалатын білім стандарттарына бейімдеуді көздеді.

Сондай-ақ осы кезеңде Ұлттық бір­ыңғай тестілеу енгізіліп, білім сапасын сырттай бағалау мен университетке қа­был­даудың ашық форматы пайда болды. Бұл қадам мектеп бітірушілердің білі­мін жүйелі бағалауға мүмкіндік бер­ді әрі жоғары оқу орындарына түсуде­гі субъективтілікті азайтты. Кейінгі жылдары ҰБТ бірнеше рет жаңартылып, бейіндік пәндер, жыл бойы бірнеше рет тапсыру мүмкіндігі сияқты өзгерістер енгізілді.

Оқу-ағарту министрлігінің ресми мә­ліметінше, бүгінде республикада 7 941 мектеп жұмыс істейді. Соның 4,2 мыңға жуығы, яғни жалпы мектептердің жартысынан астамы – қазақ тілінде білім беретін мектептер. Бұл – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы 32 пайыз көрсеткішпен салыстырғанда аса жоғары нәтиже. 1991 жылы қазақ тілінде оқытатын мектептер саны ресми дерек бойынша 2 768 болған, сол жылдары қазақ сыныбында 2 мил­лионнан астам оқушы білім алған. Ал ­бұл сан бүгінде 4 млн-ға жуық. ­Сон­дай-ақ 2014 жылы түлектердің шама­мен
70%-ы тестілеуді қазақ тілінде тапсыр­са, 2024 жылы 75,1% талапкер ҰБТ-ны қазақ тілінде тапсырған.

2010 жылдары білім беру сапасын жаңартуға бағытталған жаңа реформа­лар басталды. Орта білім мазмұны жаңар­тылған оқу бағдарламаларына көшіп, спиральді оқыту әдісі, құзыретті­лікке не­гізделген оқыту, критериалды бағалау жү­йесі енгізілді. Бұл өзгеріс балалардың жаттап емес, түсініп оқуына, зерттеу жүр­гізуіне, ойлау дағдыларын дамытуына бағытталды.

Тәуелсіздіктің алғашқы онжылды­ғы­нан кейін білім саласында инфрақұ­рылым мәселесі айқын сезілді. Елдің демографиялық өсімі мен урбанизация қарқыны мектеп жетіспеушілігіне әкелді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін мем­лекет 2007–2010 жылдары «100 мек­теп, 100 аурухана» атты ауқымды әлеу­мет­тік жобаны іске қосты. Бұл жоба сол ке­зеңдегі ең ірі ұлттық бағдарламаның бірі саналып, елдің білім жүйесіне сер­пін берді. Бағдарлама аясында 100 жаңа мектеп салу міндеті жүктелді және ол үш ауысымды оқытуды азайтуға, апатты мектептердің орнын толтыруға, жаңа шағын аудандар мен халық саны жылдам өсіп жатқан өңірлерге көбірек оқу орнын ашуға бағытталды. Жаңа мектептер заманауи инфрақұрылыммен, спорт залымен, зертханалармен, компьютер қойылған сыныптармен жабдықталды. «100 мектеп» бастамасы білім саласының дамуына құрылымдық тұрғыда әсер етті. Өңірдегі мектеп тапшылығын азайтты, оқу ғимараттарының сапасын жақсартты, білім беруді жаңартатын жаңа технологиялар енгізуге мүмкіндік жасады. Бұл жоба елдің әлеуметтік саясатының басым бағыты болған «адам капиталына инвестиция» түсінігінің орнығуына жол
ашты.

Мұғалім мәртебесін көтеру де жүйе­лі қолға алынды. 2019 жылы қабыл­данған «Педагог мәртебесі туралы» заң мұ­ғалімдердің әлеуметтік және кәсіби қорғалуын күшейтіп, жүктемесін азай­туға, жалақысын кезең-кезеңмен өсіруге жол ашты.

Білім берудің цифрлық бағыты 2017 жылы қабылданған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасынан кейін жаңа деңгейге көтерілді. Мектептер компьютер техникаларымен жабдықталып, интернетке қолжетімділік артты, электронды журналдар мен күнделіктер, онлайн платформалар, қашықтан оқыту жүйесі қол­данысқа енді. «COVID-19» пандемия­сы цифрландыру үдерісін тіпті жылдамдатты. Осы кезеңде қашықтан оқыту құрал­дары, цифрлы контент, видео-сабақтар, электронды платформалар жаппай енгізілді.

Қазіргі кезеңде білім саласындағы ең ауқымды инфрақұрылымдық бас­тама – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған жоба аясында республикада біркелкі стандартпен салынған жаңа мектептер бой көтеріп жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша жаңа форматтағы 105 мектеп салынды. Ал осы жылдың аяғына дейін тағы 112 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарлан­ған. Оқу-ағарту министрлігінің ресми мәліметінше, қазір елімізде 150 «Келешек мектебі» 145 583 балаға білім беріп жатыр. Жобаның бас­ты мақсаты – үш ауысымды білім беру­ді жою, апатты мектептерді алмастыру және әрбір балаға қауіпсіз, заманауи, технологиялық орта ұсыну. Аталған жоба аясында салын­ған мектептер бұрынғы типтік мектептер­­ден едәуір ерекшеле­неді. Олардың жал­пы аумағы 15-20%-ға үлкен, ал техника­лық жабдықталу дең­гейі төрт есе жоғары. Әр мектепте робот­техника кабинеттері, STEM-зертхана­лар, хореография зал­дары, коворкинг аймақтары мен төрт спорт залға дейін қарастырылған.

Тәуелсіздік жылдарындағы рефор­малар білім жүйесіне әр кезеңде әртүрлі сипаттағы өзгерістер алып келді. Бірақ олардың барлығын байланыстырып тұрған ортақ мақсат бар – отандық білім жүйесін жақсарту. Қорыта айтсақ, бүгінде мектептердің саны көбейді, мазмұны жаңартылды, мұғалімдер мәр­тебесі өсіп, инфрақұрылым жаңарды.

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00

ЕАЭО отырысы Шымкентте өтеді

Саясат • Бүгін, 12:58