Қазақстан • Кеше

Әлемдік мәртебе: сенім мен серіктестік

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кез келген елдің тәуелсіздігі халықаралық деңгейде мойындалғаны аса маңызды. Өйткені әлемдік қоғамдастық трансшекаралық кепілдік бермей мемлекет құру, экономикалық реформа жүргізу, әлеуметтік даму мүмкін емес. Еліміз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін оны дүние жүзіндегі көптеген мемлекет халықаралық қоғамдастықтың толыққанды мүшесі ретінде қабылдады. 120-дан аса ел Қазақстанның тәуелсіздігін ресми түрде мойындап, дипломатиялық қарым-қатынас орнатты.

Әлемдік мәртебе: сенім мен серіктестік

Сурет: e-history.kz

Жаһан таныған кезең

90-жылдары әлем картасында бір­қатар жаңа мемлекет пайда болды. Дү­ние­жүзілік қоғамдастық жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Алайда олар бо­дандықтан босаған елдердің барлығын бір­дей тәуелсіз деп мойындауға асық­пады. Сол кездері егемендікке қол жет­кізген елімізге алдымен 30-дан аса діни конфессияны ұстанатын 130-дан аса ұлт өкілдері тұратын көпэтносты қоғамда татулық пен келісімді сақтау маңызды еді. Осы тұста көрші, ірі елдермен сырт­қы байланыс құру мәселесі туындады.

Аймақтық «The Times of Central Asia» басылымы: «Қазақстан ешқашан Азияның да, Еуропаның да, АҚШ-тың да даму үлгілерін көшірген емес. Иә, бұл, негізінен, мүмкін емес те еді, өйткені әрбірінің саяси, экономикалық жағдайлары, тарихи дәуірлері әртүрлі. Қазақстан әлемдік тәжірибеге өз үлгісін әкелді. Мемлекеттің жеке әмбебап қағидаттарын өз бетінше таңдап, оларды ұлттық контексте шебер қолдана білді. Тиімді реформалардың, дамудың, тиімді басқарудың өзіндік моделін қалыптастырды», деп жазды «Kazakhstan way – The role of personality in history» мақаласында.

Еліміз бастапқыда экономикалық дамуға, соның негізінде демократиялық институттардың дамуына сүйенді. Ал саяси дамуға демократияны үлгі ретінде таңдады. 1995 жылғы жаңа Конституция негізінде атқарушы, заң шығарушы және сот билігі бөлінетін саяси жүйе құры­лып, құқықтық мемлекеттің негізі қалан­ды. Мемлекет нарықтық экономика­ның негізгі тетіктерін қалыптастырды, тұрақ­тылыққа екпін салып, қоғамдағы этностық және діни келісімді сақтап қалды. Осылайша, Қазақстан өзін бейбіт дамуға бағытталған мемлекет ретінде бүкіл әлемге жариялады, кеңес одағынан мұраға қалған төртінші ядролық арсеналдан бас тартты. Әлемнің көптеген елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, әлемдік қоғамдастыққа мүше болып, өзін халықаралық деңгейде мо­йындата білді.

Еліміздің бейбіт саясаты ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ секілді ірі ұйымдарға төрағалық етіп, 2017–2019 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, басқа да халықаралық ұйым­­дарға жетекші болып сайлануына ық­пал етті. Еуразиялық экономикалық одақ, ДСҰ-ға мүше болды. Еліміздің сырт­қы саясаты әу бастан сындарлы, көпвекторлы қағидасына негізделген. Әлемнің түрлі геосаяси орталықтарымен тепе-тең қарым-қатынасы Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық одақ елдерімен, Орта­лық Азиямен, ислам әлемімен өзара тиім­ді әріптестік сақтауға мүмкіндік береді. Көршілермен жақсы қарым-қаты­настың арқасында еліміз тарихта алғаш рет халықаралық қоғамдастық мойындаған нақты, мызғымас шекарасын ресми түрде бекітіп алды.

Отыз жылдан астам уақыт ішінде жеткен жетістіктерімізді халықаралық қоғамдастық мойындады. Олардың бірқатары тіпті тәуелсіздік алған бойда ресми құттықтап, бірден сенім білдірді. Еліміздің тәуелсіздік алғанын құттықтап 1991 жылдың 28 желтоқсанында Жапо­ния Сыртқы істер министрі Мичио Вата­набе Қазақстан Республикасының Сырт­қы істер министрі Ақмарал Арыстан­бековаға, 30 желтоқсан күні Мәскеудегі Аустралия елшілігі Сыртқы істер ми­нистр­лігіне хат жіберген. Сондай-ақ e-history.kz порталында жарияланған құжаттарға сүйенсек, 1991 жылдың 31 желтоқсанында Германия Федеративтік Республикасының Президенті Рихард фон Вайцзакер хат, 1992 жылдың 17 қаңтарында Швеция Королі XVI Карл Густаф Мемлекет басшысына жеделхат жолдаған.

Ел тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағындағы АҚШ, екінші Қытай, содан соң Ұлыбритания мойындаған. АҚШ президенті Джордж Буш құттықтау телеграммасын жолда­ған. Одан соң Моңғолия, Франция, Жапо­ния, Оңтүстік Корея, Иран мақұлдады. Иран – еліміздің тәуелсіздігін мойын­да­ған алғашқы мұсылман мемлекет. Ал Түркия алғаш болып елімізде өз ел­ші­лігін ашты, тәуелсіздігімізді алғаш­қы­лар қатарында мойындады. Сырт­қы істер министрлігінде тіркелген дипло­матия­­лық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мо­йындай­тын хаттамаға 1992 жылдың 2 нау­ры­зы күні қол қойған­­ды­ғы көрсетілген. Осы­лайша, әлемдік сая­сатта Қазақстан өз ор­нын тапты. Небәрі ­
бір­неше аптаның ішін­де әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігі­не сенім артып, дип­­ломатиялық қарым-қатынас орната бастады.

 

Сырт көз – сыншы

Кеңес өкіметінің құрамындағы бір­қатар мемлекет егемендік ала бастаған 1990–1991 жылдар шетел БАҚ-тарының басты тақырыбына айналды. Әсіресе мұны мұхиттың арғы жағындағы алпауыт АҚШ-тың танымал басылымдары жарыса жазған. Мәселен, 1991 жылдың 26 желтоқсанында «New York Times» газеті «End of the Soviet Union; The Soviet State, Born of a Dream, Dies» тақырыбымен көлемді мақала жариялады. Сараптамалық материалда кеңес одағының ыдырауы, елдердің жағдайы қандай болмақ, әр елдің әлеуеті секілді мәселелер көтерілген. Басты мысалдарында – Қазақ елі. Жалпы, сол жылдары шетелдік басылымдарда жарық көрген мақалаларда Қазақстанның кеңес одағы­нан мұраға қалған ядролық қаруы, одан бас тартудағы қадамдар, нарықтық эконо­микаға көшуі, энергетикалық қорла­ры, әсіресе мұнай мен газ, мемлекет құруға кіріскен кездегі оқиғалар қамтылған.

Мәселен, Американың «The Deseret News» газеті сол кезде Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өмір сүруге ресурсы бар екенін айтып, 1991 жылдың 4 желтоқсанында мақала жариялаған. Мақала авторы, Вашингтон бюросының басшысы Ли Дэвидсон: «Қазақстан барлық кеңестік ядролық қару сақталған әлемдегі ең ірі ядролық державалардың біріне айналуы мүмкін. Бұл ел жалпы бұрынғы кеңес одағының аумағында құрылған тәуел­сіз мемлекеттермен ынтымақтастықта өмір сүргісі келеді. Бірақ бөліну эконо­микалық байланыстардың үзілуіне, экономиканың құлдырауына және өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкеле­ді», деп жазды. Сондай-ақ ел саяси, эко­но­микалық өзгерістердің оң қада­мына апаратын жолына түскенін айтады. Сондықтан олар одақ президенті Михаил Горбачев ұсынған экономикалық одақ туралы келісімді қолдады.

«Қазақстан тәуелсіз ел ретінде дамуына қажеттің бәрі бар. Онда бұрынғы КСРО-ның қорғасын, мырыш, титан, магний, қалайы өндірісінің 70 пайыз, фосфор мен хромның 90 пайыз, күмістің 65 пайыз, мыстың 30 пайыз, молибденнің 60 пайыз қоры бар. Қазақстаннан экспортталатын өнімге КСРО жыл сайын 1,7 млрд АҚШ долларын алды. Сон­дай-ақ Қазақстанда жүздеген ядролық оқ­тұм­сық бар. Кез келген оқтұмсықтың астында үлкен күрделі жерасты кешені орналасқан. Оны басқа жерге көші­ру өте қиын. Бұған 25-30 млрд рубль қа­жет екен. Бұл ақша ысырап болады. Сондықтан ел Семей ядролық полигонын жапты. 1949 жылдан бері 500-ден аса бомба жарылған, олардың көпшілігі ашық кеңістікте сыналған. Осылайша, Қазақстан жүздеген Хиросимадан аман қалды деп айтуға болады. Ал сынақ полигонын Қазақстан ғылыми зерттеу орта­лығына айналдыруды жоспарлап отыр», деп жазды «The Deseret News». 

Соңғы жаңалықтар