Қоғам • Кеше

Жаңа жинақ таныстырылды

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада «Қазақтың ХХІ ғасырдағы дәстүрі мен құндылықтары» атты бірегей тұжырымдамалық жинақ көпшілікке та­ныс­ты­рылды. Іс-шараға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, депутат­тар, ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық ұйым­ өкілдері қатысты.

Жаңа жинақ таныстырылды

Мәулен Әшімбаев аталған рәсімнің мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында өткізілуінің рәміздік мәні­не назар аударып, бұл күнде бос нау­қан­ға жол бермей, терең мазмұн, дұ­рыс құндылықтар және ұзақмерзімді бағдарды дәріптеудің маңызы зор екенін айтты. Сондай-ақ ол кітаптың ұлттық бірегейлікті нығайту және жаңа қоғамдық этика қалыптастыру жолын­дағы ерекше рөліне тоқталды. Сенат төрағасы Мемлекет басшысы бұл маңыз­ды бағыттарға үнемі баса мән беріп келе жатқанын атап өтті.

«Бірегейлік туралы бүгінгі сұхбаты­мыз Президент Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеп берген идеологиялық бағ­дар­мен тікелей байланысты. Мемлекет басшысы жаңа қоғамдық этика қалып­тастыруға, жауапкершілік мәде­ниетін ілгерілетуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын дамытуға және қоғам­­ға қызмет етуге дайын адал, білімді, кемелденген – «Адал азамат» идеоло­гия­­сын нығайтуға айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда «Реформалар мәні» серия­сымен «Түркістан» газеті­не жария­ланған мақалам да атал­ған мәсе­леге арнал­ға­нын айта кеткен жөн. Мақа­лада қуатты мемлекеттік институт­тармен және тұрақты экономикамен қатар ұлттық бірегейлік те Қазақ­стан­ның қазіргі таңдағы маңызды тіректерінің бірі екенін айтқан едім», деп Сенат төрағасы ауқымды зерттеулер жүргізген кітап авторларына алғыс білдірді.

Айта кетейік, жаңа жинақтың авторлары – бұған дейінгі еңбектері академия­лық және қоғамдық дискурстың маңыз­ды бөлігіне айналған белгілі зерттеушілер. Олардың қатарында Сенаттың жоба­ларына, оның ішінде Сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің жұмы­сына белсенді қатысып жүрген Әлима Бисенова, Сұлтан Әкімбеков, Радик Темірғалиев секілді білікті мамандар бар.

Іс-шарада Мәулен Әшімбаев эмпири­калық деректермен қатар, терең философия, мәдени жады және тарихи сана жаңа еңбектің бірегейлігін айшықтай түсеті­нін тілге тиек етті. Сондай-ақ кітапта салт-дәстүрлер мен шежіре бірегей­лігі, коммеморативті тәжірибелер, отбасы­лық қатынастардың өзгеруі, қала өмірі­нің жаңа формалары, құндылықтардың құбылуы кеңінен талданғанын атап өткен жөн. Мұндай тақырыптар оқырманға ұлттық мәдениеттің өміршең, көпқырлы және динамикалық мәнге ие екенін көруге мүмкіндік береді. 

Соңғы жаңалықтар

Бүгінгі доллар бағамы қандай?

Экономика • Бүгін, 16:00