Қоғам • Бүгін, 13:00

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі әнімен әлеуметтік желіні тәнті етті

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сарбаздың сағынышқа толы сазды әні әлеуметтік желіде мыңдаған жүрекке жол тапты. Ұлттық ұлан әскери қызметшісінің шынайы орындауы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді, деп жазады Egemen.kz.

Ұлттық ұланның әскери қызметшісі әнімен әлеуметтік желіні тәнті етті

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқаратын ефрейтор Александр Нетесов «Анашым» әнін орындап, әлеуметтік желі қолданушыларының зор ықыласына ие болды. TikTok платформасында жарияланған бейнероликті жүз мыңға жуық адам тамашалап, сегіз мыңнан астам лайк пен мыңнан аса жылы пікір қалдырған. Көрермендер әннің жүректен шыққан шынайы сезімге толы екенін жазып, орындаушыға алғысын білдірген.

Александр Нетесов Ұлттық ұланның Ән-би ансамблі Ерлер хорының солисі әрі концертмейстері. Оның қазақ тіліндегі орындауын желі қолданушылары әсерлі, табиғи әрі қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне деген терең құрметтің көрінісі деп бағалады. Көпшілік «Анашым» әнінің оның орындауында ерекше жан тебірентерлік сипат алғанын атап өтті.

Әншінің қазақ тіліне қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Ол Ресейдің Кемерово қаласында дүниеге келіп, төрт жасында анасымен бірге оның туған жеріне қоныс аударған. Балалық шағы өткен шағын ауылда күнделікті қарым-қатынас қазақ тілінде өрбіген. Сол ортада өскен Александр айналасындағы адамдармен бір тілде сөйлесуге ұмтылып, мемлекеттік тілді табиғи түрде меңгерген.

Бүгінде қазақ тілі оның шығармашылық жолының ажырамас бөлігіне айналған. Ұлттық ұлан ансамблінің репертуарында қазақ тіліндегі әндер айрықша орын алады. Солардың бірі ұжымның визиттік карточкасына айналған «Туған жер» әні. Бұл туындымен ансамбль елдің жоғары лауазымды тұлғалары мен шетелдік қонақтар алдында өнер көрсетіп, Ақтөбе қаласында өткен байқауда Гран при иеленген.

Александр Нетесовтың айтуынша, тілді меңгеру халықтың болмысын, мәдениетін терең түсінуге жол ашады. Ол күнделікті өмірде қазақ тіліндегі әндерді, мақал-мәтелдер мен тұрақты тіркестерді жиі қолданады. Сонымен қатар ағылшын тілін де еркін меңгерген әскери өнерпаз тіл үйрену адамның таным көкжиегін кеңейтетініне сенімді.

Ұлттық ұлан сапындағы қызметі, мәдениетке деген құрметі және үздіксіз ізденісі Александр Нетесовтың өнер мен тіл арқылы адамдарды жақындастыра алатын тұлға екенін айқын көрсетеді

Соңғы жаңалықтар