Жетісу облысы құрылғалы осымен ондаған ауылда осындай заманауи спорт нысаны ашылып отыр. Қазақтың қарадомалақ балалары спорттық үйірмеге қатысамыз деп Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласы мен Талдықорғанға сабылатын. Онда да шамасы жеткендер ғана баласын спорт мекемелеріне апаратын. Жүздеген шақырым жер жүру оңай емес. Енді, міне, іргеде халықаралық стандартқа сай, барлық жағдай жасалған жаңа ғимарат бой түзеді. Бұл нысанның игілігін Лепсі спорт мектебінің балалары пайдаланатын болады.
Жаңа кешеннің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, «ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы Бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер, меценат Бауыржан Оспанов, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрбек Оралбай, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрмахан Тыналиев, басқа да белгілі спортшылар, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада Д.Есдәулетов облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, өңірдегі спорт саласын дамыту бағытында жасалып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталды.
«Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыс құрылғаннан бері 32 жаңа спорт нысаны салынды, 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 3 спорт нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Лепсі ауылында ашылған бұл кешен – оқу-жаттығу базасы мен жатақханасы бір аумақта орналасқан толыққанды спорттық инфрақұрылым. Ол ауыл жастарына зор мүмкіндік тудырып, болашақ чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады деп сенеміз», деді ол.
Бюджет қаржысына салынған нысан 160 орындық, жатақханасы 244 орынға арналған. Көпфункционалды спорт кешені төрт негізгі блоктан тұрады. Кешен құрамында татами төселген күрес залы, жекпе-жекке арналған мамандандырылған зал, волейбол мен баскетболға арналған ойын залдары, тренажер залы, жуыну, киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, массаж бөлмесі, психолог кабинеті, мәжіліс залы, басқа да әкімшілік, қызметтік бөлмелер қарастырылған. Сондай-ақ «ZHERSU» ИӨК жоба аясында қарастырылмаған қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға демеушілік көмек көрсетті.
Қазір спорт мектебінде спорттың бес түрінен – грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, дзюдо, шаңғымен сырғанаудан 150 талапты жасөспірімді 10 жаттықтырушы жаттықтырады. Алдағы уақытта спорттың футбол, баскетбол, волейбол түрлерінен жаттықтырушылар тарту жоспарланып отыр.
Осыған дейін Қаратал ауданына қарасты Байшегір ауылдық округінде осындай іргелі спорт кешені салынған еді. Облыс орталығынан алыста орналасқан ауылда жүздеген бала спортпен еркін айналысып жатыр.
Айта кетелік, облыстағы спорт мектептерінде 23 мыңнан астам тәрбиеленуші спорттың 61 түрімен шұғылданады. Өңірде денешынықтыру, спортпен айналысатын адамдар облыс халқының 42%-ын құрайды.
Жетісу облысы