Мәселе • Бүгін, 08:00

«Қаралма» тағдыры қашан шешіледі?

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көне Тараз өңірінде күн тәртібінен түспей, түпкілікті шешімін таппай келе жатқан күлбілтелі мәселенің бірі – «Қаралма» тау-шаңғы кешені. Кезінде «Жамбылдың өз Шымбұлағы болады, «Қаралма» тау-шаңғы кешені салынады, жұрт осы жаққа ағылады», деп ұрандатып еді. Жыл бұрын облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек те «Қаралмаға» қатысты сүйінші хабар жеткізген. Алайда сол кездегі сүйініш қазір күйінішке айналып кеткендей. Өйткені сөз бен істе үйлесім жоқ. 

«Қаралма» тағдыры қашан шешіледі?

Ел арасында мега жоба ретінде насихатталған «Қаралма» кешені дәл қазір жетімнің күйін кешіп тұр. Бұрнағы әкімдер тұсында назардан тыс қалған «Қаралманың» құрылысы қазіргі өңір басшысы Ербол Қарашөкеевтің тұсында аяқтала ма, аяқталмай ма, сол жағы белгісіз. Олай деп ой пайымдауымыздың себебі жоқ емес. Өйткені ресми дерекке сәйкес жұрт тау-шаңғы базасының қызығын осы маусымда көруі керек еді. Алайда кешен аумағында өлі тыныштық.

Енді кері шегініс жасайық. Бірер жыл бойы дақпырты қатты жайылған «Қаралманың» әңгімесі 2023 жылдары саябырсып қалған еді. Тіпті жадымыздан да шыға бастаған. Алайда Ерболат Саурықов бастаған Мәжіліс депутаттары өткен жылдың көктемінде Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, толғақты тақырыпқа қайта жан бітірді.

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Жамбыл облысының даму жоспарында туризмді дамытуға басты назар аударылуы керек деп есептейміз. Осы саланы дамыту арқылы облысқа қосымша инвестиция тарту мүмкіндіктері пайда болады. Өкінішке қарай, туризмге байланысты көп мәселе әлі де шешімін таппай отыр. Соның бірі – Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы туризм кешені.

Мәліметтерге сәйкес жоба 2018 жылы сол кездегі облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің ұсынысымен басталған. Жамбыл облысының жұртшылығы бұл ұсынысты қуана мақұлдады. Жобаның инвесторы – «ТаразҚұрылыс-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Сол уақыттағы сметасы – 6,3 млрд теңге. Кешен құрылысы 2018 жылдың тамыз айында бас­талған.

Құрылыс жұмысы 2020 жылдың 1-тоқ­санында жоба бастаушысының жеке қара­жатының тапшылығына байланысты тоқтаған. Бүгінде уақыттың созылуына байланысты құны қайта есептеліп, 7,9 млрд теңгені құрап отыр. Осы күнге дейін игерілген сома – 4,8 млрд теңге. Кешеннің құрылысын толық аяқтауға 3,1 млрд теңге қажет.

Инфрақұрылым жобаларында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дәлізінен тау етегіне дейінгі 7 шақырымға асфальтталған автожол жүргізілген, газбен, электр жүйесімен қамтамасыз етілген. Тау шаңғысы кешеніндегі арқан жолының құрылысы, ішкі алаңдарды абаттандыру, кірме жол, мейрамхана, сервис орталығы, техникалық бокс, өзге қажеттіліктер шамамен 80%-ға аяқталған.

Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 542 млн 600 мың теңгеге ауызсу мен кәріз жүйесі тар­тылған. Сол сияқты саяхаттаушылар мен дем­алушыларға, шаңғы тебушілерге арналған жекелеген инвес­торлар тарапынан 20 коттедждің құрылысы 70–80%-ға аяқталған.

Бұл жерге Жамбыл облысы және іргелес жатқан, 300 мыңнан астам халқы бар Түркіс­тан облысының екі ауданы жақын. Жеке инвестордың қаражатымен халық игілігі үшін басталған осындай іргелі жобалар неге аяқталмай қалады? Кім кінәлі? Жүйе ме, әлде бір әкімнің ұсынысын екінші әкім жалғастырғысы келмейтіндігі ме? Жанымызда тау шаңғысы кешені тұрғанда, неге адамдар сабылып, 500 шақырым жердегі саяхат орнына баруға тиіс? Қарапайым халықтың қалтасы бағасы шарықтаған Шымбұлақ пен Ақбұлақты қалай көтереді?» деген Е.Саурықов бастаған депутаттардың сауалынан кейін бұл әңгімені қайта ұмыта бастаған едік.

Алайда өткен жылы облыс әкімінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне қатысты жан жылытар жаңалықты сүйіншіледі. Сол кездегі ақжолтай хабарға көңіліміз тоғайса да, енді қайтадан нілдей бұзылып тұр. Өйткені жұрт осы қыста да ауқымды жобаның қызығын көре алмайды.

«Негізі «Қаралма» тау-шаңғы кешені жеке инвестордың қаражаты есебінен салынған. Екі кәсіпкер 4,3 млрд теңге қаржы құйдық деп айтып жүр. Алайда ірі жоба аяқсыз қалған. Қазіргі кезде «Ақниет групп» компаниясына өтініш жасап, қолқа салып, «Қаралманы» әрі қарай дамытсақ деген келісімге келдік. Кейінгі 2-3 айдың бедерінде құрылысқа кеткен қаражат есептеліп жатыр. Жолға, инфрақұрылымға, арқан жолға, тағы басқа жұмыстарға қанша қаржы жұмсалғаны таяуда ғана нақтыланды. Енді «Ақниет групп» тура жұмсалған мөлшерде қаражат салады. Осы жылғы маусымға үлгеру қиын екені түсінікті. Әйткенмен, келесі жылғы маусымға дейін аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Ең бастысы, ірі жобаны аяқсыз қалдырмай бітіруіміз керек», деген Ә.Тамабектің жауабы жадымызда әлі жаңғырып тұр. Бірақ нәтижесі көңілге қонымсыз.

Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалы мен өңір басшысы орынбасарының осы сөзін негізге алып, өткен жылдың қыркүйек айында «Қаралма» тағдыры алаңдатады» деген тақырыппен мақала жазған едік. Тіпті өңір басшысы бұл мәселені өз бақылауына алғанын айтып, сүйіншілеткен едік. Алайда «осы маусымда пайдалануға беру жоспарымызда бар» деген жауап сөз күйінде қалғаны анық.

Таяуда өңірлік коммуникациялар қыз­метінің баспасөз алаңында Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза жобаның жұмысы тоқтап тұрғанын мәлімдеді.

«Өзіме мәлім ақпаратпен ғана бөлісе аламын. Қазір мұнда құрылыс жұмысы жүргізіліп жатқан жоқ. Жоба қозғалыссыз тұр деуге де болады. Алматылық инвестор жобаны сатып алып, жұмысты жүйелегісі келгені де айтылған еді. Алайда ауқымды жобаның жаңа инвесторлары, құрылыс компаниясының жетекшілері алматылықтармен нысанды сату бағасына келісе алмапты. Айтуларынша, олар кешенге 5 млрд теңге салған. Бұл сомаға жаңа инвестор кейінгі жылдары орын алған инфляцияны ескеріп, келіспеген. Әйтсе де қазіргі инвесторлар келесі жылдың нау­рыз айында жұмысты қайта бастап, нысан құрылысын өздері аяқтайтынын жеткізді. Ақиқатын айтсақ, кешеннің қазіргі жағдайы қынжылтады. Орнатылған барлық құрал-жабдық ескіріп, нысан тоза бастады», деді аудан басшысы.

«Қаралма» тау-шаңғы туризм кешені ауқымды жоба екеніне ешкімнің таласы жоқ. Тіпті осы кешен салынады дегенді естігенде жамбылдықтар «өз өлкемізде шаңғы тебеміз» деп тақиясын аспанға лақтырып қуанған да еді. Алайда «Қаралмаға» қатысты сөз бен істің арасында айтарлықтай алшақтық байқалып тұр. Әйтпесе, осы желтоқсанда көршілес екі өңірдің тұрғындары тау-шаңғы кешенінің қызығын көретін еді. Мұндағы құрылыс жұмысы келесі жылы біте ме, бітпей ме? Әзірге сөз жүзінде нау­рыз айында жұмыс қайта жанданады дегенді естіп отырмыз. Тағы да сөз бен істің арасы алыс­тап кетпесе болғаны.

 

Жамбыл облысы 

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00