Өшпес даңқ • Бүгін, 08:10

Жаралы жылдар жаңғырығы

20 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жас ғұмырын қиған жауынгерлердің рухына тағзым ету – парыз. Бүгінгі ұрпақ ерен ерлердің көкірегіндегі перзенттік махаббаттың пайымын түсінсе, сабақ болар еді.

Жаралы жылдар жаңғырығы

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»

Мейірімді Мұрат ата тілегі

Ел басына күн туған уақытта Көкше­тау ауданына қарасты Кіндік ауылдық кеңесінен 200-ден аса азамат атқа қоныпты. Қанқасап майдан даласында кәтепті қара нарға жүк болар тауқыметті арқалап, әлденеше рет жараланып, әскери госпитальде емделіп, қайтадан майдан даласына аттанғандары да көп екен. 200-ден аса боздақтың 80-і ғана туған жердің төсіне аман-есен оралған.

Жаралы жылдар жаңғырығы әбден сар­ғай­ған, тозығы жеткен үшбұрыш хаттарда тұнып тұр. Ержүрек барлаушы, ефрейтор Мұрат Мәліковтің жазбалары. Еуропа елдерін басқыншы жаудан азат еткен жаужүрек жауынгердің жүрек сырына үңілейікші. Мына бір хат 1943 жылдың 29 желтоқсанында жазылған екен. Былай депті: «Майдандағы отағасы Мұраттан сағынышты сәлем! Гүлеке! Сенің 2 желтоқсанда, түнде жазған хатыңды алып, амандықтарыңды естіп, зор қуанышқа бөлендім. Бірақ көп ойландым, ауылда қалған жесір әйелдер, қарттар мен жас балалар ауылдың шаруашылығы, күнкөрістері не болмақ?.. Ұйқы қашты... Кеттік деген команда келгенде ата жүгіріп, бәрін ұмытасың». Мұрат ақсақал майдан даласынан аман келген екен, әйтсе де ажал аңсаған қорғасын оқ ақ жаң­бырдай төпеп тұрғанда елді ойлаған етжүрек­тің дүрсілін қараңызшы. «Жесір әйел­дер, қарттар, жас балалар, көрер күндері не болмақ?» Сызды окопта жатып ел дегенде сыз­даған жүректен айналып кетсең болмай ма?

Екінші бір үшбұрыш хат 1944 жылдың 17 мамыр айында жазылыпты: «Мен аманмын. Өзіміз жаудан азат еткен далада, гос­пи­тальде ем алып жатырмын. Әлі біраз бо­латын шығармын. Өміріме қауіпті емес, қорық­паң­дар». Шынтуайтында жауынгер аға сәл жұм­сарт­қан екен, сол жолғы жарақаты ауыр болғанға ұқсайды. Оң жақ құлағын оқ жұлып әкеткен. Миына сәл ғана жетпей қалыпты. Ес-түссіз жатқан жерінен санитарлар тауып алғаны туралы әскери билетінде жазылған.

Майдангердің тағы бір хатына назар аударайықшы. Бұл хат 1944 жылдың 29 ақпанында жазылған: «Гүлсім, сенің 29 қаңтардағы Бақыт екеуің түнде жазған хатыңды 27 ақпанда алып қуандым. Гүлсім, мен госпитальде жатқанда Секең үйіне, ауылдық кеңестің атына жалпы шаруа жағдайын сұрап, қа­зіргі басты мәселе – елде пошта қыз­­­меті, майданға жабдық жөнелту, жауын­герлердің паегін жанұяларына жет­кізу мәселелерін сұрағам, жа­уап жоқ. Содан кейін аудандық газетке «Майдан шебіне хат» деген статья жазғам. Оқыған шығарсыңдар. Аудан басшыларына ауыл тағдыры жөніндегі сырларымды бөліскен хаттарым да бар. Менің жарақатымды Бақытқа айтпа, майданға кірген соң мұндай уақыт болмайды. Шынын айтқанда жанымыз қыл үстінде. Әр жорығымыз ақырғы болуы мүмкін. Қаншама жауынгерден айырылдық».

Енді бір хат 1945 жылдың 17 мамырында жазылыпты: «Гүлсім, сенің 23 тамыздағы, 15 қыркүйектегі хаттарыңды алдым. Менің хаттарымды, Жеңіс күні ура­лап, Берлинде түскен фотомды алма­ған сияқтысың. Мұнда жауынгер жолдас­тарымды түгендей бастадық. Амандық болса, елге жету – арманымыз».

Міне, осындай жүрек тебірентерлік хаттар өте көп. Ауыл-елдің амандығын сұраған, кейінгі жұртқа алаң болған ақ көңілдің тебіренісі.

 

Қаһарман Қасым ата

1944 жылдың шілде айының басында кеңес армиясы Литва жерін азат ете бастады. Әскери құрамамен бірге партизандар да басқыншы жаумен қиянкескі айқасты. Жау жағы табандап тұрып алмаққа бекініп, қатты қарсылық көрсетті. Литва жерінде күркіреп аққан, өткел бермес өзендер көп-ақ. Өзен аңғарлары жыпырлаған жау бекінісі. Әр бекініс атыс ұяларынан ақ ажалды ақ жауын­дай жаудырып жатты. Ал өзен үстіндегі ағаш көпірлер болса, бірінен соң бірі жанып, істен шықты.

Қызылсая ауылының тумасы ефрейтор Қасым Шайкенов Полоцский моторлы понтон-көпір батальонының құрамында болатын. Ерлікпен шайқасты. Боз далада тағдырдың салған ісіне болаттай берік болуды үйренген қазақ жауынгері епті де ер еді. Сол ерлігі лайықты бағаланып, осы жылдың 26 қыркүйегі күні 43-армия қолбасының бұйрығымен үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен наградталды. Марапаты жал­ғыз ол ғана емес, өр кеудесінде жар­қы­раған «Қызыл Жұлдыз» ордені және көптеген медалі бар. Ердің ерлігін айғақтайтын осы марапаттар Қасым Шайкенұлына не үшін берілді? Енді осы арада Вильнюс қаласының тұрғыны, Литва КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі П.Фроловтың естелігінен дерек келтірелік. Қасым Шайкенұлы қаруластарымен бірге кеңес армиясы құрамаларының Лиелупс, Мемелес, Нямунелис, Миния мен Неман өзендерінің үстінен өтуін қамтамасыз етті. Понтон көпірлермен бірге ағаш көпірлер де салынды. Мұндай қарбалас шақта табиғаттың тынысын жақсы білетін Қасым Шайкенов алды­мен инженерлік барлау жасап, өзен аңғарының қашықтығын, судың терең­дігін зерттейтін. Маңайдағы орманнан жуан-жуан бөренелер дайындап, тақтай тілетін. Екпіндеп келген құрамалардың жаудың әуе шабуылына ұшырамай, іркілмей өтуіне көп септігін тигізді.

Майдан аяқталған соң еңбек майданына араласқан. Ал майдандағы ерлігін Вильнюс қаласындағы №37 орта мектебінің із кезушілері КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивінде сақталған құжаттардан тапқан. Сөйтіп, батыр қазақтың майдан даласындағы ерлігі мәлім болды. Қасым атамыз тұрғызған ондаған көпір соғыстан кейін де халықтың қажетіне жарады. Бұл жа­йында ердің ерлігін әйгілеген литвалық мұғалім П.Фролов жан-жақты деректер мен дәйектерді келтіре отырып, сипаттаған екен.

Енді бірауыз сөз – майданға дейінгі балалық шағы туралы. Майдангер әкесі Шайқыдан екі жасында жетім қалады. Жалғыз емес, тоғыз жасар ағасы Қами бар. Бұлардан басқа – Айтжамал, Сақыпжамал, Қайнижамал есімді үш қыз. Қиын-қыстау кезінде жесір қалған ананың бес баланы бағуы оңай-оспақ шаруа ма? Жетімдіктің запыранын әбден жұтқан. Жастайынан еңбекке араласты. Сөйтіп, қатал тағдыр аяусыз шыңдаған. Қызылсая бастауыш мектебінің алғашқы түлектерінің бірі еді. Ол кезде бұл жердегі мектеп бастауыш қана болатын. 1930 жылы Көкшетау қаласындағы жұмысшылар факультеті деп аталатын оқу орнына келеді. Анасы балаларымен Көкшетау қаласына көшкен. Дайын тұрған пәтер қайда, бауырына басқан балаларын тағдырдың суық желіне тоңдырмау үшін пәтер жалдап күнелткен.

Анасын іздеп жолға шыққан Қасым туған топырақтан 25 шақырымдай жердегі Литовочное селосынан әкесінің ағасы Кәтренді тауып алады. Мән-жайды сұрастырса, анасы Солтүстік Қазақстан облысының Булаев ауда­нына қарасты Қарағанды елді мекенінде екен. Мұндағы тіршілік аштық жайлаған Көкшетау төңірегіне қарағанда біршама тәуір. Қами ағасы жұмыс істеп өз қолдары өз ауыздарына жетіп отыр екен. Қасым да келе сала жұмысқа орналасқан. Таңдайтын дәнеңе жоқ, ауыл шаруашылығының ау-жайы ежелден белгілі. Ақық дән өсіру, шөп шабу, мал бағу тәрізді тау­сылып бітпейтін қарекет. Осы жерде ел қатарлы өмір сүре бастаған. Бәрі оңғарылған тәрізді болып көрінгенімен, ананың ақ жүзін қайғының қара бұлты торлап тұратын. Ол қайғы – бір кезде амалсыздан өз қолымен балалар үйіне тапсырып кеткен үш қызының жайы. Туыстарына хабарлап, тапсырып іздеу салғанымен, бір дерегі шықпады. Осы қайғы жанын жегідей жеген қайран ана екі жылдан соң сырқаттанып, дүниеден өтті. Шын жетімдік енді басталды. Амалдары таусылған Қами ағасы екеуі бірін-бірі жетелеп туған топыраққа қайта оралды. Әйтеуір, дәтке қуаты – әкесінің ағасы Кәтреннің қамқорлығы. Қарап отырған жоқ, механизатор болып еңбек етті. 1938 жылы 21 жасында кеңес армиясына шақырылды. Польша шекарасында тұрған әскери бөлімде қызмет етті. Осы жерде ең алғаш әуелі поляк­тармен, сосын румындармен болған қарулы қақтығыстарда соғыс дегеннің қандай сұрапыл екенін ет жүрегімен түйсінген. 1940 жылы финдермен болған соғысқа қатысты. Әскер қатарынан әне-міне босаймын деп жүрген кезінде Екінші дүниежүзілік соғыс басталды.

«1942 жылғы қыста Қара теңіздің Кавказ жағалауында әскери катермен барлауға шықтық. Күн ересен суық. Катеріміз жағадан біршама алыстаған кезде жау самолеттері шабуыл жасады. Бір кезде катер зулап келіп, дәл үстіне түскен бомбадан тас-талқан болды. Есімді жисам, көк теңіздің үстіндемін, қолтығымда сынған тақтай ма, бір нәрсе бар. Жан-дәрменмен шамам жеткенше малтығанымды білемін. Бір кезде есімнен танып кетіппін. Есімді жинасам, госпитальде жатыр екенмін. Кім жеткізді, қалай жеткізді, түк те білмеймін. Артынан сұрастырсам, кеңес жауынгерлері мені мұзға ілініп тұрған жерімнен тауып алып, госпитальге әкеліпті. Катердегі 45 жауынгерден тірі қалған жалғыз мен ғана екенмін. Алғашқы күні мені өлдіге санап елге қара қағаз салып жіберген екен», дейді екен майдангер замандастарына.

Бұл да – сұм соғыстың азабы. Әлгі азап соғыс біткен соң да жойыла қоймаған. Мәселен, Қасым ағамыз 1946 жылдың қараша айында елге аман-есен оралған. Міне, туған жердің топырағын басып, көкірегі қуанышқа толып, асыға басып келе жатыр. Ал ауыл ішінде көзге ілінетін ешкім жоқ. Апыр-ай, бұлар қайда кеткен деп те ойлап қояды. Өзін майданға аттандырып салған Кәтрен ағасының үйіне жетіп, есікті ашып жіберсе, ел адамдарының бәрі осында отыр екен. Төбеден жай түскендей болыпты. Бәрі аңтарыла қарап қалыпты. Жым-жырт. Жаңа ғана майданнан оралған Қасым да, қаумалаған қалың ел де аңтарулы. Тек төрде отырған Мейрам молда біраз уақыт өткен соң: «Астағыфыралла, мынау Қасым ғой!» деп орнынан атып тұрыпты.

Осы кезде ғана есін жиған жұрттың біреулері жылап, біреулері әлі де сенбей, өң мен түстің арасында жүргендей. Мұншама таңырқаудың себебін Қасым атамыз кейін білген, мына жұрт өзінің жаназасына жиналған екен. Қасымды әлдеқашан өлдіге санапты. Өйткені ағайын-туыстың отыз омыртқасын опырып, қырық қабырғасын қақыратып, қайғы арқалатқан қара қағаз келген. Сөйтіп, жаназаның соңы тойға ұласқан. Майдан кезінде де, одан кейін де адам сенгісіз осындай оқиғалар болып тұрған.

Ақмола облысы,

Зеренді ауданы

Соңғы жаңалықтар

Доллар бағамы арзандады

Қаржы • Бүгін, 18:00