Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Брифингте сөз алған Оқу-ағарту министрінің орынбасары Майра Мелдебекова ең әуелі бұрын да, бүгін де күн тәртібінен түспей тұрған тақырыпқа тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, елімізде кезектегі 2-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту деңгейі 95,9 пайызға жеткен. Бұған жаңа балабақшалардың бой көтеруі, ваучерлік қаржыландыру механизмінің енгізілуі айтарлықтай серпін беріп отыр.
«Кейінгі 5 жылда еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 650-ден 12 мыңға (11 909) жуықтады. 2023 жылдан бері 182 мың жаңа орын ашылды (60,7%). Бұл ұйымдарда 1 миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі білім беру саласында қолжетімділікті, қызмет сапасын және ашықтықты арттыру мақсатында былтырдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарда ваучерлік қаржыландыру қанатқақты жобасы іске қосылды. Бүгінде қанатқақты жобаға 20 қала 16 аудан қосылды. Осы механизм арқылы 5 231 балабақшаға 726 мың ваучер берілді. Нәтижесінде, жыл басынан бері 21 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделіп жаңа ваучерлерді қаржыландыруға мақсатты түрде бағытталды. Бұл қадам кезектілікті 44%-ға қысқартуға, жұмысты ашық жүргізуге мүмкіндік берді. 2023 жылдан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасы балалары балабақшаларда тегін тамақтанады. Биыл мұндай көмекті мектепке дейінгі ұйымдарда 67 200 бала алды», деді вице-министр.
М.Мелдебекова баяндағандай, отандық балабақшаларда 103 мың педагог қызмет етеді (мемлекеттік – 60 мың, жекеменшік – 43 мың). 2019 жылдан бастап осы педагогтердің жалақысы 130 пайызға артқан. Сондай-ақ 41 мыңға жуық педагогке біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақысына 30-50 пайыз аралығында қосымша үстемеақы төленеді. Кейінгі үш жылда жаңа аттестаттау жүйесі бойынша біліктілік санаты бар педагогтер үлесі 43-тен 47 пайызға өсті. Балабақша жанындағы 337 құзыреттілік орталықтарында педагогтердің үздік тәжірбиесі жинақталып, таратылып жатыр. Кейінгі 3 жылда 58 пайыз мектепке дейінгі білім саласының педагогтері білім жетілдіру курстарынан өткен.
«Балаларды ерте жастан дамыту, сапалы тәрбие мен білім беру мақсатында бірқатар бағдарламалар мен жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтар болсақ, мемлекеттік тілді тереңдетіп үйретуге бағытталған «Тілге бойлау» жобасы өткен жылы 5 өңірдегі (Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана қаласы) 135 балабақшада сынақтан өтіп, биылдан бастап жаппай енгізіліп жатыр. Балалары балабақшаға бармайтын ата-аналарға әдістемелік көмек көрсету мақсатында балабақшалар жанынан жұмыс істей бастаған 6 мыңға жуық кеңес беру пунктінде осыған дейін 60 мыңнан астам ата-ана көмек алды. Сондай-ақ ата-аналарға арналған «Беске дейін үлгер» мобильді қосымшасы жасалды. Үй жағдайында баланың жасына сәйкес контент таңдауға арналған ойын-жаттығулар, кеңестері бар қосымшаны 80 мыңға жуық ата-ана жүктеген. Мектепалды даярлықпен қамтылмаған балаларға арнап жыл сайын жазғы кезеңде «Балақайлар мектебі» ұйымдастырылады. Мұндай мектепте жылда шамамен 100 мың бала, оның ішінде ауылдық жердегі 31 700 бала даярлықтан өтеді», деді спикер.
Министрдің орынбасары баспасөз жиынында хабарлағандай, биыл 100 мектепке дейінгі ұйымда «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» қанатқақты жобасы басталды. Балабақша мен бастауыш сынып арасында сабақтастықты нығайту мақсатында мектеп жасына дейінгі баланы дамытудың жеке картасы ұлттық білім беру дерекқоры базасы арқылы 1-сынып мұғалімдеріне берілді. Өңірлерде «Жасыл балабақша» экологиялық жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба тәрбиеленушілердің экологиялық мәдениетінің деңгейін арттыруды, тұрғылықты жері бойынша экологиялық қауіпсіздікті сақтауды көздейді. Өңірлерде балабақшаның үздік педагогикалық тәжірибесін, «Жасыл балабақшалардың» жетістіктерін зерделеу және тарату бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Мектепке дейінгі ұйымдарда «Адал азамат» біртұтас бағдарламасының мақсат-міндеттері күнделікті тәрбиелеу-білім беру үдерісінде жүзеге асырылып жатыр. Мұны біз ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді насихаттау, ұлттық мәдениетке, ойындарға, ауызша халық шығармашылығы шығармаларына, қазақ тілін үйренуге қызығушылықты арттыру; көркем әдебиет шығармаларына қызығушылықты қалыптастыру, туған жерге, елге, табиғатқа деген сүйіспеншілік сезімін тәрбиелеу, экологиялық мәдениет, қамқорлық, экологиялық сауаттылықтың қарапайым дағдылары мен дағдыларын қалыптастыру арқылы балалардың түрлі іс-әрекетінде көрініс тауып отыр», деді М.Мелдебекова.