Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды
Бұл жиын көптен бері қордаланып келе жатқан мәселелерді талқылау алаңы ғана емес, ауыл менеджментінің жаңа моделіне бағытталған институционалдық реформалардың нақты бастамасы болды. Форумда негізінен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру мәселесі көтерілді. Өз сөзінде Президент жол, ауызсу, электр қуаты, интернет, денсаулық сақтау мен білім беру қызметтерін жақсартуды ең басты міндет ретінде алға тартты.
Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келе жатқанын айтқан Мемлекет басшысы өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түскенін атап өтті.
«Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен аса өсіп, 8,3 трлн теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 трлн теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады. Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек», деді Қ.Тоқаев.
Бұл орайда алдағы кезеңде ауылдарға арналған ұлттық инфрақұрылым стандарты заң жүзінде бекітілетіні бұл бағыттағы саясаттың нақты бағдарын айқындайды. Сонымен қатар мәслихаттардың инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау, мониторинг жасау және бақылау жөніндегі өкілеттіктерін күшейту бастамасы бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына және шешімдердің жергілікті қажеттіліктерге толық сәйкестендірілуіне мүмкіндік береді.
Жалпы, жуырда өткен диалог-платформа ауыл әкімдерінің қызметіне деген көзқарасты жүйелі түрде қайта қарау қажеттігін көрсетті. Қазір ауыл әкімі жай ғана жергілікті атқарушы тұлға емес, экономикалық даму мен қоғамдық тұрақтылыққа жауапты жаңа форматтағы «ауыл менеджері» болуға тиіс.
Осыған байланысты алдағы реформалар аясында әкімдер қызметіне арналған KPI жүйесін заңнамалық деңгейде бекіту, көрсеткіштер орындалмаған жағдайда мәслихаттардың әкімдерді қызметтен босату мүмкіндігін кеңейту, ауыл әкімдерін менеджерлік және жобалық басқару дағдыларын меңгерген кәсіби корпус ретінде даярлау мәселелері қарастырылып жатыр. Бұл өзгерістер ауыл деңгейінде жауапкершілікті күшейтіп, басқарудың жаңа сапасын қалыптастырады.
Мемлекет басшысы ауыл экономикасының тірегі шағын фермерлік шаруашылықтар екенін нақты атап өтті. Сол себепті кооперацияны дамыту, өңдеу өнеркәсібін күшейту, логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру стратегиялық міндет болып отыр. Сондықтан заңнамалық деңгейде ауыл кооперативтері туралы жаңа заң қабылдау немесе қолданыстағы нормаларға түбегейлі түзетулерді, ауыл кәсіпкерлеріне бағытталған салықтық жеңілдіктер пакетін, жер пайдалану саласында қоғамдық бақылауды күшейту тетіктерін енгізу сынды негізгі бастамаларды пысықтап алғанымыз абзал.
Сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылықты заңмен күшейту де осы жиынның негізгі бағыттарының бірі ретінде талқыланды. Бұл арқылы ауыл тұрғындарының экономикалық белсенділігін арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуды, жергілікті өндірістің әлеуетін көтеруді және отбасылық шаруашылықты тұрақты табыс көзіне айналдыруды көздейміз.
Дәрігер, мұғалім, ветеринар, агроном сынды мамандардың тапшылығы ауылдар үшін өзекті мәселе болып отырғаны жасырын емес. Бұл түйткілге жүйелі шешім ретінде ауыл жастарына арналған жаңа форматта арнайы бағдарлама әзірлеп, оны заңмен бекіту, мамандарға тұрғын үй, көтерме жәрдемақы, әлеуметтік пакет ұсыну сынды тетіктерді қарастыру қажет. Бұл ауылдың кадрлық әлеуетін күшейтіп, жастардың ауылда тұрақтап қызмет етуіне қолайлы жағдай жасайды.
Президент ауыл тұрғындарының шешім қабылдау үдерісіне тікелей қатысуы қажеттігін де атап өтті. Осы бағытта мәслихаттардың бақылау өкілеттіктерін кеңейту, ауылдық округтерде шағын қоғамдық кеңестер құру және әкімдердің халық алдында жыл сайын міндетті есеп беруін заңдастыру нормалары қарастырылып жатыр. Бұл бастамалар жергілікті демократияны күшейтіп, ауыл тұрғындарының басқару үдерісіне қатысуын арттырады.
Форумнан кейін байқалған тенденцияларға тоқталсақ, қоғамдық талқылаулар мен сараптамалық пікірлерге сүйене отырып, төмендегідей бағыттардың күшейгенін көріп отырмыз. Айталық, өңірлік әкімдіктер мен саяси партиялар Президент тапсырмаларын түсіндіру және орындау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Ауыл шаруашылығы мен АӨК саласындағы жобалардың басымдығы арта бастады. Үздік ауыл әкімдерінің тәжірибесін тарату ісі күшейді. Ауылдық жерлердің инфрақұрылымдық жобалары қайта қарқын алды. Сонымен қатар реформалардың өңірлік ресурстар мен әкімдердің кәсібилігіне қарай әртүрлі нәтижелер беру ықтималдығы байқалады.
Қорыта айтсақ, ауыл әкімдерінің диалог-платформасы ауыл саясатының келесі буын моделін қалыптастыруға мүмкіндік берген тарихи шешім болды. Оның стратегиялық маңызы Президенттің ұзақмерзімді бағытымен толық үйлеседі; мәслихаттарды күшейту арқылы жергілікті басқаруды жаңғыртады; аграрлық экономиканың үлесін арттыруға жол ашады және ауылдан қалаға көшу қарқынын төмендетуге ықпал етеді.
Ауыл әкімдерімен өткен диалог-платформаны еліміздің ауылдық аумақтарын басқаруды жаңғыртудағы жаңа кезеңнің бастауы деуге әбден болады. Ал нақты нәтиже – уақыт еншісінде. Ең маңыздысы, жарияланған міндеттерді нақты жобаларға, қаржылық жоспарларға, орындалатын іс-шараларға айналдыруымыз қажет. Форум осы бағыттағы саяси ерік-жігерді күшейтіп, ауылды дамытуға қолайлы институционалдық орта қалыптастырды.
Амангелді НҰҒМАНОВ,
Сенат депутаты