Фото: istockphoto.com
Министрдің айтуынша, тартылған инвестициялар мен халықаралық келісімдер су қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі болады. Қазіргі таңда министрлік шетелдік серіктестермен 7 ірі келісім мен 30-дан астам меморандумға қол қойған. Бұл құжаттардың ішінде ең маңыздысы – Азия даму банкімен бірлесе жүзеге асырылатын Есіл қарсы реттегішінің құрылысы.
«Қол қойылған меморандумдардың ішінде қытайлық серіктестермен Жамбыл облысында смарт-технологиялар шығаратын зауыт салу бойынша $20 млн ынтымақтастық ниетін, сондай-ақ Азия даму банкімен Есіл қарсы реттегіші құрылысына қаржы бөлу туралы меморандумды ерекше атап өтуге болады. Аталған нысан 873 млн текше метрге дейін тасқын су жинауға мүмкіндік береді, бұл Солтүстік Қазақстан облысындағы елді мекендерді су басу қаупінен сақтайды», деді Нұржан Нұржігітов.
Осылайша, мемлекет миллиардтаған инвестицияны тек инфрақұрылымға емес, табиғи апаттардың алдын алуға бағыттап отыр.
Бұған дейін елімізде 2026 жылы үш облыста жаңа су қоймалары бой көтеретінін хабарлаған едік. Сонымен қатар биыл су саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін артты.