Аталған театрда үшінші рет сахналанып отырған комедияда Г.Қамысбаева басты кейіпкерлерге ғана назар аудармай, Транио, Гремио, Грумио, Гортензио, Люченцио, Бьонделло сияқты өзара тартысқа түсетін кейіпкерлерден әдемі ансамбль түзіп, рөл орындаушылардың тұтастай көркем дүние жасауына мүмкіндік беріпті. Шымылдық ашылмас бұрын Баптиста қыздары хабарлаған «қызық оқиға» театрдың жас актерлерінен құрылған осы ансамбльдің пластикалық қызу қимылдары арқылы дамып отырады. Бірінен-бірі туындайтын барлық әрекет-көріністердің көрерменнің көз алдында өтіп, оқиғалардың алма-кезек ауысуы спектакльдің көркемдік тұтастығын құраған.
Қоюшы суретші Тимур Коесовтың безендіруіндегі көпір маңызды қызмет атқарады. Кейбір көріністердің немесе диалогтердің сол көпірдің асты мен үстінде параллель орындалуы У.Шекспир меңзеген ой-идеяның мәнін аша түскен. Мәселен, Петруччо мен Катаринаның ең алғашқы кездескен сахнасындағы жігіттің үстіндегі, қыздың сол көпірдің астындағы мизансценасынан-ақ режиссер ер-азаматтың отбасындағы орнын байқатады. Сол сияқты әрбір көріністе мұның орны ауысып, көрерменді оқиғаның қай жерде өтіп жатқанынан хабардар етеді.

Веронадан Падуяға бақ іздеп келген Петруччоның ештеңеге қарамастан байдың қызына үйлену жоспарын рөлдегі Нұрбек Сезьхан құбылған мимикасымен, екпінді дауыс-дикциясымен, еркін әрі жеңіл қимыл-қозғалысымен жеткізеді. Актердің түр-тұлғасы, өз-өзіне сенімді жүріс-тұрысы, күннен қорғайтын сәнді көзілдірігі нағыз бай жігіттің болмысын айшықтап-ақ тұр. Оның ән орындаудағы әдемі қоңыр даусы да қаһарманның өзгеше тұлғасын танытқандай. Дегенмен комедиядағы басты қаһарманның түнерері бар да жауары жоқ кейпі басым шықты. Негізінен Петруччоның Катаринаны жуасытуы бұл – метафора, ал жігіттің мақсаты – қызға тұсау салу емес, керісінше әйел адамның өз орнын, өз шындығын табуына ықпал ету ғана. Демек осы тұста билікті өз қолына алған, Катаринамен күресте тек жеңісті көздеген Петруччо – Н.Сезьханға өз мақсатына жету үшін мысқыл көзқарас, әжуә сөз, дауыс үнінің жоғары-төмен құбылуы, тапқыр әрекеттер өте қажет.
Спектакль басталғанда Гүлдана Көшербаеваның ойынындағы Катаринаның дүбірлі музыкамен қатар орындалатын үнсіз жүріс-тұрысы, төңірегіндегі еркек атаулыны қырып-жоярдай екпіндеген сөзсіз қимылы басты кейіпкердің У.Шекспир суреттеген мінезіне сай келіпті. Бірде Гремионы айналдырып, лақтырып жіберсе, келесіде қабырғаға арқасымен жабыса түскен Гортензионы ұрып-соғуында гротескілік сарын бар. Актриса қолданған мұндай әдіс, әрекеттер шығарма жанрын ақтайды. Ол ешкімді де көзіне ілмейтін тәкаппар кейіпкерін сұсты жүзімен, мәнсіз көзқарасымен дөрекі әрі қырсық мінезде көрсетеді. Алайда бұлардың барлығы тек сыртқы бейнелеу тәсілі болғандықтан Катаринаның жанына ешкімді жақындатпайтын асаулығын байқау қиын. Керісінше, нағыз мінез ерекшелігі көрінуге тиіс кейбір көріністерде Катарина – Г.Көшербаеваның ұяңдығы мен көнбіс кейпін байқадық. Режиссер «ғашықтар» арасындағы қақтығысты рөл орындаушылардың биі кезінде берілетін қызыл жарық арқылы жеткізгенімен бұл жерде де Баптистаның үлкен қызының долы мінезінен гөрі лирикалық кейіпкердің кескіні басым түсіп жатты.
Спектакльде қыз бен жігіттің бетпе-бет алғаш жолыққан сәтінде-ақ көрінуге тиісті бірін-бірі селт еткізетін мінездер қақтығысының болмауы, диалогтің қарапайым ғана айтылуы рөл орындаушылардан сөз пластикасына, бірін-бірі арбаған ой пластикасына мән беруді талап етеді. Әсіресе вероналық жігіттің қайратты сөзіне, өткір мінезіне басымдылық берілуі керек-тін. Әрине, Петруччоның оғаш мінезінің, жалпы қаһарманның У.Шекспир суреттеген бейнесінің жарқын әрі эмоциялы түрде көрінуі Катарина рөліндегі актрисаның шеберлігіне тығыз байланысты. Демек Катарина жоқ жерде, Петруччо жоқ. Яғни комедияның идеясына негіз болған басты тартыс тақырыпқа сай осы екеуінің мінездер қақтығысынан туындауға тиіс.
Сол сияқты Баптистаның ерке қызының (Тұрсынгүл Аманғалиева) ойынында бір ғана қимылмен шектеліп қалған. Т.Аманғалиева – Бьянканың өзін қоршаған көп жігітті ғашық ететін қылығы, сүйкімділігі, естен тана ғашық ететіндей әрекет-қимылы бастан-аяқ қайталанатын мимика мен иығын қиқаңдататын қиқарлығының көлеңкесінде қалып қойған.

Жалпы, актерлік ансамбльде сөз бен сол сөзден туындап жатқан түрлі қимыл-қозғалысты қисынды байланыстырған Асқар Жангельдиев (Гортензио), Ержан Есенов (Грумио), Азамат Орынбаевтар (Бьонделло) кейіпкер жасаудағы шынайы ойындарымен шығармашылық ізденістерін байқатты. «Спектакль ішіндегі спектакльдің» қызықты оқиғалары орындаушылардың жастық жалыны мен бірін-бірі толықтырып отыратын қимылдары арқылы өрбіп отырады.
Негізінен режиссердің прологтегі Слай сахнасын алып тастауы – әлемдік театрларда бар үрдіс. Ал бұл жердегі пьесаның құрылымын өзінің тұжырымына қарай ықшамдаған Г.Қамысбаеваның Слаймен тәжікелесетін трактирші әйелді қойылымға қосуы ұтымды ойластырылған. Дене пішіні үрленген шардай тым семіз, еркек атаулыны соңына ерткен бұл әйелді Дарина Марат екі қолына сыра құйылған үлкен ағаш шыныаяқтарды (кружкалар) көтеріп, теңселген жүрісімен карикатуралық кейіпкерге айналдырған. Бұдан дәл қазіргі сұлулықты қолдан жасап, денелері мен бет-еріндерін пластикалық отамен әрлеуге әуес қыздар мен әйелдердің мысқылды бейнесін көрдік. Д.Марат сахнада көп көрінбесе де осындай әжуа-сықақпен боялған кейіпкерімен есте қалды.
Петруччоның үйіндегі Катаринаны жуасыту үшін жасалған әрекеттер де нанымды. Әсіресе христиандық салт бойынша ас ішердің алдында дұға оқу, тіпті мұның уақытының ұзақтығы дәл осы жерге қисынды үйлескен. Жігіттің өз мінезін Баптистаның үлкен қызынан асыру үшін қасақана жасаған әрекеті бұл. Сол сияқты қызметшілердің Петруччо мен асау қыздың алдында иіліп-бүгіліп орындайтын қимылдары еріксіз күлкі тудырады. Барлық сөзсіз қимылдары, ым-ишараттары олардың қожайынынан сескенетінін, бағыныштылығын байқатады. Дәл осы көріністі бүгінгі жаппай белең алған жағымпаздықты көрсетуге сұранып тұрған сахна дер едік. Яғни Петруччо мен оның қызметшілерінің қарым-қатынасы арқылы қоғамдағы теріс қылықтарды осындай комедиялық, сатиралық бояуда көрсетудің маңызы зор.
Г.Қамысбаева Бьянкаға таласқан Гремио мен Люченционың байлығын ескі шамадандар арқылы көрсетеді. Қазақ театрларында бірінен-біріне көшіп жүретін бұл детальдың комедияда да, трагедияда да қолданылатынын білеміз. Әрине, оқиғаға қиысып, өзінің функциясын қисынды атқарып тұрса, келісуге болады. Бірақ У.Шекспирдің дәл осы комедиясы актерлік жарқын ойындарға, сахнаны мейлінше жарқырата безендіруге, өткен мен бүгінді байланыстыратын бейнелеу құралдарын кеңінен қолдануға, сол арқылы әсерлі атмосфера мен өзгеше эмоция тудыруға сұранып тұрған шығарма болып табылады. Сол себепті де осы бақталас екеудің байлығын бүгінгі тойшыл қазақтың бәсекеге айналған бағалы заттарымен (құндыз тондар, доллар, алтын, т.б.) жарқырата паш ету керек еді деген ойымыз бар. Яғни драматург, режиссер немесе актер болсын, өзінің қолға алған көркем дүниесі (пьесасы, рөлі, сахналық шешімдері) арқылы көпшілікке өз заманының мәселесін жеткізуге тиісті.
Жалпы, У.Шекспир комедиясы сюжеттік құрылымы мен идеясы жағынан ер-азаматты ерекше қадірлейтін қазақ халқының мінезі мен менталитетіне өте жақын. Петруччоның асқақ, өр тұлғасы, шығарма соңында өз орнын тапқан Катаринаның өзге әйелдерге айтатын ақылы адам бойындағы махаббат пен сүйіспеншілікті, отбасындағы құндылықтарды насихаттайды. Демек мұндай көркем дүниелерге уақыт өткен сайын назар аударып отырудың маңыздылығын атыраулық театр ұжымы көрсетіп берді. Комедия жанры арқылы әйелдің қоғамдағы һәм отбасындағы орнын көрсетіп берген ағылшын драматургі меңзейтін ой дәл қазіргі уақытта өте өзекті. Сол тұрғыдан алғанда Махамбет атындағы Қазақ драма театры ұжымының шығармашылық ізденісі айқын дейміз.
Зухра ИСЛАМБАЕВА,
театртанушы, өнертану кандидаты