Мәдениет • Бүгін, 09:50

Өнерге жаңалық енгізген дара тұлға

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шәмшінің бұлқынған жүрегі тұнған музыка. Оның қайталанбас әндері халық әуендерімен үндесіп, жұртшылықты баурап алатын қабілетке ие. Ел Президенті айтқандай: «Шәмші – ұлт руханиятында ерекше орны бар аса көрнекті тұлға. Оның әндері ешқашан да құндылығын жоймайды».

Өнерге жаңалық енгізген дара тұлға

Бүкіл исі қазақ жұртына Шәмші Қалдаяқов деген атпен мәшһүр болып, халқына әннен әсем мүсін құйған тамаша талант иесі өте бауырмал болған. Оны біз қарындасы Райхан Қалдаяқованың мына бір естелігінен байқадық: «Аға өте бауырмал және жаны нәзік болатын. Бізді ерекше ілтипатпен еркелететін. Өмірінің кейінгі жыл­дарында маған көп келуші еді. Жолдасым ерте қайтқан соң балаларыма қарайласқан да осы ағам еді. Мен ағамды Оты­рар ауданының дүбірлі тойы бо­лар­дың алдын көрдім. Ол 1992 жыл еді. Ағам көзі тірісінде «мына бір әнімді радио, ал мына әнім­ді телеарна шығармай отыр» деп қа­паланатын. Сонда анам: «Балам, қамықпа, сенің әніңді әлі тұтас ха­лық құлшына тыңдайтын болады» дейтін. Қазір анамның айтқа­ны орындалды. Шүкір, шүкір!».

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Шәмші мұрасы жандана түсті. 1991 жылы «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы берілсе, 2006 жылы «Менің Қазақ­станым» шығармасы Әнұранға айналды, ал 2010 жылы Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты атанды. 2022 жылы қазақ халқының музы­ка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композитор Шәмші Қалдаяқовқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік бел­гісі – Алтын Жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылды.

Ш.Қалдаяқовтың шығарма­шы­лығын кеңінен насихаттау мақ­сатында байқаулар мен фестивальдар ұйымдастырыла бастады. Дара дарын иесі Шәмшінің туған жері Шәуілдірге, облыс орталығы Шым­кентке ескерткіштері қойы­лып, мұражайларын ашу мем­лекеттік дәрежеде қолға алынды. Шырайлы Шымқалада Ш.Қал­даяқов атындағы саябақ ашылып, кезінде оның өзі жұмыс істеген филармонияға, Алматы, Астана, Шымкент секілді үлкен шаһарлардағы көшелерге есімі берілді. Туған ауылы – бұрынғы «Темір» кеңшары «Шәмші ауы­лы» деп аталды. Ал Ақтөбе об­лы­­сының Қарғалы ауданында Ш.Қал­даяқов атындағы ауыл бар.

1992 жылы композитор өмір­ден өткеннен кейін Ш.Қалдаяқов атындағы алғашқы фестиваль өтті. Оның жеңімпазы бүгінде Ш.Қалдаяқов атындағы филар­мо­ния мақтанышы, Қазақстанның Еңбек сіңір­ген әртісі, «Құрмет» ордені­нің иегері Құрманбай Шойынбаев болды.

Саз атаулының ішіндегі Шәм­ші әуендерінің орны бөлек. Алпыс екі тамырыңды қуалай ағып, тұла бойыңды шымырлатады, елітіп, бір сәт бақытқа кенелтіп, жан рахатына бөлейді. Ән падишасы атануы да, сондықтан шығар. Ән еркесінің, ерекше рух беретін бір ғана «Менің Қазақстаным» әні бүтін бір ұлттың айнасы. Тарихи деректерге жүгінсек, «Менің Қазақстаным» әнінің алғашқы нұсқасы 1956 жылы жарық көрген. Алдағы жылы әннің жазылғанына 70 жыл толады. Ән дүниеге келгенде Шәмші 25 жаста, ал сөзін жазған Жұмекен Нәжімеденов 21 жаста болған. Алғаш рет Шәм­шінің шығармашылық жолына оң серпіліс енгізген Жамал Омарованың орындауында халық арасына лезде тараған.

Мемлекеттік Әнұранның авторы, көрнекті композитор­дың есімімен аталатын Түркіс­тан облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясының Шәмші мұра­сын насихаттаудағы орны бөлек. Биыл филармонияға 62 жыл толып отыр. Ал мекемеге Шәмші Қал­даяқов есімі 1996 жылы беріл­ді. Міне, сол кезеңнен бері Шәмші мұрасы кеңінен насихатталып келеді. Филармо­нияның 60 жылдық мерейтойы қарсаңында «Шәмші Қалдая­қов» мерекелік медалі жасалып, әдебиет пен өнер саласында Шәмшінің мұрасын дә­ріп­теуде деңгейі жоғары жұ­мыс атқарғаны үшін бірқатар май­тал­манға тарту етілді. Сон­­­дай-ақ ән-падишасының «Ерлер­дің – Отаны», «Жанерке», «Тал­ды­қ­орған – әнім менің» сынды жа­рияланбаған әндері мекеме ық­палымен жарыққа шықты.

Биыл ән падишасының туға­ны­на – 95 жыл. Осыған орай, фи­лармония ұжы­мы 23 жылдық тарихы бар «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар ор­кестрінің сүйемелдеуімен жан­ды дауыс­та «Ән аға – жан аға» атты кон­церттік жобасын әзір­леп, Шым­кент, Түркістан, Алма­ты, Қы­зыл­орда қаласының тұрғын­дары­ның ыстық ықыласына бөленді.

Шәмшінің өмірі мен шығар­ма­шылығы және филармо­ния­­ның құрылуы мен қалыпта­суы, жүріп өткен сара жолы баян­далған «Өнері өрге шалқыған орда» атты жинақ жа­рық көрді. Со­нымен қатар қара­ша айы­ның 24-28 күндері ұлы композитор­дың шығарма­шы­лығын насихаттау апталы­ғы өтті. Апталықтың алғашқы күні ән еркесі мәңгілік мекеніне аттанған Кеңсай мазарына барып, Құран бағыштаумен бас­талды. Шәмшінің қолданған бұйымдары, құрал-саймандары сақтаулы тұрған Түркістан облысы Отырар ауданы Шәмші ауылында орналасқан мұражайдағы жәдігерлермен танысу үшін Түркістан қаласындағы Ақжайық музыка мектебінің өнерлі шә­кірт­терімен экскурсия ұйым­дастырылды.

Шәмші көзі тірісінде, «Хал­қым барда, менің әндерім тың­даушысыз қалмақ емес», деген екен. Апталық шеңберінде Шәмші мұрасын халық арасын­да кеңінен дәріптеп жүр­ген рес­публикаға танымал тұлғалар­мен композиторды еске алуға арнал­ған дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысқан Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, шәм­шітанушы Қалдыбек Құрманәлі, Мәдениет қайраткері, әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева, Мәдениет қайрат­кері Тәліп Әлжанов, Мәдениет қайраткері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, өнертану ғылымының доценті, профессор, әнші-композитор Сауранбек Еркінбекұлы, «Шәмші» деректі фильмінің режиссері Мүсілім­ұлы сынды зиялы қауым өкілдері Шәмшінің 100 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлануы­на ықпал ету мақсатында жұмыс­тардың алғышарттарын ортаға салды.

Бізде ұлылардан қалған ұлағат көп. Ғабит Мүсірепов: «Әдебиет мен өнер ұлы болмаған жерде ұлт та ұлы бола алмайды», дейді. Өнер ұғымының өркендеуіне үлес қосқан Шәмшідей тұлғаларды саф күйінде келешек ұрпаққа аманаттау баршамызға ортақ парыз. Бұл бағытта 60 жылдан астам тарихы бар Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармо­ниясы алдағы уақытта да өркен­деп, адамилыққа үндейтін ұлттық музыканы асқақтатып композитор мұрасын жаңғырта берері анық.

 

Ғалымжан ЕРНАЗАРОВ,

Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармония директоры 

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00