Спорт • Бүгін, 09:35

Футбол индустриясын дамыту – уақыт талабы

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайдағы отырысында, сондай-ақ халыққа Жолдауында еліміздегі футбол клубтарын жекенің иелігіне беруді мәселе етіп көтеріп, бұқаралық спорт саласын жан-жақты дамытуды тапсырды. Ел біріншілігінде тартысқа түсетін футбол клубтарының көпшілігі бұған дейін мемлекет қазынасына арқа сүйеп келді. Дамыған елдерде футбол клубтары – мемлекеттің ырысын молайтып, кірісін арттыратын сала.

Футбол индустриясын дамыту – уақыт талабы

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Біздің футбол клубтары да еуро­кубоктық додалардың іріктеу кезеңі­не қатысып, бірді-екілісі Чем­пиондар лигасының топтық кезеңін­де бақ сынап, қомақты қаржы тапты да. Алматының «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чем­пиондар лигасының жалпы кезеңін­де тартысқа түсіп, әр матчтан қор­жынына қыруар қаржы құйы­лып та жатыр. Футбол индус­триясын өркендетіп, игілігіне кене­ліп отырған әзірге еліміздегі бір­ден-бір ұжым – «Қайрат». Өзге өңір­лердің командалары да даму­дың осы жолына түсудің қамын әлдеқашан ойластыруы қажет еді.

Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы: «Клубтар облыстық бюджеттерге ғана арқа сүйемей, шетелдердегі секілді өздері де табыс табуды үйренуі керек. Сондықтан мен кәсіпкерлерді клубтық футболға бизнес ретінде қарауға шақырамын. Футбол клубтары жекеменшікке өтпей, іс алға баспайды. Бұл – әлемдік тәжірибе. Клубтар жекеменшік болса, шетел спортшыларын шақыру құқығына ие болады», деп атап өтті.

Сондай-ақ биылғы Жолдауында да Прези­дент спортқа әрдайым баса көңіл бөлетінін айтты. «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға баса мән беремін. Аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатыр. Үйірмелер балаларға қолжетімді бола бастады. Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға, егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатыр. Мен бұған дейін шетелден келген спортшыларға бюджеттен қаржы бөлуді шектеу туралы тапсырма бердім. Депутаттар бұл бастаманы қолдап, арнайы заң қабылдады. Бұл – өз спортшыларымызды қолдауға арналған маңызды қадам. Бірақ мұнымен шектеліп қалуға болмайды, алға қарай жүруіміз керек. Футбол клубтарын жекешелендіруге қатысты жұмысты тездету керек. Қазір еліміздің төрт футбол клубына белгілі кәсіпкерлеріміз ие болды, яғни клубтар жекеменшікке өтіп жатыр. Сол үшін оларға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен футболды коммерцияландыру ісін жалғастыра беру керек. Мұндай қадамсыз елімізде футбол дамымайтынын әлемдік тәжірибеден көріп отырмыз. Қазіргі заманда кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін бизнес-индустрия ретінде қарастырған жөн», деді Мемлекет басшысы. Тиісті орындарға футбол клубтарын жекешелендіру шаруасын жеделдетуді, кәсіби спортты қомақты табыс әкелетін салаға айналдыруды жүктеді.

Еліміздегі бірқатар футбол клубтары бүгінде жеке иелікке өтті. Игі бас­тама әлі де жалғасын табады. Жақында Қарағандының «Шахтёр» футбол клубын «Freedom Holding Corp.» тобына ие кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды. Сауда аукцион арқылы өтіп, Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту, футболды коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру аясында жүзеге асты. Енді «Шахтёр» футбол клубының дамуы мен трансформациясының жаңа кезеңі басталады. Қарағанды облысының әкімдігі мен танымал кәсіпкер Тимур Турлов өңірде жаңа футбол экожүйесін құру жұмысын бастады. Бұл мақсатқа жалпы 18,5 млрд теңге бөлініп отыр. Қаржының 12 млрд теңгесі жаңадан бой көтеретін футбол академиясын салуға, 6,5 млрд теңгесі балалар-жасөспірімдер мен бұқаралық футболды да­мытуға бағытталмақшы. Қарағанды облысы футбол қауымдастығының (QOFA) президенті Тимур Турловтың қолдауымен бұған дейін де бірқатар ірі жобаларды жүзеге асырды. Олардың ішінде мектеп оқушыларын қамтыған «Alga!» жобасы да бар. Игі бастама 2029 жылға дейін 40 мыңнан астам мектеп оқушысы мен 3 600 студентті қамтиды, футбол бастамалары 100-ден астам оқу орнында жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, балалар мен жасөспірімдердің ресми лигасы «Freedom BFL» бар.

Заманауи үлгіде салынатын «Шахтёр» футбол академиясы Қарағанды облысындағы бұқаралық, сондай-ақ кәсіби футболды дамытуға серпін бермек. Орталықта балалар-жасөспірімдер футболы, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бастамалар жүзеге асырылады. 10 га аумаққа салынатын футбол академиясында жыл бойы дайындық жасауға арналған жабық манеж, толық өлшемді жаттығу алаңы, екі қабатты әкімшілік-бөлме кешені, медициналық орталық, бассейн, сау­на, асхана мен тәрбиеленушілерге арналған жатақхана болады. Құрылыс-монтаж жұмыс­тары жоспарға сәйкес 2027 жылы аяқталуға тиіс. Өңірде футболды өркендету мақсатында кадр даярлау ісіне де айрықша мән беріледі. Жаттықтырушылардың халық­аралық тағы­лымдамалар мен UEFA лицензияларын алу мүмкіндігін қамтитын біліктілікті арттыру бағдарламалары енгізіледі.

Елордалық «Жеңіс» футбол клубын белгілі кәсіпкер Михаил Ломтадзе сатып алды. Ол Астанада әлемдік деңгейдегі балалар академиясын салуға инвестиция тартып, қаржы бөлетінін мәлімдеді. Мемлекет басшысының елімізде футболды дамыту стратегиясы аясында кәсіпкер әлемдік деңгейдегі футбол академиясын салу жоспары туралы айтқан-тын. «Жеңіс» клубының жаңа иесі енді академияны клубтың базасында салатынын жеткізді. Жаңа кешен іске қосылғанда дарынды жеткіншек футболшылар әзірлік өткеріп, білікті бапкерлерден тәлім алады.

«Менің арманым – Қазақстан мен Англияда ең талантты жас футболшылар, болашақ жұлдыздар тәрбиеленетін әлемдік деңгейдегі кәсіби балалар футбол академиясын құру. Оқыту тегін жүзеге асырылады. Жас спортшылар еліміздің, сондай-ақ футболдың отаны Англияның жетекші мамандарынан тәлім алады. Футбол – жанкүйері мол, көпшілікті қамтитын спорт түрі. Заманауи технологиялардың көмегімен отандық футболды жаңа деңгейге көтеріп, жаһанның үздігі атанатын дарындарды баптай аламыз деп сенемін, – деді М.Ломтадзе.

Спорт инфрақұрылымын дамытып, индустрияға баса көңіл бөлудің игілігі мол. Еліміздегі өзге футбол клубтары да келешекте жеке инвестордың иелігіне өтіп, өрісін кеңейтуді ойластырғаны абзал.

Соңғы жаңалықтар

Асауға тұсау салынды ма?

Өнер • Бүгін, 10:00