Білім • 20 Желтоқсан, 2025

Бірегей оқу ордасының серпінді дамуы

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Nazarbayev University үшін білім ордасының 15 жылдық тарихын­дағы аса маңызды кезең болды. Оқу ордасы әлемдік деңгейде институционал­дық аккредиттеуден өтіп, ғылыми өнімділігін арттыра түсті. Сондай-ақ жаңа білім бағдарламаларын іске қосып, бірегей зерттеу орталықтарын ашты. Бұл жетістіктер NU-дың Орталық Азиядағы басты академиялық және инновациялық торап ретіндегі орнын одан әрі нығайтты.

Бірегей оқу ордасының серпінді дамуы

Әлемдік рейтингіде бәсі жоғары

NU биыл білім сапасын баға­лау саласындағы жетекші әлемдік ор­ган­дардың бірі – британдық «Quality Assurance Agency for Higher Education» агенттігінің институционалдық аккредитациясын алды. NU профессоры Вакар Ахмадтың айтуынша, аккредитация университеттің жаһандық ака­демиялық стандарттарға сай болуын бекітіп, оның халықаралық беделін жақсартып, дипломдардың құндылығын арттырады.

NU осы жылдың ішінде рейтингіде 100 позицияға жоғарылап, жаһан­дық академиялық ортадағы орнын айтарлықтай бекітті. Биыл универси­тет «Times Higher Education» жаһан­дық беделді рейтингінде 401–500 ара­лығындағы орынға тұрақтады. Бұл – елі­міздегі ЖОО-лар арасындағы ең жоға­ры көрсеткіш. Сонымен қатар NU көшбасшылығын дәлелдеп, Орталық Азия, Кавказ елдері арасында нөмірі бірінші ЖОО болса, ТМД елдерінің арасында 4-орынға көтерілді. Университет басшылығы 2030 жылға қарай әлем университеттерінің арасында үздік 300 университеттің қатарына кіруді мақсат етіп отыр.

Университеттің тағы үлкен жетістігі – халықаралық «Global Ranking of Academic Subjects» пәндік рейтингіне енуі. Бұл рейтингіні жасайтын «Shanghai Ranking» университеттердің жекелеген пәндер бойынша білім сапасы мен ғылыми нәтижелілігін бағалайтын ең беделді әрі қатаң халықаралық рейтингілердің бірі саналады. 2025 жылғы нәтиже бо­йынша Nazarbayev University Орталық Азиядан осы рейтингке енген жалғыз жоғары оқу орны болып танылып, инженерия, білім бағыты бойынша жоғары баға алды. «Shanghai Ranking» пәндік рейтингілері әлемнің шамамен екі мыңға жуық университетін қамтып, бағалау барысында ғылыми зерттеулердің сапасы мен ықпалын басты өлшем ретінде алады. Атап айтқанда, университетте Нобель сыйлығы лауреаттарының болуы, «Nature» және «Science» секілді беделді ғылыми журналдардағы жария­ла­нымдар саны мен сапасы, халық­аралық басылымдардағы ғылыми өнім­ді­лік пен дәйексөздердің келтірілуі, профессор-оқытушылық құрамның деңгейі және халықаралық зерттеу әріптестіктерінің белсенділігі сияқты негізгі көрсеткіштер ескеріледі. Бұл нәтиже Nazarbayev University-дің жекелеген пәндер бойынша әлемдік академиялық кеңістікте өз орнын нықтай түскенін көрсетеді.

 

Ғылыми жарияланымдар

Биыл NU «Scopus» дерекқорында тіркелген ғылыми жарияланымдар саны бойынша 11 мың мақаладан асып түсті. Бұл көрсеткіш еліміздегі барлық университет пен ғылыми институт жариялаған ғылыми жұмыстардың шамамен 16 пайызын құрайды. Жария­ланымдардың сапалық деңгейі де жоғары: мақалалардың 57,3 пайызы Q1 санатындағы, яғни ең беделді ғылыми журналдарда жарық көрген, ал 28,1 па­йызы әлемдік рейтингілердің ең жоғарғы бөлігіндегі басылымдарға жариялан­ған. NU зерттеушілерінің еңбектері халықаралық ғылыми ортада кеңінен қолданылады, олардың мақалаларына жасалатын дәйексөздер саны әлемдік орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Сонымен қатар Стэнфорд университеті жасайтын ең көп дәйексөз келтірілетін әлем ғалымдарының жаһандық тізіміне NU-дың 42 зерттеушісі енген. Қазіргі таңда университеттің профессор-оқытушылық құрамының 38 пайызын отандық ғалымдар құрайды. Осы арқылы NU шетелде еңбек етіп жүрген білікті отандық ғалымдарды елге тарту және ғылыми әлеуетті елімізде шоғырландыру бағытындағы стратегиялық жұмысын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

 

Инфрақұрылым әлеуеті

Биыл NU бұрын қолданылған жүйелерден 40 есе қуатты жаңа буын «Irgetas» суперкомпьютерін іске қосты. Бұл жоғары дәлдіктегі есептеу­лер жүр­гізуге, күрделі үдерістерді модельдеуге, ауқымды деректерді талдауға, заманауи жасанды интеллект модельдерімен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар университет ғалымдары алғашқы «Designed in Kazakhstan» микрочипін әзірлеп шығарды. Жоба Қытай ғылым академиясы университетімен әріптес­тік аясында жүзеге асып, отандық микро­электрониканың дамуында маңыз­ды жобаға айналды. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыра отырып, Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты бұған дейін жасалған «KazLLM» ірі тілдік моделінің негізінде оның функционалдық мүмкіндігі мен нақты қолдану аясын кеңейткен жаңа ЖИ өнімдерді әзірлеуді жалғастырып келеді.

Сонымен бірге халықаралық био­қауіпсіздік стандарттарына сай құ­рылған биомедициналық зерттеу орта­лығы іске қосылып, қазіргі таңда «AAALAC International» халықаралық аккредиттеуінен өтуге дайындалып жатыр. Бұл орталық жаңа дәрілік препараттарды әзірлеу мен отандық фармацевтика өндірісін дамытуда маңызды рөл атқарады. Бұдан бөлек, NU Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп жаңа энергетика технологиялары мен материалдар институтын құру бастамасын көтерді. Жаңа құрылым атом және сутегі энергетикасы, энергия сақтау жүйелері мен энергетикалық жүйелерді цифр­ландыру салаларындағы зерттеулерді үйлестіріп, «ITER» мен «EuroFusion» секілді ядролық синтезге арналған халықаралық жобаларға қатыспақ.

NU халықаралық ғылыми диплома­тияның маңызды алаңы ретінде де танылып келеді. Биыл университет алғаш рет жасанды интеллекті мен меди­цинадағы роботтехника (AIR) бойынша халықаралық конференция өткізді, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында наноматериалдар мен энергия сақтау жүйелері (INESS) жөніндегі конференция ұйымдастырды және Орталық Азияда тұңғыш рет математика саласындағы ең беделді форумдардың бірі саналатын «ISAAC» халықаралық математика конгресін қабылдады.

 

Халықаралық әріптестік

Университет «SOAS University of London», «University of Leeds» және «Hong Kong University of Science and Technology» (Guangzhou) сияқты беделді жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойды. Соның ішінде Ұлыбританиядағы «SOAS» университетімен бірлесіп, жаһандық қарым-қатынастар мен еуразиялық зерттеулер бағытында жаңа магистратура бағдарламасы іске қосылды. Бағ­дарлама аясында студенттер бірінші семестрді Лондонда, екінші семестрді Астанада оқып, халықаралық ұйымдарда тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар Nazarbayev University-нің Бизнестің жоғары мектебі Гонконгтағы «HKUST» университетімен бірлесіп Азиядағы алғашқы еуразиялық бизнеске арнал­ған бакалавриат бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама өңірлік және халықаралық бизнесті терең білетін жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.

 

Сапалы білім – сапалы маман

Университеттің танымалдылығы жыл сайын артып келеді. Биылғы оқу жылында Nazarbayev University-не 10 мыңнан астам талапкерден өтінім түсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 34 пайызға көп. Университет түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Олардың 98 пайызы елімізде және шетелде тұрақты жұмысқа орналасқан. Мәселен, жасанды интеллект саласында әлемдік деңгейде танылып келе жатқан тұңғыш отандық стартап «Higgsfield» командасының 90 пайызы – NU түлектері. Бұл отандық мамандардың жаһандық ЖИ нарығында бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Түлектердің бір бөлігі білімін шетелде магистратура мен докторантурада жалғастырса, мансап жолын таңдағандары «Google», «Amazon», «Apple», «Meta» сияқты ірі технологиялық компанияларда, сондай-ақ «Goldman Sachs» пен «J.P. Morgan» секілді жетекші қаржы институттарында еңбек етіп жүр.

Сонымен бірге түлектердің басым бөлігі елде қалып, ұлттық экономика­ның дамуына да өз үлесін қосып жүр. Уни­верситеттің 15 жылдық тарихында елімізде де, шетелде де сұранысқа ие 12 мың жоғары білікті маман даярланды. Қазіргі таңда Nazarbayev University елдің академиялық дамуының көшбасшысы, халықаралық әріптестіктің маңызды алаңы және инновациялардың бастамашысы ретінде қалыптасты. Университет президенті, профессор Вакар Ахмадтың айтуынша, университеттің негізгі мақсаты – өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті жоғары білім жүйесін қалыптастырып, Еуразияның жетекші университетіне айналу.

 

Мира АБЛАЕВА 

Соңғы жаңалықтар