Аймақтар • Бүгін, 15:22

Алдағы үш жылда Қызылорда облысындағы 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірдегі 51 мектепті күрделі жөндеуден өткізіп, 9 мектепті қайта жаңғыртуға облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп жазады Egemen.kz.

Алдағы үш жылда Қызылорда облысындағы 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Фото: azattyq-ruhy.kz

«Білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 миллиард 245 миллион теңге, биыл 346 миллиард 800 миллион теңге бөлінді. Өткен жылы 13 білім беру ұйымы жаңадан ашылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54 миллиард 391 миллион теңгеге 10 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді», деді Н.Нәлібаев.

2023 жылдан бері Қызылорда облысындағы 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат бой көтерген. Бұл арқылы аймақтағы үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапқан. Сондай-ақ «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» есебінен физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынған. Аталған қордың демеушілігімен Арал ауданы Мергенсай ауылында жақын күндері 150 орындық мектеп пайдалануға беріледі. 

Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық жағдайдағы мектептің мәселесі де кәсіпкер демеушілігімен шешімін тапқан. Соңғы үш жылда 15 мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген.

«Қазгермұнай» компаниясының демеушілігімен Қызылорда қаласында 350 орындық Оқушылар сарайы, облыстық бюджет қаржысына Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарынан 200 орындық Оқушылар үйі мен 50 орындық Өнер мектебі, балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы, «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты салынды. Биыл «Қазақстан халқына» қоры арқылы 500 миллион теңгеге 2 мектеп ауылдық жерлердегі ресурстық орталықтар ретінде интерактивті және заманауи оқу кабинеттерімен қайта жабдықталды. Бүгінде аталған қордың 2,5 миллиард теңге қаржысына облыстағы – 58, оның ішінде 8 шағын жинақты мектептің физика, химия, биология пәндік кабинеттері құрал-жабдықтармен қамтылды», деді Қызылорда облысының әкімі. 

Өңір оқушылары Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша да екінші жыл қатарынан үздік болып отыр. ҰБТ-ға қатысқан 9 352 оқушының орташа балы 75,7 болған. Талапкерлер жоғары оқу орындарына бөлінген мемлекеттік грантты жеңіп алу бойынша да республикада бірінші орынға шыққан.

«Жақында өткен ауыл мектептері оқушыларына арналған республикалық пәндік олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысының командасы қоғамдық-гуманитарлық бағытта 2-ші орын, жаратылыстану-математикалық бағытта 3-ші орынды иеленді. Боливияның Сукре қаласында өткен 36-халықаралық олимпиадада (International Olympiad in informatics-IOI) Қазақстан құрама командасы атынан сайысқа түскен Қызылорда қаласындағы С.Шаухаманов атындағы №9 Білім-инновация лицей-интернатының 11-ші сынып оқушысы Мамадахунов Мансұр күміс медаль алды. WORLDSKILLSKAZAKHSTAN X республикалық чемпионатында қызылордалық жастар 1 күміс, 5 қола медаль және 5 үздік маман медальонына ие болды», делінген Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Облыс ұстаздары да түрлі республикалық, халықаралық білім бәйгесінде топ жарып жүр. 

Соңғы жаңалықтар