Фото: Жоғары сот
2021 жылы туған Е.-нің ата-анасы бала тісінің ауырсынуына байланысты жеке стоматологиялық клиникаға жүгінген.Тексеру барысында 11 тістің зақымданғаны анықталған. Жалпы наркозбен емдеуге дайындық кезінде ем алушыға тексерулер (жалпы қан талдауы, коагулограмма, жүректің УДЗ) тағайындалған.
Қабыну процестерінің және теріс зертханалық көрсеткіштердің болуына қарамастан, Ж. жалпы седация жағдайында ұзақ уақытқа созылған стоматологиялық ем жүргізген. Ем барысында севофлуран маскалық режимде 4,5 сағат бойы қолданылған. Ал емдеуді стоматолог А. жүргізген.
«Анестезиологиялық қамтамасыз ету кезінде сәйкес келмейтін тыныс алу контуры қолданылып, өкпені жасанды желдету аппаратымен синхрондау болмаған. Бұл өкпенің минуттық вентиляциясының төмендеуіне, жедел гипоксияға, мидың ісінуіне соқтырып, салдарынан ем алушы көз жұмған. Сотталушының кінәсі жәбірленушілер мен куәлердің айғақтары, сот-медициналық сараптамалардың қорытындылары, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен дәлелденді», делінген Астана қалалық соты таратқан хабарламада.
Прокурор сотталушыны 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыруды тағайындауды, алайда Амнистия актісін қолдану арқылы негізгі жазаны өтеуден босатуды сұрады. Ал айыпталушы кінәсін мойындамаған.
Жаза тағайындау кезінде сот сотталушының 2 кәмелетке толмаған баласының барын, жұмыс орнынан берілген оң мінездемені, бұрын сотты болмағанын жеңілдететін мән-жайлар ретінде ескерді.
«Жасалған қылмыстың қоғамдық қауіптілік сипаты мен дәрежесін, жеңілдететін мән-жайлардың болуын және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын, сондай-ақ жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ж.-ға 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын, сондай-ақ 3 жыл мерзімге медициналық көмек көрсету немесе медициналық қызмет көрсетуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады», делінген Астана қалалық соты таратқан хабарламада.
Десе де амнистия актісін қолдану негізінде Ж. тағайындалған негізгі жазаны өтеуден босатылды.
Іс бойынша жәбірленуші тарап азаматтық талап қоймаған.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.