Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында журналистер әкімнен WhatsApp мессенджеріндегі хат алмасу скриншоттары туралы сұрады. Онда хабарлама авторлары педагогтардан Қызылорда облысының әкімі жайлы жазбаларға 30 лайк қойып, сонша пікір жазу талап етілгенін алға тартқан.
Нұрлыбек Нәлібаев мұндай тапсырмалардың болғанын жоққа шығарды.
– Ондай тапсырма болған жоқ. Егер нақты дәлелдер болса, жолдаңыздар, мен жауап беремін. Қажет болған жағдайда бұл деректі тексеру үшін құқық қорғау органдарына жүгінеміз. Бұл ақпараттың қайдан шыққанын білмеймін. Бізге лайк та, пікір де қажет емес. Біз тек өз жұмысымызды атқарып жатырмыз, – деді облыс әкімі.
Әкімдік неге ақпараттың шындыққа сәйкес еместігіне қарамастан тексеріс бастамады деген сұраққа жауап берген Нәлібаев интернетте жарияланатын ақпарат көлемінің көп екенін айтып, бұл мәселеге қатысты қажет болса жазбаша түрде кеңірек түсініктеме беруге дайын екенін жеткізді.
– Желіде әртүрлі ақпарат көп жарияланады. Мен оны есіме түсіре алмай отырмын, шамасы, бұл сұраққа бұрын да жауап берген шығармын, – деді ол.