«Мүмкіндігі шектеулі спортшыларды қолдау, пара спортты өркендету мақсатында біздің университет волейболды отырып ойнау спортын дамытуға қолдан келгенше қолдау көрсетіп жүр. Додаға Астана, Алматы қалалары мен Жетісу, Батыс Қазақстан облысы секілді бірнеше өңірден командалар қатысты. Алдағы уақытта да мүмкіндігі шектеулі, қабілеті шексіз азаматтарға қолдау көрсету жұмысы тоқтамайды», дейді университет ректоры Махметғали Сарыбеков.
Ел чемпионатында топқа түскен командалардың барлығы жеңістің биік тұғырынан көрінуге тырысты. Мүмкіндігі шектеулі демесеңіз, олардың жанкештілігі кәсіби спортшылардан еш кем түспейтіні байқалды. Әрбір нәтижелі ұпайға шынайы қуанған олардың жүзінен шаттық табы айқын көрініп тұрды.
Чемпионат қорытындысында Алматы облысының қыздары жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, екінші орын Алматы қаласының аруларына бұйырды. Астанадан келген қыздар үздік үштікті түйіндеді. Жарысқа қатысқан барлық команда қомақты қаржылай сыйлыққа ие болды.
М.Сарыбековтің айтуынша, спорттың осы түрін дамытуға қатысты алдағы уақытта да ауқымды жұмыс атқарылады. Университет басшылығы пара спортшыларды қолдауға айрықша басымдық беріп отыр.
ТАРАЗ