Қазір «Таза Қазақстан» шын мәнінде тұтас ұлтты біріктірген жобаға айналды. Әсіресе жастар ұйымдары, еріктілер мен белсенділер акцияда жиі бас қосып, қоршаған ортаны таза ұстауға қамқор болып жүр. Қоғамдық дүниеге жанашырлық білдіруге ежелден машықтанған үлкендер де бұл істі құптап, ардагерлер ұйымдары да тазалау жұмыстарынан шет қалмайды. Ауыр жүктерден босатылып, жеңіл шаруалармен айналысса да олардың акцияларға қатысуы жастардың ынтасын арттыра түседі. Петропавлда қарттар әсіресе «Жеңіс паркын» жинауға, абаттандыруға белсене қатысып, жастарға үлгі бола білді.
Облыстық экология департаменті шаруаларының бір бағыты – қоқыс-қалдықтардың заңсыз үйінділерін жасаумен күресу. 2025–2026 жылдары қалдықтарды жөнсіз орналастырудың жолын кесу жөніндегі іс-шаралар жоспары жасалғанына қарамастан, кейбір кәсіпорындар өздері қалаған жерлерге экологиялық талаппен санаспай үйінді орындарын жасап жүр. Департамент қызметкерлері осындай заңсыз үйінділерді анықтауға қатысты биыл 10 рет тексеріс жүргізіп, келісілмеген 62 орынды анықтады. Бұларды негізінен кімдер жасағаны да анықталып, кінәлілерге тиісті шаралар да қолданылды.

– Өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында 2020 жылы облыстың экологиялық проблемаларын кешенді шешу жөнінде 7 бағытта Жол картасы жасалған. Ол 15 іс-шараны қамтиды. Соның ішінде атмосфераны ластаушы заттарды азайту, жасыл белдеуді дамыту, қалдықтарды заңсыз үюдің алдын алу, су ресурстарын сақтау, радиоактивті ластануды тоқтату, жер қойнауын пайдаланғанда экологиялық талапты бұзбау, қоршаған ортаның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізіп тұру сияқты шаралар қарастырылған», дейді департамент басшысы Талғат Сәбиев.
Осы Жол картасының аясында облыс орталығы мен кейбір аудан орталықтарында тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинау ұйымдастырылған. Атап айтқанда, облыс орталығынан бөлек, Айыртау, Аққайың, Есіл, Қызылжар, Мамлют, Тайынша аудандарында қайталама шикізат жинайтын кәсіпкерлер жұмыс істейді. Петропавл қаласында 7 пункт қайталама шикізаттарын жинайды. Осының арқасында бұрын қоқыс ретінде шашылып жататын тетрапакеттер, түрлі сусындардың қаптамалары жиналып, қайталама шикізат пунктіне өткізілетін болды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында жоғары, орта, тіпті мектепке дейінгі білім ордаларында эко-сағаттар өткізіп жатырмыз. Балалардың жазғы демалыс лагерьлерінде де осындай іс-шаралар өтеді. Тазалық ұғымына жас жеткіншектердің қызығушылығы артып келеді. Қала маңындағы «Алакөлдің» айналасында, «Мещан» орманының маңында әрқайсына 300-ге жуық адам қатысқан акциялар ұйымдастырылып, 2-3 тоннадай қоқыс шығарылды. Мұндай акциялар алдағы уақытта да жалғасын табады», дейді департамент басшысы.
Мемлекет тарапынан тазалық мәселесіне негізінен экология департаменті ұйытқы болса, жастар арасындағы белсенділік «Ассамблея жастары» арқылы көрініс тауып отыр. Олар жастар ұйымдарын, оқу орындарын үнемі ортақ іске жұмылдырады. «Ассамблея жастары» облыстық филиалының төрағасы Дариға Смайылованың айтуына қарағанда, жастар ұйымдары тазалық сенбіліктерінде жиі бас қосады.
«Қоршаған ортаны өзімізге қолайлы ету, тазалықты қамтамасыз ету – жастардың отаншылдық сезімін де арттырады. Егер айналамыз тап-таза болып, орындықтар сырланып, гүлдер жайнап, ағаштар жайқалып тұрса жастар ондай жерлерде қуана дем алады. Егер бәрі керісінше болып, айналаға қоқыс шашылып, гүлдер мен ағаштар күтілмей қобырап тұрса, орындықтар сырланбаса, сынып жатса – ондай жерлерді ешкім де сүймейді, күтуге де тырыспайды», дейді ол.
2025 жылы экология департаменті қоршаған ортаны қорғауға қатысты 50-ге жуық тексеріс жүргізген. 82 заң бұзушылық анықталып, жоюға 80 нұсқама берілген. 30 млн теңгенің айыппұлы салынған. Бұдан бөлек, су, ауа, топырақ, гамма сәулелендіру бойынша зерттеулер жүргізілген. 1610 ауа, 147 су, 9 радиация, 3 рет топырақ сынамалары алынып, зертханаларда сарапталған.
«Тазалық – жалпы халықтық іске айналсын», деген Мемлекет басшысының талабы Солтүстік Қазақстанда осылай іске асып жатыр. Ол тұрғындардың өмір салтына айналып келеді.
Солтүстік Қазақстан облысы