Мұнайлы ауданында өткен «Zero Waste Aktau» тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығаруға арналған жаңа арнайы техникаларының таныстырылымына Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, таныстырылымда 2025 жылы сатып алынған «Dongfeng» маркалы 25 қоқыс тасымалдау автокөлігі, көлемі 1,1 текше метр болатын 2100 дана еуро-стандарттағы контейнер ұсынылды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, нығыздау, тасымалдауға арналған соңғы үлгідегі автокөліктер жоғары жүк көтере алатын, үнемді, қаладағы қарқынды жұмысқа бейім. Тығыз жабылатын қақпағы бар контейнерлер қалдықтарды жинау үдерісін оңтайландырып, жағымсыз иістің таралуына жол бермейді. Қазірде 400-ге жуық контейнер орнатылған, жыл соңына дейін 2100 контейнерді толық орнату жоспарланып отыр. Бұл жаңа техникалардың тағы бір ерекшелігі – елімізде құрастырылған, қалдықтарды басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған «Жасыл даму» ұлттық жобасы аясындағы инвестициялық жоба шеңберінде сатып алынған.
Жаңа техникалардың таныстырылымы аясында Ақтау қаласының әкімдігі мен «Zero Waste Aktau» арасында қалдықтарды жинау, шығару қызметін жаңғыртуға бағытталған келісімшарт жасалғаны айтылды. Келісім аясында қала аумағы заманауи еуро-стандартқа сай контейнерлермен, арнайы техникалармен кезең-кезеңімен жабдықталып жатыр.
Тазалыққа қатысты шара «Таза Маңғыстау» 45 күндік әлеуметтік-экологиялық челленджінің салтанатты жабылу рәсімімен жалғасты. Өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған челлендждің жабылуы шарасы барысында аймақ басшысы Н.Қилыбай экологиялық жауапкершіліктің маңыздылығына тоқталып, тұрғындардың белсенділігін ерекше атап өтті.
«Таза Маңғыстау» – бұл бір реттік акция емес, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын қоғамдық қозғалыс. Табиғатты қорғау әр адамның күнделікті өмір салтына айналуға тиіс. Кішкентай қадамдар арқылы үлкен өзгерістерге қол жеткізуге болады», деді ол.
Облыста экологиялық акцияға жыл басынан бері 130 мыңнан астам адам қатысты. 31 757 түп ағаш отырғызылды. 39 мың тоннадан астам қоқыс арнаулы орындарға шығарылып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
Өңірде 45 күн бойы өңір тұрғындары, жастар, еріктілер мен еңбек ұжымдары тазалық жұмыстарына белсенді атсалысып, ағаш отырғызу, қоқыс жинау, қалдықтарды сұрыптау, су мен электр қуатын үнемдеу бағытында нақты істер атқарды. Челленджге облыста 77 команда қатысты. Әлеуметтік желілерде 2 600-ден астам экологиялық ақпарат жарияланды. Жобаға тікелей 500-ден астам адам тартылып, қосымша 2 мыңға жуық тұрғын экологиялық акцияларға үлес қосты.
Жабылу салтанатында «Таза Маңғыстау» 45 күндік экочелленджінің жеке, ұжымдық санаттардағы жеңімпаздары, сондай-ақ «Үздік аула – 2025», «Үздік тұрғын үй кешенінің ауласы», «Үздік бизнес-аумақ», «Үздік кіреберіс», «Үздік аула сыпырушы» байқауларының жеңімпаздары марапатталды.
Тазалық – жекенің емес, көптің жауапкершілігі, сондай-ақ бір күннің емес тіршіліктің тынысы. Тазалықты жүргізу де, сақтау да көпке ортақ міндет.
Маңғыстау облысы