Биыл KEGOC компаниясында мемлекеттік тілді дамыту және аударма жұмысын ұйымдастыру қағидалары, сондай-ақ 2025– 2029 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы құжаттарда мемлекеттік тілді қолданудың нақты тәртібі мен жауапкершілік белгіленіп, әрбір бөлімше мен қызметкердің құзыреті айқындалды. Соның нәтижесінде компанияда құжат айналымының басым бөлігі қазақ тілінде. Бүгінде Атқарушы дирекцияда құжаттардың 95-98 пайызы, ал өңірлік филиалдарда 99-100 пайызы мемлекеттік тілде рәсімделеді. Бұл – KEGOC-тің мемлекеттік тіл саясатындағы маңызды көрсеткіші.
Сонымен қатар қызметкерлердің тілдік құзыретін арттыру – ерекше назарда. Атқарушы дирекция мен филиалдарды қоса алғанда 2024–2025 жылдары жалпы 1006 қызметкер қазақ тілін оқыту курстарынан өтті, ал ағылшын тілін меңгеру мақсатында 317 маман арнайы сабақтарға қатысты. Мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалауға арналған «ҚазТест» жүйесі бойынша тестілеулер жүйелі түрде өткізіледі. Тек биылдың өзінде 629 қызметкер сертификаттау және диагностикалық тест тапсырды. Бұл KEGOC ұжымының кәсіби дамуымен қатар, тілдік біліктілігін де үздіксіз жетілдіретінін көрсетеді.
Сондай-ақ мемлекеттік тілдің қолданылуы тек құжат айналымымен шектелмей, өндірістік ортада да өркен жайып келеді. Мәселен, компания балансындағы 83 қосалқы стансаның атауы толықтай қазақшаланды. Барлық көрнекі ақпараттар мен нұсқағыш белгілер заң талаптарына сәйкестендірілді. Мұндай жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Барлық техникалық және өндірістік құжаттама мемлекеттік тілде жүргізіледі.

Бұдан бөлек, KEGOC ұжымы мәдени-ағартушылық шараларға баса ден қояды. Сол арқылы мемлекеттік тіл саясатына қолдау білдіретінін атап өткен абзал. Биыл ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай компания көлемінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Түрлі этнос өкілдері арасында диктант жазу, мемлекеттік тілді жетік меңгерген мамандар арасында эссе байқауы, қызметкерлердің балалары арасында әдеби оқу сайысы – соның бір парасы. Сонымен бірге «Абай – замана заңғары» атты театрландырылған қойылым сахналанып, жас мамандардың өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Бұл шара ұжымдық рухты көтеріп қана қоймай, корпоративтік құндылықтарды нығайтып, жас буын қызметкерлердің жан-жақты дамуына серпін берді.
Жалпы, KEGOC-та мемлекеттік тіл саясатын дамытуға арналған жұмыстар нақты нәтижелі. Құжат айналымының қазақ тілінде толыққанды жүзеге асуы, мыңнан астам қызметкердің оқыту курстарынан өтуі, Абайдың мерейтойына арналған мәдени іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылуы – компанияның тек энергетикада ғана емес, тіл саясатын ілгерілетуде де көшбасшы екенін айғақтайды.
Мемлекеттік тіл KEGOC үшін қағаз жүзіндегі талап қана емес, сонымен қатар, корпоративтік мәдениеттің өзегіне айналып келеді.
Қызғалдақ Айтжанова