Сурет: senate.parlam.kz
Бюро отырысында М.Әшімбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елімізді жаппай цифрлық елге айналдыру жөнінде нақты міндеттер жүктегенін атап өтті. Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін барлық деңгейдегі депутаттар мүдделі тараптармен, оның ішінде сарапшылар қауымдастығымен бірлесіп бірқатар заң әзірледі. Олардың қатарында – Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексі және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне цифрландыру, көлік және кәсіпкерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар бар. Бюро мүшелері аталған заңдарды палатаның алдағы отырысында қарау жөнінде шешім қабылдады. Бұл құжаттар цифрлық саланы құқықтық реттеудің бірыңғай және ашық жүйесін құруға бағытталған. Кодекс деректер мен цифрлық объектілерді басқарудың құқықтық негізін қалыптастырады.
Сенат отырысының күн тәртібіне Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі мен оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң шығарылды. Бұл заңнамалық нормалар қала құрылысына байланысты шешімдерді талқылау кезінде тұрғындар көптеп қатысып, қоғамдық, жеке мүдделерді қозғайтын жобалар бойынша ұсыныстар бере алады, сондай-ақ заң бұзушылықтарды жедел алдын алуды көздейді.
Сонымен қатар сенаторлар алдағы бейсенбіде «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарайды. Бюро отырысында аталып өткендей, банктер туралы жаңа заң банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге ықпал етеді. Қаржы секторында бәсекелестікті дамыту, инновацияларды ынталандыру жөніндегі шаралар да ескерілмек.
Сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі БҰҰ (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО аясындағы 2-санатты орталық ретінде Орталық Азия өңірлік гляциология орталығының мәртебесін қайта жалғастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы» заңдар Сенат отырысының күн тәртібіне шығарылды.
Бюро отырысында депутаттар Мәжіліс қабылдаған заңдарды жұмыс үшін палатаның тұрақты комитеттеріне бөліп берді, сондай-ақ осы аптаға арналған іс-шаралар жоспарын пысықтады. Бұл аптада сенаторлар дәрілік қауіпсіздікті, дәрі-дәрмектердің қолжетімділігін, сапасын, импортты алмастыруды қамтамасыз етуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласына отандық, шетелдік инвестицияларды тартуға қатысты мәселелер мен басқа да маңызды түйткілдерге тоқталады.