Жергілікті өнімдердің қолжетімділігін арттыру мақсатында сыйымдылығы 4 мың тонна болатын заманауи көкөніс сақтау қоймасы салынып жатыр. Әкімнің айтуынша, өңірдің табиғи ерекшеліктеріне сай Маңғыстауда түйе шаруашылығы, балық кәсібі және туризм бағыттары қарқынды дамып келеді. Бүгінде Маңғыстау облысында 95 мыңға жуық түйе тіркелген. Түйе сүтін терең өңдеп, экспортқа шығару бағытында үш ірі жоба жұмыс істеп тұр. Ал биыл түйе сүтін автоматтандырылған әдіспен сауатын цех ашылды.
Жалпы өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 2025-2027 жылдары 23,6 миллиард теңгенің 15 инвестициялық жобасы іске асырылады. Бұл ішкі нарықты табиғи әрі жергілікті өнімдермен қамтамасыз етуге жол ашады. Сонымен қатар, ветеринариялық жүйені жаңғырту аясында 43 ветеринариялық пункт пен 1 станция пайдалануға беріледі.