Алдымен Премьер-министр «Қазақстандық Шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ерлан Досымбековпен жүздесті. Бұл кездесуде шетелдік инвесторлармен қарым-қатынас қалай жүріп жатқаны, олармен ашық әрі сенімді диалогті қалай күшейтуге болатыны сөз болды. Негізгі назар ел үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаларға аударылды. Яғни жол, өндіріс, үлкен нысандар сияқты ұзақ уақытқа жұмыс істейтін жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар алда өтетін Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-жалпы отырысына дайындық барысы да назардан тыс қалған жоқ.
Келесі кездесу «Alstom Kazakhstan» компаниясының басшылығымен өтті. Премьер-министр Жером Бойемен теміржол машинасын жасау саласының болашағын талқылады. Әңгіме негізінен «Электровоз құрастыру зауытының» жұмысына арналды. Қазір бұл зауытта өндірісті жергілікті жерде жасау үлесі айтарлықтай артқан. Бұрын тек 10% ғана елімізде жасалса, қазір бұл көрсеткіш 35%-ға жеткен. Бұл дегеніміз, бөлшектер мен жұмыстардың көбі ел ішінде атқарылады, ал бұл өз кезегінде жұмыс орны мен тәжірибенің көбеюіне әсер етеді. Сонымен бірге дайын өнімді шетелге экспорттау мүмкіндіктері де талқыланды.
Үшінші маңызды кездесу фармацевтика саласына қатысты өтті. Премьер-министр «Polpharma Santo» компаниясының бас директоры Адам Алексеюкпен кездесті. Бұл жерде сөз «Химфарм» АҚ базасында жүзеге асып жатқан инвестициялық жоба туралы болды. Компания елде дәрі жасауға қажетті негізгі шикізат саналатын белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің 80-нен астам түрін шығаруды жоспарлап отыр. Мұның мәні – үлкен. Яғни ел дәрі-дәрмекті сырттан ғана алмай, өз ішінде көбірек өндіре бастайды.
«Polpharma Group» компаниясы ел экономикасына 130 млн доллардан астам инвестиция салған. Соның нәтижесінде, 800-ден астам адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Компанияның портфелінде әртүрлі ауруларды емдеуге арналған 12 фармацевтикалық топқа кіретін 280-нен астам балама дәрі бар.
Олжас Бектенов салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға инвесторлар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды мұқият қарап, пысықтауды тапсырды. Айтылған сөз жерде қалмай, нақты жұмысқа айналуы керек деген талап қойылды. Жалпы, бұл кездесулердің мәні бір. Үкімет инвесторларды тыңдап отыр, өндірісті дамытуға мүдделі және шетелдік компаниялармен әріптестікті нақты іспен нығайтуды көздейді.