Спорт • Бүгін, 14:45

Ұлытауда үздік спортшылар марапатталды

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлытау облысында бұқаралық спортты дамытуға елеулі үлес қосып жүрген сала мамандары мен спортшылардың еңбегі еленді. Салтанатты іс-шарада өңірдің спорт саласындағы жыл үздіктері марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытауда үздік спортшылар марапатталды

Ұлытау облысында бұқаралық спортты дамытуға көңіл бөлініп келеді. Жыл басында Жезқазғанда 320 орындық «Жігер» спорт кешені мен Шахмат академиясы пайдалануға берілді. Қаражал қаласында жабық жүзу бассейні  іске қосылды. Сәтбаев қаласында ангар үлгісіндегі спорт кешені ашылды. Қаражал қаласындағы «Горняк» стадионына күрделі жөндеу жүргізіліп, төрт балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жаңғыртудан өтті.

Салтанатты шарада Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков сала қызметкерлері мен жаттықтырушыларды кәсіби жетістіктерімен құттықтап, спортшылардың жеңісті жетістігіне тоқталды.

Бокстан әлем кубогының жүлдегері Айдана Забынбекова, қазақ күресінен екі дүркін әлем чемпионы Айдос Ғалымов ұлттық спортты халықаралық деңгейде өзгелерге мойындатты.  Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарының қола жүлдегері, ауыр атлет Нұрсыйла Берікбол, жауынгерлік самбодан әлем чемпиондары Дінмұхамед Дінисламов пен Абылайхан Алшымбек облыс мерейін республика көлемінде асқақтатты. Пара дзюдо бойынша халықаралық жарыста ел намысын асқақтатқан Даяна Федосованың есімінде ерекше атап өткен жөн.

Бұл жетістіктердің барлығы – спортшылардың, жаттықтырушылардың және сала мамандарының жүйелі әрі табанды еңбегінің нәтижесі.

«Облысымызда жаңа спорт нысандары салынып, қолданыстағы кешендер жаңғыртылып, халықтың спортпен тұрақты түрде айналысуына мүмкіндік жасалуда. Биыл алғаш рет спорт нысандарын жөндеу жұмыстарына 578 миллион теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 есеге көп. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», деді облыс әкімі.

Салтанатты жиында «Үздік балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі», «Үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік спортшы» аталымдар бойынша сала үздіктері марапатталды. Сонымен қатар, өңірде бұқаралық спортты кеңінен насихаттап, салауатты өмір салтын дәріптеуге үлес қосқан  журналистердің еңбегі еленді.

Ұлытау облысы

 

Соңғы жаңалықтар