Автосаладағы бір жұмыс орны өзге салаларда да сұраныс тудырады. Сарапшылардың бағалауынша, бір жұмыс орны логистика, қызмет көрсету, жеткізу бағыттарында тағы 7-8 адамды жұмыспен қамтуға жол ашады. Осылайша автонарық жұмыспен қамтудың маңызды көзіне айналып келеді.
2025 жылдың үшінші тоқсанының соңында автосалада еңбек ететіндер саны 9 мыңға жуықтады. Бір жылда өсім 40 пайыздан асты. Машина жасау саласындағы жұмысшылардың ішінде автосаланың үлесі соңғы он жылда айтарлықтай артқан. Биыл Қостанай облысы мен Алматыда екі жаңа зауыт іске қосылып, бес мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.
Жұмысшылардың едәуір бөлігі Қостанай облысына тиесілі. Мұнда орналасқан ірі зауыттар өңір экономикасының тірегіне айналып отыр. Алматыда да автосаладағы жұмысшылар саны бір жарым есеге өсті. Өзге өңірлерде де бұл бағытта өсім бар.
Саланың қарқынды дамуы кадр даярлау мәселесін алға шығарды. Қазір автосалада мектептен бастап колледж, жоғары оқу орны және өндірісті байланыстыратын жүйе қалыптасып келеді. Корпоративтік оқу орталықтары, дуалды оқыту, оқу орындарымен тікелей әріптестік осы қажеттіліктен туындады.
Жалпы алғанда, автомобиль өнеркәсібі өндірісті ғана емес, еңбек нарығын да кеңейтіп отыр. Жұмысшы мамандықтарына сұраныстың артуы әлеуметтік тұрақтылыққа және ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына ықпал ететін факторға айналып келеді.