Алайда мұндай мұңлық жандар қоғам өмірінен шет қалғысы келмейді. Өйткені бірінің өнері, кейбірінің спортқа бейімі бар. Жақында осындай адамдар арасында алғаш рет «Жүрек жылуы» байқауы өтті. Мақсат – қиындыққа ұшыраған адамдарға қолдау білдіріп, шығармашылық әлеуетін дамыту.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының Жолдауындағы басты міндеттің бірі – әлеуметтік әділеттілік пен инклюзивті қоғам құру. Осыған орай мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын арттыруға, сапалы білім алып, еңбекке араласуы мен шығармашылық әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отыр.
– Байқауға қатысқан әр үміткер – жеңімпаз. Өйткені бұл байқау рухтың күші мен жігердің қуатын, өмірге деген құштарлықты үлгі етеді. Тағдырдың ауыр сынағына мойымай, ерен ерік-жігер танытып келе жатқан мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсартуға үлес қосу – игілікті іс, дейді С.Шәпкенов.
Байқауға қатысушылардың әрқайсысы белсенділігімен, қайырымды ісімен танымал. Сондай жанның бірі Тыныш Жақыпова «Өмір гүлі» қоғамдық бірлестігін басқарады. Оған бірнеше жылдан бері мүгедектігі бар балалардың өнерін ұштауға қосқан үлесі үшін «Мейірімді жүрек» аталымы берілді.
«Шабыттандырушы отбасы» аталымына ие болған Зайда Нұғыманованың 23 жастағы ерекше ұлы бар. Ол ерекше күтімді қажет ететін ұлын қоғамнан алшақтамауға бейімдеп, шығармашылық қабілетін шыңдап келеді. Облыстық, республикалық, халықаралық байқауларға апарған ұлы бірнеше рет жүлделі орынға ие болған.
Сегіз жасар Олжас Берік спорттың бірнеше түрін серік етіп, түрлі жарысқа қатысып жүр. Балғын спортшының бұл талабы «Спорт-тық жігер» аталымына лайық деп танылды. Оның қатарласы Раяна Мәлікова бимен шұғылданады. Ал 11 жасар Нұрислам Әмірханұлы ән айтады. Өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген қос өрен «Жыл таланты» атанды.
«Жыл серпіні» аталымына 15 жастағы Нұрдәулет Жеңіс ие болды. Ол биді келістіре билейді. Футболды да керемет ойнайды. Командаластарымен бірге республикалық турнирдің жеңімпазы атанған.
17 жастағы Жайнар Қамысбай мәдени, шығармашылық бағыттағы жобаларда жас көшбасшыға лайық белсенділігімен көрініп жүр. Сән үлгісін ұсынады. Спорт пен қолөнерді жаны сүйеді. Мобилография саласында қолтаңбасы бар. Замандастарына үлгі көрсетіп жүрген бойжеткен «Жас көшбасшы» аталымында озып шықты.
Атырау облысы