2025 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 6,1%-ға артып, 9,2 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Үкіметтің бір жылдық қызметінің қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.
Өсімнің негізгі драйвері егін шаруашылығы болды, онда өндіріс көлемі 7,6%-ға артып, 5,8 трлн теңгені құрады. Мал шаруашылығында көрсеткіштер 3,5%-ға өсіп, 3,3 трлн теңгеге жетті.
«Бұл көрсеткіштер саланың нақты көлем индексі 113% болған былтырғы жоғары базадан бастау алған өндірістің нақты өсімін көрсетеді. Бұл бүгінде агросекторда өткен жылдарға қарағанда едәуір көп өнім өндірілетінін білдіреді», деп түсіндірді ведомство басшысы.
Айта кетерлігі, биыл экспортқа рекордтық көлемдегі 13,4 млн тонна астық жіберілді, бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Жемдік ұнды қоса алғанда, мұндағы көлем 15 млн тоннадан асты. Ал жаңа орылған егіннен бүгінде 3,9 млн тонна астық экспортталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,6%-ға артық. Еліміздің жалпы экспорттық әлеуеті 13 млн тоннаға бағаланады. Отандық диқандардың өнімі 45 мемлекетке жеткізіледі.
«Қарқынды экспорт ішкі нарықты тұрақтандыруда шешуші рөл атқарады. Өйткені елімізде астық ішкі қажеттіліктен 2-3 есе көп жиналатындықтан, оның артығын экспорттау ел ішіндегі баға қысымын жеңілдете түседі. Жоғары экспорт дегеніміз – тек имидж ғана емес, бұл тікелей экономикалық пайда. Елімізге одан ұлттық валюта бағамын қолдайтын валюталық кіріс түседі. Диқандар сыртқы нарыққа астық сатудан түскен табысын техниканы жаңартуға және өндірісті дамытуға инвестициялай алады», дейді министр.
Агротехнологияларды сақтау мен уақтылы мемлекеттік қолдау көрсету ауыл шаруашылығы көрсеткіштерінің сапалы өсуін қамтамасыз етті. Егер 2023 жылы орташа өнімділік 11 ц/га болған болса, 2025 жылы ол 17 ц/га-ға дейін өсті, ал озық шаруашылықтарда 40 ц/га-ға дейін жетті. Мұнда егін егу мен егін жинау жұмыстарын жеңілдікпен қаржыландыру (750 млрд теңге, 8,5 млн га алқап) шешуші факторға айналды. Бұл ретте мемлекет 2026 жылғы егін егу науқанын қаржыландыруға қазан айынан бастап кірісіп кетті.

«Бүгінде 230 млрд теңгеге 1,3 мыңнан астам өтінім келіп түсті, оның ішінде 81 млрд теңгеге 750-ден астам ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер қаржыландырылды. Қол жеткізілген нәтижелерді тыңайтқыштарды енгізу көлемінің 3 есеге (1,8 млн тоннаға дейін) артуымен және ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 80%-дан 70%-ға дейін төмендегенінен көруге болады», дейді Ауыл шаруашылығы министрі.
Егіс алқаптарын белсенді әртараптандыруға әрі дәнді емес дақылдардың жоғары өнімділігіне байланысты еліміздегі сақтау инфрақұрылымын жаңғырту қажеттілігі туындады.
«Егін шаруашылығында сақтау инфрақұрылымының жеткіліксіздігі – өсімге кедергі келтіретін фактор болып отыр. Осыған байланысты элеваторларды кеңейту, жаңғырту жобаларына арналған жеңілдетілген несие беру бағдарламасы әзірленуде, оны 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосу жоспарланып отыр», деді А.Сапаров.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, саланы дамытудың 2026–2030 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыру 2026 жылдан басталады. Министр келтірген өзекті деректер бойынша ірі қара мал саны 8,3 млн басқа, қой мен ешкі 21,3 млн, жылқы 4,4 млн басқа жеткен. Әрі қарай өсу үшін құжат айналым қаражатын толықтыруға, асыл тұқымды мал сатып алуға, шалғай жатқан жайылымдар инфрақұрылымын дамытуға жеңілдікпен несие беруді көздейді. Сондай-ақ етті мал шаруашылығындағы аустралиялық тәжірибені жергілікті жерге бейімдеу бойынша қанатқақты жобалар жүзеге асырылып жатыр. Министрдің сөзінше, мал шаруашылығын қолдау көлемін келешекте арттыра отырып, кемінде 200 млрд теңге қаржы бөлу жоспарда тұр. Аталған қаражат сонымен қатар қарқынды өсімге негіз болатын аналық мал импортына жұмсалады.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлының айтуынша, 2025 жылдың қыркүйегінде 144 бизнес-үдерісті цифрландыруды көздейтін АӨК цифрлық трансформациясының жаңартылған картасы бекітілді.
Бүгінде салада Gosagro.kz, Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру, «Бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі» және E-Fish сияқты ақпараттық жүйелер белсенді жұмыс істейді. Gosagro.kz жүйесінде мемлекеттік қолдау шараларын қамтитын 200 мыңнан астам пайдаланушы бар. Бір жыл ішінде жүйе арқылы 188 мыңнан астам өтінім берілді. Сонымен қатар ауылшаруашылық карталарын ашық форматта цифрландыру аяқталды.