Заң мен Тәртіп • Бүгін, 08:35

Құқыққа – сенім, тәртіпке – құрмет

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Өңірде «Профилактика жылы» аясында басталған «Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы – құқық қорғау органдарының қоғаммен байланысын жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен айрықша бастама. Бұл – полицей департаментіне экскурсия ғана емес, полиция қызметінің ашықтығын арттыру арқылы қоғамдық сенімді нығайтуға бағытталған жүйелі қадам.

Құқыққа – сенім, тәртіпке – құрмет

Суретті түсірген – Александр МАРЧЕНКО

Ел ішінде құқықбұзушылық азайғанымен, цифрлық қылмыс­тардың жаңа түрлері көбейіп, полиция жұмысына қойылатын талап та күрделене түсті. Сондықтан құқық қорғау жүйесінің ашық­ты­ғы мен кәсібилігін арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты.

Әлеуметтік желілердегi бейнематериалдар мен пікірлер кейде шынайы жағдайды бұрмалап, біржақты түсінік қалыптастыруы мүмкін. Сондықтан нақты жүйелі жұмысты көзбе-көз көру – қоғам­дық пікірді түзетуге, түсіністікті арттыруға өз мүмкіндігін береді. Жоба аясында облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер, блогерлер және студенттер бір күн бойы полиция қызметінің нақты жұмыс үдерістеріне куә болып, түрлі бөлімдердің қызметімен жақын танысты.

Облыстық полиция департа­менті бастығының міндетін ат­қару­шы Жасқайрат Қайров өңір­дің криминогендік ахуалы, ке­йінгі айларда жүргізілген про­фи­лактикалық іс-шаралар және негізгі басымдықтар жөнін­де баяндады. Оның айтуынша, құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жұмыс­тар нәтижесінде жалпы қылмыс деңгейі төмендеген. Қала көше­леріндегі патрульдік қызметтің жиілеп, бейнебақылау жүйесінің жаңартылуы – осы бағыттағы нақты нәтижелердің бірі. Ұрлық пен есірткі қылмысына қатысты көрсеткіштердің төмендеуі де жедел іс-қимылдың тиімділігін айғақтайды.

– Қоғамдық орындарда жасал­ған қылмыс – 32 пайызға, көше қылмыстары 39 пайызға азайды. Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл күшейтілді. Біз үшін басты міндет – заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділ қоғам құруға үлес қосу, – деді Ж.Қайров.

Іс-шараға қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов полиция қызметінің қоғам алдындағы рөлін атап өтіп, құқық қорғау органдарының ашықтығын арттыру мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін және полиция жұмысының көрінбейтін тұстары көпшілікке түсінікті болуы қажет екенін айтты.

Таныстыру сапары депар­тамент­тің «Еңбек және жауын­герлік даңқ» мұражайынан бастал­ды. Мұнда музей басшысы Ай­жамал Айтжанова қонақтарды мұражайдың байырғы жәді­гер­лері мен алтын қорымен таныс­тырды. Одан кейін қонақтар тер­геу-криминалистикалық полигонында болды. Мұнда шынайы қылмыс орындарының үлгісі ретінде жасалған бірнеше оқу кабинеті орналасқан.

Алғашқы кабинет полиция генерал-майоры Нұрлан Рахимберлиннің атына беріліп, оның қызметтік заттары мен өмір жолына арналған экспозиция ұсынылған. Келесі бөлмелерде кри­миналистерге арналған прак­тикалық жаттығулар өтеді. Бұл жерде болашақ мамандар түрлі жағдайларда дәлел жинау, іздерді анықтау сынды шеберліктерін шыңдайды.

Жедел криминалистика бас­қар­масының қызметкері, полиция аға лейтенанты Аида Жүсіпова криминалист чемоданының құры­лымы мен маңызын таныс­тырып, күрделі қызметтің қыр-сырына тоқталды. Ол өңірде Papillon және БИЛ жүйелерінің қол­данылуы тергеу үдерісін же­дел­деткенін атап өтті.

– Жедел тергеу тобына криминалист, тергеуші, анықтаушы және жедел уәкіл кіреді. Крими­налистің негізгі міндеті – іздер мен дәлелдемелерді анықтау және қол іздерін жинау. Мысалы, сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде криминалист тергеушіге кәсіби көмек көрсетеді. Ал сол жұмыс­тар Қылмыстық процессуалдық кодекс­тің 80-бабы негізінде жүр­гізіледі. Өңірде Papillon және БИЛ жүйелері қолданылады. Олардың көмегімен қызметтік процестерде қолданылатын 75-бұйрық жүзеге асырылады. Осындай процесстерді жедел жүргізу үшін әр криминалиске міндетті түрде осындай чемодан қажет, – деді А.Жүсіпова.

Қонақтар арнайы жасақтың қару-жарағы мен жабдықтарын көріп, оққа төзімді Alan броньды заманауи көлігінің техникалық ерекшеліктерімен танысты.

Жасақ мамандары қонақтарға ұрыс тактикасының элементтерін көрсетіп, қызметтік иттердің жұмысымен де жақын таныстырды. Департаментте 30-ға жуық қызметтік ит бар. Солардың бірі – лабрадор-ретривер тұқымды Бакс. Кинолог, полиция лейтенанты Алмас Жанысбаев қызметтік итті арнайы операцияларға дайындау кезеңін баяндап берді. Оның айтуынша, Бакс есірткі бойынша бірнеше қылмыстың ізін ашқан.

– 2019 жылдан бері кинология орталығында қызмет атқарамын. Жалпы, бұл тұқымдағы иттер бір қожайынды ғана мо­йындайды. Күшік кезінде кімге үйренсе, өмір бойы сол адамның бұйрығымен жүреді. Баксты маған Алматыдағы орталықтан күшік кезінде әкелді. Ол жерде алты айлығына дейін бастапқы үйрету жүргізіліп, кейін күшіктер әр маманға таратылады. Бакс маған дәл сол кезеңде келді. Сол уақыттан бері оны бір жасына дейін арнайы операцияларға бейімдеп, үйреттім. Кейін Алматыға барып сынақтан өтіп, арнайы тапсырмаларды орындауға рұқсат алдық. Содан бері бірге талай операцияға қатысып, қылмыстың бетін аш­тық. Жуырда Саран қаласындағы көпқабатты үйдің бір пәтерінде тергеу жүргізгенбіз. Сол кезде Бакс бірнеше минуттың ішінде есірткі затын тауып алды, – деді Алмас Бақтиярұлы.

Көрсетілімнің негізгі бөлігінен соң қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, полиция бөлімшелері­нің күнделікті жұмысына жақын­нан үңілу мүмкіндігіне ие болды. Солардың бірі – облыстық мәслихат депутаты, Amanat партиясының Әйелдер қанатының жетекшісі Зара Шалабаева мен облыс әкімінің гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Айжан Қиясова. Олар ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеумен айналысатын арнайы басқарманың жұмыс тәртібімен танысып, тергеушілердің бір күндік қызметінің қалай ұйымдас­тырылатынын көрді.

А.Қиясованың айтуынша, бұл саладағы өзгерістердің басты ерекшелігі – цифрландырудың тергеу процесін түбегейлі жаңғыртуы.

– Электронды жүйелердің енгі­зілуі істерді жүргізуді бұрынғы­дан да жедел әрі нақты етті. Біріз­дендірілген деректер базасы мен автоматтандырылған процестер адам факторына тәуелділікті азайтып, формализмді қысқартты. Ең маңыздысы – мамандар мате­риалдың мәнін терең талдау­ға көбірек көңіл бөле алады. Тергеу бөлімінің ішкі тәртібі мен жұмыс форматы да айрықша әсер қалдырды. Тергеушілер – құқық­тық тәртіптің өзегі, – деді ол.

Ал облыстық мәслихат депутаты Меруерт Башай Михайлов­кадағы жергілікті полиция пунктінің қызметімен танысты. Ол учаскелік инспекторлармен бірге профилактикалық рейдтерге қатысып, тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстың барысын көрді.

Депутаттың айтуынша, учас­келік инспекторлардың кәсіби­лігі мен жауапкершілігі жұмыстың әр қадамынан байқалған.

– Қызметкерлер қойылған кез келген сұраққа нақты әрі толық жауап беруге дайын. Тіркеуде тұрған азаматтардың үйлерін аралап, түсіндіру жұмысын жүргіздік. «Таза Қазақстан» акциясы барысында бірқатар құқық бұзушылық анықталып, хаттамалар толтырылды. Бұл маңда қараусыз қалған бос жерлердің көптігі де назар аудартты. Олардың иелері бар болғанымен, шетелге көшіп кеткен. Жерді басқа адамға рәсім­де­ген күннің өзінде бұрынғы мен­шік иесі сот арқылы даулауы мүм­кін. Сондықтан бұл мәселе жер қатынастары басқармасы мен әкімдік деңгейінде кешенді ше­шімді қажет етеді деп санаймын. Заңнамаға тиісті өзгерістер ен­гі­зілсе, бос жатқан аумақтарды рет­ке келтіру жеңілдер еді, – деді ол.

«Құқықтық тәртіп әліппесі» жобасы полиция қызметінің көпшілікке беймәлім қырларын ашып қана қойған жоқ, құқық қорғау органдары мен қоғам ара­сындағы сенім көпірін нығайту­ға серпін берді. Сол себепті осындай бастамалар құқықтық тәртіпті нығайтып қана қоймай, полиция мен халық арасындағы байланысты одан әрі бекіте түсетін маңызды қадамға айналып отыр.

 

Қарағанды облысы 

Соңғы жаңалықтар