Руханият • Бүгін, 09:30

Жазушылар одағының жыл қорытындысы

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада алғаш рет «Жас әдебиеттің көк­жиегі» тақырыбында Жазушылар одағының жыл қорытындысы өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырған іс-шарада Жазушылар одағының 2025 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланып, отандық әдебиеттің қазіргі даму бағыты мен алдағы жоспары талқыланды.

Жазушылар одағының жыл қорытындысы

Сурет: gov.kz

Басқосуды Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов ашып, жүргізді. Іс-шара барысында одақтың бір жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы бейнеролик көрсетілді. Сондай-ақ Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың, Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Айбек Сыдықов, Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді. Ал Қырғыз Республикасының Мемлекеттік хатшысы, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Койшиев, Қазақстанның халық жазушысы Төлен Әбдік, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқанова, жазушы, филолог-ғалым Нұрдәулет Ақыш, «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының қатысушылары – жазушы Жақсылық Мұратбек пен ақын Азамат Әбілқайыр сөз сөйлеп, өз ой-пікірлерін айтты.

Сонымен қатар Әзербайжанның халық жазушысы, Әзербайжан Жазушылар одағының төрағасы Анар Рзаевтың, Өзбекстан президентінің кеңесшісі, жазушы Хайриддин Сұлтанның, ТҮРКСОЙ халық­ара­лық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевтың құттықтаулары бейнебайланыс арқылы тыңдалды.

Жиын аясында «Түркі әлемінің әдебиеті» жобасы аясында шыққан 4 жаңа кітаптың, сондай-ақ «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасының аясында жарық көрген жас қаламгерлердің 20 кітабының тұсауы кесілді. Бұдан бөлек, «Қоғамдық маңызы бар әдебиеттерді басып шығару және тарату» мемлекеттік бағдарламасы шең­бе­рінде басылған Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиевтің кітаптары таныстырылды.

Жазушы Төлен Әбдік елордада алғаш рет ұйым­дастырылған мұндай жылдық қорытынды жиын­ның маңызын атап өтіп, Жазушылар одағының біржылдық жұмысына жоғары баға берді. Ал қырғыз жазушысы Арслан Койшиев іс-шараны ұйым­дастырған Қазақстан Жазушылар одағына алғыс ай­тып, қазақстандық қаламгерлерді келер жылы өтетін Ыстықкөл халықаралық форумына қатысуға шақырды.

Өз кезегінде Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов биыл атқарылған жұ­мыс­тар­ды қорытындылай келе, классик жазушы Төлен Әбдік пен қаламгер Қанат Әбілқайырдың кітап­тарын халықаралық Букер сыйлығына ұсыну бағы­тында тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Сондай-ақ одақ басшысы биыл 75 жасқа толған астаналық белгілі қаламгер, журналист Несіп Жүнісбаевты мерейтойы­мен құттықтап, иығына шапан жапты.

 

Азамат ҚҰСАЙЫН 

Соңғы жаңалықтар