Қайрат ФК
Жартылай финалда «Қайрат» «Ақтөбемен» кездесті. Бәсеке басталған бетте Нұрхан Байзақов гол соғып, ақтөбеліктерді алға шығарды. 9 минутта Кайо Руиз таразы басын теңестірді. Көзді ашып-жұмғанша Қайрат Иманалин мергендік танытты. Бұл жолы да жағдайды Руиз құтқарды. Десек те үзіліске дейін Егер Нулет нысананы дәл көздеп үлгерді.
Екінші кезеңде де «Ақтөбе» қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 26 минутта Альберт Ақбалықов көзге түсті. Оған жауап ретінде Кайо Руиз хет-трик авторы атанды. Іле-шала Біржан Оразов допты торда тулатқаннан кейін «Қайрат» тең есепке қол жеткізді. Бірақ алматылықтардың бұл қуанышы ұзаққа созылмады. 38 минутта Төрехан Досов маңызды голды торға тоғытып, «Ақтөбеге» жеңіс сыйлады – 5:4. Енді ел кубогінің бас жүлдесі үшін тартыс «Қайратсыз» өтетін болды.
Екінші жартылай финалда «Семей» «Атыраумен» шеберлік байқасты. Мұнайлы өлкенің футзалшылары мықты қарсылық көрсетті. Десек те шешуші сәтте ширақ ойнаған Абай облысының ойыншылары жеңісті жұлып әкетті – 4:3. Сөйтіп, финалда «Ақтөбе» мен «Семей» кездеседі.