Фото: Көліктегі полиция департаменті
Алдымен әуежайдың өрттің алдын алу тобы терминалдарда жоспарлы тексеру жүргізеді. Мамандар күту залдарын, сауда нүктелерін, қызметтік бөлмелерді аралап шығады. Әсіресе жалға алушыларға – дүкендер мен дәмханаларға ерекше көңіл бөлінеді. Мереке қарсаңында мұнда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы қатаң бақылауға алынған.
«Қазір барлық жерде шыршалар, гирляндалар мен түрлі безендіру элементтері қойылады. Біз олардың сертификатталғанын, электр құрылғыларының өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігін тексереміз. Сондай-ақ мерекелік әшекейлер адамдардың еркін қозғалысына және эвакуация жолдарына кедергі келтірмеуі тиіс», деді әуежайдың өрт қауіпсіздігі қызметінің бас инженері Вячеслав Попов.
24.kz-тің хабарлауынша, авиациялық қауіпсіздік қызметі де күшейтілген режимге көшті.
«Бір ауысымға қосымша шамамен 140 қызметкер тартылады. Жолаушылардың жүгі мұқият тексеріледі», деді авиациялық қауіпсіздік қызметінің инспекторы Шыңғыс Совет.
Бұдан бөлек, әуежайда жолаушылар арасында қосымша түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мамандар мереке күндері қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін ескертеді және жолаушылардан тәртіпке мұқият болуды сұрайды.