Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елімізде кейінгі жылдары саланы дамытуға қатысты бірқатар байыпты, жүйелі жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы Жолдауында елдегі туризмді дамыту экономиканы әртараптандырудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар Президент бұл салада әрбір өңірдің даму келешегі бар екендігіне де жете тоқталды.
Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі төрт жылда шетелдік туристердің саны жеті есе өскен. Егер 2020 жылы елімізге 2 млн саяхатшы келсе, былтыр олардың қатары 15 миллионнан асты. Ел экономикасына 1,2 триллион теңге кіріс әкелді.
«Ендігі басты міндет – Президент Жолдауында айтылғандай, туристік аймақтарда инфрақұрылымды дамыту», дейді сарапшылар.
Биылғы жыл туризм саласын стратегиялық экономикалық бағытқа айналдыруда толайым табыстармен ерекшеленді. Жалпы, саланың даму динамикасы елдің экономиканы әртараптандыру стратегиясының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Сол тұрғыда салаға салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Биылғы қаңтар-қазан айларында салалық инвестициялар 38,1%-ға өсіп, 923 млрд теңгеге (шамамен 2 млрд доллар) жетті. Соның нәтижесінде 20 өңірде 147 туристік инфрақұрылым жобасы іске қосылды. Қонақүйлер мен басқа да орналастыру орындарының саны ұлғайып, 4 499 нысанның бірыңғай сыйымдылығы 243 500 орынға жетті. Бұл көрсеткіштер саланың ұзақмерзімді инвестициялық тартымдылығының артып отырғанын айқын көрсетеді.
Биыл елімізге шетелдік туристердің келуі анағұрлым өсті. 12,1 млн шетелдік азамат келіп, оның 8,6 миллионы туристік мақсатпен 24 сағаттан артық тұрған. Туристік қызметтер экспортының үлесі бұрнағы жылмен салыстырғанда 18%-ға өсіп, 1,3 млрд доллар құраған. Бұл ретте елімізге Қытайдан келушілерден түскен кіріс 50%-ға артып, 192 млн долларға жетті. Жалпы, шетелден түсетін кірісті кең көлемде тарту, ішкі туризм әлеуметтік бағыт ретінде қарастырылады. Бұл туралы «Kazakh Tourism» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы жан-жақты баяндап берді.
«Кіру туризмі ел экономикасына валюта әкеледі. Мәселен, Қытайдан келген қонақ юань, Германиядан келген турист еуро жұмсайды. Бұл – біздің туристік қызметтеріміздің тікелей экспорты. Туризмнің жалпыұлттық өнімдегі үлесі көп емес. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш ІЖӨ 10%-ға дейін жетуі мүмкін, ал ақшалай түрде 20-30 млрд долларды құрайды. Сол тұрғыда кіру туризмін дамытудың негізгі мақсаты – шетелден пайда әкелу, оны халыққа, жергілікті бизнеске тигізу», деп атап өтті Kazakh Tourism басшысы.
Ал ішкі туризм азаматтардың денсаулығы мен қалпына келуіне ықпал ететін әлеуметтік аспект ретінде қарастырылады. «Себебі адамдарға демалу мен рекреация қажет. Бұл – еңбек демалысы кезінде күш-қуатты қалпына келтіру мүмкіндігі. Сондықтан жергілікті тұрғындар көбіне көп, мүмкіндігінше Бурабай, Баянауыл, Катонқарағай, Алакөл, Балқаш сынды сауықтыру орындарына барып демалуға тырысады», деп қосты Даниел Сержанұлы.
Биыл 8 басым курорттық аймақта толық инвентаризация жасалып, 2025–2028 жылдарға арналған дамудың жол картасы жобаланды. Бұл шаралар туризмнің маусымдық сипатын төмендетуге, курорттық инфрақұрылымды халықаралық стандартқа жақындатуға мүмкіндік береді.
Алматы қаласы биыл 1,1 млн турист тартты, олардың арасында шетелдік келушілердің қарасы да көп. Бұл өсім жаңа әуе бағыттарының ашылуына, шетелдік туристік нарыққа бағытталған маркетингке, қаладағы қонақүй инфрақұрылымына тікелей байланысты. Еліміздің туризм брендін халықаралық аренада таныту мақсатында Алматылық стенд Global Tourism Forum 2025 сияқты ірі сараптамалық платформаларда көрсетілді. Елдің мәдени, табиғи байлықтары шетелдік туристерге тартымды бағыттар ретінде ұсынылды.
Туризмді дамытудың 2019–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін 8%-ға дейін жеткізу, қызметпен қамтылған адамдар санын арттыруға қатысты белгіленген шаралар да тыңғылықты атқарылды. Бұған қоса ел ішіндегі туризм де белсенді дамыды. Нақтылы деректерге жүгінсек, биыл 6,7 млн отандық турист орналастыру орындарын пайдаланған.
Туристер санының өсуі елдің сыртқы байланыстар мен әуе бағыттарын кеңейтуінің, визалық жеңілдіктер мен халықаралық маркетингтік жоспарлы жұмыстардың жемісі. Сондай-ақ қонақүй, туризм инфрақұрылымының саны мен сыйымдылығы айтарлықтай өсті, бұл туристік ағымды күту мен қабылдауды жақсартуға мүмкіндік береді. Тұрғын үйлер мен мейманханалардың табыстары артып, қонақүй қызметінің кірісі 268 млрд теңге шамасында болды. Аймақтарда жаңа әуе бағыттары ашылып, логистикалық шешімдер мен курорттық аймақтарды жаңғырту шаралары қолға алынып жатыр. Инфрақұрылымның жүйелі дамуы елімізге халықаралық туристерді тартуға, сондай-ақ тұру сапасына қатысты бәсекеге қабілетті болуға жағдай жасайды.
Мемлекет биыл курорттық аймақтарды жүйелі дамытуға ерекше көңіл бөлді. Көкшетау-Бурабай, Маңғыстау аймақтары сияқты басты туристік бағыттарына арналған даму жоспарлары әзірленді. Жоспарланған жұмыстардың бірқатары бүгінде нақты жүзеге асырылып жатыр.
Бір сөзбен, биылғы жыл еліміз туризмінің стратегиялық серпін алған кезеңі болды. Салаға салынған инвестиция көлемі айтарлықтай артты. Шетелдік, отандық туристер саны едәуір ұлғайды. Инфрақұрылым мен курорттық аймақтар барынша жақсартылды. Халықаралық деңгейдегі ел брендингі күшейді. Бұл көрсеткіштер туризм саласының еліміз экономикасы үшін жаңа драйверге айналып келе жатқанын, оның келешекте маңызды экспорттық, инвестициялық сала болатынының айқын дәлелі.