Туризм • Бүгін, 08:30

Ұлттық жоспар ауқымды болуға тиіс

10 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Катонқарағай кейінгі жылдары шетелдіктерге кеңінен таныла бастады. Мәселен, 2023 жылы аудан «Top 100 Green Destinations» тізіміне енді. Биыл «Euronews» арнасы арнайы сюжет әзірлеп, көрсетті. Катонқарағайға блогерлер жиі ат басын бұрып, контент түсіріп те жүр. Әлем назары Алтайға бет бұрғандай...

Ұлттық жоспар ауқымды болуға тиіс

Шетелдіктерді ауыл тіршілігі қызықтырады

Әлем бойынша 1,5 млн-нан астам жазылушысы бар америкалық Крис Джундеф пен неміс блогері Йоханнес Хулш осы жылы қыркүйек айын­да Катонқарағайға кел­ді. Жаһанның жерұйық жер­лерін аралап жүрген жиһан­кездердің бағытында таңдау еркіндігі шексіз еді, алайда олар Алтайдың етегінде, ауасы ошақ түтінімен араласқан еліміздің шығысына бет алды.

Олар ауылдың күнбе-күн­гі тыныс-тіршілігін көруді мақсат етіп келген. Түскі астың қамымен дастарқан жайып жатқан әйел, есік алдында мүлгіп жатқан ит, өрістегі жыл­қылар блогерлердің таң­данысын тудырып, фото­ға түсіріп Instagram әлеу­меттік желісіндегі жеке парақ­шаларына жариялаған.

«Сары түске оранған аң­ғар­лар, иен жатқан жолдармен мына әлемнен бейхабарсыз ерекше тыныштық. Міне, бұл Катонқарағайдағы күздің ерекше әсері болмақ», деп жазды саяхатшы-блогер Йоханнес Хулш.

Ал Крис Джундеф еліміз­ге он жылдан кейін қайта кел­генін айтады.

«Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы ат басын бұрдым. Қазір мұнда бәрі жаңа қалыпқа енген. Бағзы заманда бұл жерге тәуекелшіл саяхатшылар ғана келетін. Ал бүгінде бұл елді тиімді әрі тез аралап шығуға болады. Арнайы қосымшалар мен банк карталары бәрін жеңілдеткенін де айта кеткен жөн. Қызмет сапасы да жоғары деңгейде екен. Қазақстанның қаншалықты дамып, алға жылжығаны шынында таңғаларлық», деп жазба қалдырған.

Шетел саяхатшыларының бұл сапарынан өмірдің бар салмағы қарапайым сәттер­ден құралатынын ұғуға болады.

 

Санға басымдық берген

Ауылдық аймақтарды тұ­­рақты дамыту қорының ди­­­ректоры Фатима Герфа­но­­ваның айтуынша, еліміз­де ту­­ристік әлеуетті зор 74 аудан­ бар. Солардың ішін­де Катонқарағайдың орны ерекше. Жергілікті халық келген қонақты өмір ырғағына бейімдейді, ал табиғаты үн­дес­тікке үйретеді. Мұнда ту­рист сырттан келген ба­қы­­лаушыдан гөрі, тірші­лік­тің бір бөлшегі іспеттес. Шетел­дік блогерлер сапа­ры­ның мәні осында. Олар Ка­тон қа­ра­ғайдың шынайы ты­нысын көрсете отырып, жер­гілікті өмірді әлемге әйгі­лейді.

«Катонқарағай жұрты жал­пы ешкімге ұнауға тырыс­пайды. Қарапайым тіршілігі өзінде. Мүмкін туризмнің болашағы да осында шығар. Мұнда келушілердің саны емес, көңілі қымбат», дейді Ф.Герфанова.

р

Алайда маман елімізде туризм саласындағы жұмыс мақсатты жүзеге асырылмаса, қазіргі күйімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаушылық білдіреді. Ф.Герфанованың ­айтуынша, еліміздің 2029 жыл­­ға дейінгі Ұлттық да­му жос­пары (Үкіметтің 2022 жыл­ғы № 50 қаулысы) ту­ризмді ел экономикасының негіз­гі драйвері деп белгілейді. Жоспарға сәйкес, 2029 жылға қарай шетелдік туристер са­нын 0,9 млн-нан 4 млн-ға де­йін ұлғайту көзделген, ішкі туризм де айтарлықтай өседі.

«Туризмнің ІЖӨ-дегі үле­сін 3,4%-дан әлемдік ор­таша деңгейге 8%-ға жет­кі­зу көзделген. Инфра­құры­лымды дамыту, әуе қаты­на­сын кеңейту, инвестиция тарту, жұмыс орындарын кө­бейту секілді басым бағыт­­тар қамтылған. Астана, Алматы (тау кластерін қоса), Түр­кістан, Маңғыстау, Бурабай негізгі туристік аймақтар деп белгіленген. Қарап отыр­сақ жоспарда тек сандық мақ­саттар енгізілген, ал өсім­нің сапасын көрсететін өл­шемдер жоқ. Табиғатқа тү­сетін салмақ, мәдени ортаны сақтау, ауылдық жерлер­ге пайда мен жергілікті қа­уым­ның орнықтылығы есепке алынбаған. Жалпы санға сүйенген сайын мән кетеді. Сол кезде ең қымбат дүние­міз – тыныштық пен тазалық, адам мен табиғат арасындағы үйлесім көзден ғайып болуы мүмкін», дейді Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының басшысы.

Ф.Герфанованың айтуынша, Ұлттық даму жоспа­рында туризм тек экономика­лық сала ретінде қарастырыл­ған, ал оның мәдени, жергілікті әлеуетті сақтау функциясы ескерілмеген. Сондай-ақ жоспарда экологиялық тұ­рақтылыққа көңіл бөлін­генімен, нақты көрсеткіштер мен бақылау құралдары жоқ. Экологиялық тұрақтылық стан­дарттары арнайы нор­ма­тивтік актілерде (жасыл туризм, экотуризм ереже­лері) көрсетілгенімен, стра­те­гиялық құжатта бұл мақ­­сат­тар мен іске асыру құ­рал­дарының байланысы ес­керілмеген.

«Халықаралық тәжірибе (UNWTO, 2017) бойынша, туризмді басқару кезінде аймақтың шекті жүктемесі (carrying capacity) есепке алынуға тиіс. Шектен тыс туристік ағын табиғат пен әлеу­меттік жүйелерді де­г­ра­дацияға ұшыратады. Елі­міздегі жоспарда бұл көр­сеткіш қарастырылмаған. Туризм жұмыспен қамтуды арт­тырушы ретінде қарас­тырылған, бірақ жергілікті қауымдастықтың қатысуы, шағын бизнестің үлесі, ту­ристік қызмет сапасы, ту­рис­тердің көңілінен шы­ғуы сияқты әлеуметтік өл­шемдер есепке алынбаған. Яғни туризмнің табысы ту­ристер саны арқылы баға­ланып, тұрақтылық пен әділ­дік ескерілмеген», дейді Ф.Герфанова.

 

Әлемдік тәжірибені ескерген абзал

«World Tourism Organi­zation» (UNWTO) дерегіне сүйенсек, Y және Z буыны­ның 86%-ы әдеттегі қыз­меті жоғары қымбат қонақүй­лер аясындағы демалысты емес нағыз тыныштық сыйлайтын, тарихи әсіресе көшпелілер өмірінің тыныс-тіршілігін көрсететін орындарға сапар­лағанды қалайды. Ал осы тұста еліміздің ұтары көп. Сондықтан туристер санына емес, қаймағы бұзылмаған, Катонқарағай секілді елді мекендердің қалпын сақтауға назар салған жөн.

Мәселен, «Францияда Petites Cités de Caractère» бағ­дарламасы арқылы шағын қалалар қайта жанданып жатыр. Италияда «Borghi più belli d’Italia» жоспарымен елді мекендері қорғалады. Жапонияның «One Village», «One Product» қозғалысы ауыл­ды өзін-өзі таныстыру мек­тебіне айналдырды. Ко­реяда да фермерлік пен цифр­лық технология тоғы­сып, «ақылды ауылдар» бой көтерді. Ал Исландия мен Норвегияда ескі қожалықтар шағын қонақүйлерге айналып, әр бөлме бір-бір әулеттің тынысын жеткізеді.

Бұл елдердің тәжірибесі орнықты туризм – мәдениет, табиғат пен экономиканың арасындағы теңдік қағида­тын дә­лелдейді. Осы орайда Ф.Гер­фанова «Мемлекеттік жос­парлау жүйесі туралы» заң стратегиялық құжаттарды өл­шенетін нәтижелерге бағ­дарлайды. Бұл сандық көр­сеткіштерді бақылауды жеңіл­детеді, бірақ мәдени біре­гейлік, қауымдастық қатысуы, экожүйелердің тұрақтылығы сияқты аспектілер назардан тыс қалатынын айтады.

«Германияның тұрақты даму стратегиясы (German Sustainable Development Strategy, GSDS) барлық сая­сат саласын, оның ішінде туризмді қамтиды. Әр нор­мативтік акт тұрақтылық қа­ғидаттары бойынша тек­серіліп, нәтижелер ашық жа­рияланады. Елімізде де осын­дай механизмді ен­гізу макроэкономикалық көр­сеткіштер мен аймақтар­дың тұрақтылығын біріктіру­ге мүмкіндік береді. Негізі эко­логиялық маршруттар мен сертификатталған нысан­дар­дың үлесін, рекреациялық жүктеменің теңгерімін (car­rying capacity) анықтап алу қажет», дейді ол.

Туризм – тек туристер мен табыс емес, мәдени диа­лог, елді жергілікті тұрғын­дары, дәстүрлері мен таби­ғаты арқылы тану жолы. Оны табиғатты бүлдірмей, жер­гілікті қауымдастық пен мә­дениетті сақтай отырып жүргізу маңызды. Ал егер мақсат тек цифрларға бағ­дарланса, қоғам мен таби­ғаттың шынайы жағдайы еске­рілмейді. Құндылықтар бас­ты назарда болса, туризм ұлттық тұрақты даму стратегиясының бөлігі бола алады дейді мамандар.

Соңғы жаңалықтар

Тәртіпті тізгінші

Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:58

Жұмыс орны және өңірлік карта

Аймақтар • Бүгін, 09:55