Саясат • Кеше

Экономикалық өсімге әсер ететін салалар

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкіметте вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен 2026 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен ІЖӨ өсу параметрлері талқыланды. Алдағы жылы өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, көлік және қоймалау, сауда салалары, өнімдер мен сусындар өндірісі экономикалық өсуге негізгі үлес қосуға тиіс.

Экономикалық өсімге әсер ететін салалар

Өңдеу өнеркәсібінде биылғы қорытынды бойынша нақты көлем индексі (НКИ) 6% деңгейінде өсуі мүмкін. Келер жылы еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде нысаналы көрсеткіш 6,2% деңгейінде болады деп белгіленді.

Өңдеу саласының негізгі драйвері саналатын металлургияда өндірістің өсуі 2026 жылы 3% деңгейінде жоспарланып отыр. Өнім көлемі, ең алдымен, биыл және былтырлары іске қосылған «Kyzyl Aray Copper», «EkibastuzFerroAlloyse», «Kazferrolimited», «Shagala Mining» пен тағы да басқа зауыттардың жобалық қуатының артуы есебінен ұлғаяды. Қара металлургияда ферроқорытпа, болат, жалпақтап жаймаланған темір мен шо­йын өндірісін, түсті металлургияда алтын, мыс, алюминий, мырыш өндірісін ұлғайту жоспарланып отыр.

Машина жасауда келесі жылғы жос­парлы өсу көрсеткіші 13,4% деңгейін­де белгіленді. Бұл көрсеткішке биыл іске қосылған «Astana Motors Manufacturing Kazakhstan» ЖШС мен «KIA Qazaqstan» ЖШС арқылы жеңіл автомобиль өн­діру көлемін 17%-ға ұлғайту есебінен қол жеткізілгелі отыр. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы техникасын шығару 5%-ға өседі деп жоспарланған.

Айрықша атап өтерлігі, 2025 жылдың қорытындысында 436,5 мың бірлік тұрмыстық техника шығарылмақшы. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,5 есе артық. Теледидар, кір жуғыш машина, плита пеш пен тағы да басқа тұрмыс­тық техниканы елімізде ««Silk road electronics» ЖШС, «Алматы тұрмыстық техника зауыты» ЖШС және «DS Multimedia CA» ЖШС шығарады. Келесі жылы тұрмыстық техниканы биылмен салыстырғанда 1,5 есе көп өндіру жос­парланып отыр.

2026 жылы химия өнеркәсібі өндірісінің өсуі 7% деңгейінде болады деп күтілуде. Ол күкірт қышқылы, натрий цианиді, сутегі асқын тотығы мен сұйық шыны секілді жаңа қуаттарды енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Құрылыс материалын өндіруде биыл отандық тауар өндірушілердің ішкі нарықтағы үлесі 70%-ға жетті. Портландцемент, керамикалық тақ­тайша, темірбетон мен тауарлық бетон өндірісі драйверге айналады. Резервтер арасында Шымкенттегі керамикалық тақтайша шығаратын жаңа зауыт пен цемент зауыты бар. Биыл цемент өндірісі рекордтық көлемде өседі. Келер жылы кәсіпорындар жобалық қуатына шыққан сайын өсу де жалғасады.

Сауда саласында 2025 жылдың қоры­тын­­дысы бойынша тауар айналымы номи­налдық мәнде 108,9%-ға дейін өседі. Келесі жылғы нысаналы көрсеткіш 106,5% өсіммен 92,4 трлн теңгені құрайды.

Өсім мұнай мен мұнай өнімдерін өндіру көлемін сақтау, азық-түлік пен азық-түлік емес тауарларды қайта өң­деу­дің ауқымды бағдарламасын іске қосу, сондай-ақ Қытай бағытын қоса алғанда, көтерме экспорттық сауда­ға бағ­дарланған төрт ірі B2B алаңы­ның жұмы­сын толықтай бастау арқылы жүзеге асырылады.

Ауыл шаруашылығында келесі жылы азық-түлік пен сусын өндірісінде жоғары өсім болуы мүмкін. Ол тиісінше 109% бен 109,3%-ды құрамақ.

Кеңес соңында вице-премьер орта­лық мемлекеттік органдарға өнеркәсіп­тік өсудің жоспарлы көрсеткішіне қол жеткізіп, негізгі инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды жүзе­ге асыру үшін, қосымша резервтерді пысықтап, ауыл шаруашылығында, сау­да мен көлікте тұрақты өсу серпінін қамтамасыз етуге баса назар аудара отырып, салаларды дамытудың жол картасын әзірлеп, ұсынуды тапсырды.

Соңғы жаңалықтар