Қалдықтан құнды материал әзірленді
Сәтбаев университетінің зерттеушілері қант өндірісінде пайда болатын негізгі қалдық – қант қызылшасының сығындысын тиімді пайдалану арқылы жаңа материалдар алудың тың тәсілін ұсынды. Бұл қалдық жалпы биомассаның 80 пайызына дейін жетеді. Қауымдастырылған профессор Сана Қабдрахманованың жетекшілігімен постдокторант Faisal Kholiya мен PhD докторанты Меруерт Иманбек гидротермалдық синтездің заманауи технологияларын қолдана отырып, тағам және фармацевтика саласына жарамды жоғары сапалы пектин, шамамен 35 пайыздық шығыммен целлюлоза, сондай-ақ өлшемі 8-14 нанометрді құрайтын фотолюминесцентті көміртекті кванттық нүктелер алды.
Жаңа материалдар азық-түлікті сақтау жүйесінде, дәрі-дәрмектерді бағыттап жеткізу технологиясында, заманауи визуалды медицинада және қолданбалы нанотехнология салаларында кеңінен пайдалануға жол ашады. «Бұл жоба ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары сапалы, қосымша құны мол материалдарға айналдырудың айқын үлгісі», дейді жоба жетекшісі Сана Қабдрахманова.
Зерттеу жұмыстары Сәтбаев университетінің Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен және металлургия институтына қарасты Химиялық үдерістер және өндірістік экология кафедрасы негізінде жұмыс істейтін озық функционалды материалдар мен олардың композиттері бойынша халықаралық «R&D» орталығында жүргізілді. Ғалымдардың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу – өнеркәсіптік ауқымда жүзеге асыруға болатын тұрақты әрі экономикалық тұрғыдан тиімді үдеріс. Бұл бағыт ауылдық аймақтарда жаңа жұмыс орындарын ашуға, өндіріс саласының әлеуетін арттыруға және елдегі ғылыми-технологиялық мүмкіндіктерді дамытуға жол ашады.
Автономды көлікке арналған заманауи шешімдер
Бүгінде елімізде техникалық жоғары оқу орындары тек өнеркәсіп пен экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ететін білім ордалары ғана емес, сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрлігінің стратегиялық бастамалары мен басым бағыттарын жүзеге асыратын маңызды ғылыми-технологиялық алаңдарға айналды. Бұл үдеріс университеттердің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған нақты жобалар арқылы көрініс тауып отыр.
Соның жарқын үлгісінің бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында құрылған «SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығы. Аталған орталық биыл қараша айында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен ашылып, Лу Бань шеберханасының даму жолын жалғастырды. Қазіргі таңда бұл орталық білім беру, ғылыми зерттеу және автопилот технологияларын тәжірибелік деңгейде ұштастыратын кешенді инженерлік кеңістікке айналды.

Орталықтың техникалық инфрақұрылымы кең мүмкіндіктерді қамтиды. Мұнда жаңа буынға арналған оқу-тәжірибелік гибридті және электрлі автокөліктер, оның ішінде «Changan» маркалы автономды модельдер бар. Сонымен қатар автопилот жүйелеріне арналған мультисенсорлық платформалар (LiDAR, радарлар, бейнекамералар, ультрадыбыстық датчиктер), жасанды интеллект пен машиналық оқытуға негізделген компьютерлік көру, навигация және шешім қабылдау алгоритмдерін әзірлеу мен сынақтан өткізу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұдан бөлек, интеллектуалды көлік жүйелері мен цифрлық карталар, жол қауіпсіздігі мен төтенше жағдай сценарийлерін модельдеуге арналған цифрлық шешімдер, AR/VR-симуляторлар, сондай-ақ экологиялық таза әрі автономды көлікке бағытталған «SMART» технологиялар орталық жұмысының маңызды бөлігі саналады.
Осылайша, «SMART Driving Technology» инжинирингтік орталығы жүргізушісіз көлік, жасанды интеллект және интеллектуалды транспорттық жүйелер саласында инновациялық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған заманауи технологиялық платформа ретінде қалыптасты. Дәл осы инфрақұрылым ШҚТУ-ды Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің жүргізушісіз таксиге арналған цифрлық карталар әзірлеу бойынша қанатқақты жобасына қатыстыруға мүмкіндік берді. Жоба шеңберінде жасанды интеллект алгоритмдерін тексеру және технологияларды тәжірибелеу үшін орталықтың «Changan» маркалы оқу-тәжірибелік автономды көліктері пайдаланылды.
Аталған тәжірибе Мемлекет басшысының «Қазақстан жасанды интеллект дәуірінде» атты Жолдауында белгіленген автопилот, жасанды интеллект және смарт-көлік бағыттарын дамыту міндеттерін іске асырудағы ведомствоаралық ынтымақтастықтың нақты үлгісі болды. Бұл ретте «мемлекет – университет – технология» арасындағы байланыс абстрактілі тұжырым деңгейінен шығып, отандық жоғары оқу орындарының көлік саласы мен елдің цифрлық экономикасын технологиялық жаңғыртуға нақты дайын екенін көрсетті.