Ғылым • Бүгін, 09:25

Шыңдағы шынар

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгін Орақ Жолмырзаұлын білетін баршамыздың жүзімізге шуақ қонып, жүрегімізге шаттық ұялайды. Бұл әсте бекер емес. Оның айтулы мерейтойы үлкен белес. Біз саяси экономияның терең теориялық мәселелерін зерделеп, ғылымтану мен білімтану (эпистемология) саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар, жоғары білім жүйесін ұйымдастыруға қомақты үлесін қосып келе жатқан ғалым-ұстазды зор құрметпен сөз қылмақпыз.

Шыңдағы шынар

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Орақ Жолмырзаұлы – ғылымға адал қызмет етіп, білімпаз ұрпақ тәрбие­леуге,  еліміздің рухани дамуына бар ақыл-парасатын, күш-жігерін аямай жұмсап келе жатқан ақылгөй ғалым-ұстаз, харе­кетшіл қайраткер. Ең бастысы – ол қарапайым, жүзінен ізгіліктің нұры тамып тұрған, ақ жүрек адам.

Орақ Әлиев үшін ғылым – «Дүние де өзі, мал да өзі». Орекеңнің азаматтығы данышпан Абайдың «Адамның адамшы­лығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» формуласының жарқын көрінісі және оның «Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба» өсиеті Орақ Жолмырзаұлының өмірлік ұстанымына айналды. Адам болам дегенге қажет бес асыл істі жанына жалау етті. Ол ғылымды мақтан үшін емес, халықтың игілігі үшін іздеді. Оның еңбектері жаңа буынға жол ашты, ал ұйымдастырушылық қабілеті жоғары білімнің дамуына негіз болды.

Ғалымның жастық шағы соғыстан кейінгі қайта қалпына келу кезеңімен тұспа-тұс келсе, кемел шағы кеңестік ғылымның гүлденген жылдарына сәйкес келді. Ал егемендік жылдарындағы сана­лы еңбегі білім-ғылымның қалып­тасуымен тығыз астасты. Қоғамдық құры­лымдар өзгерді, саяси бағдарлар алмас­ты, бірақ өзгермеген бір ғана құнды­лық қалды – білімге, ғылымға деген адал­дық пен ақиқатты іздеген азаматтық жауапкершілік.

Ғылыми білімнің тікенегі мол тайғақ­ты жолындағы сапарын ғалым-ұстаз өзі­нің «Білім жолындағы тар жол тай­ғақ кешу» кітабында жеті кезеңге бөліп қарас­тырады. Бастамасын «білім әлемін­дегі өзін бейсаналық іздеу» деп атап, кейінгі саналы ізденіс деңгейлерінің өсуін политэконом-теоретик, философ, эпис­темолог дәрежелеріне көбіне азапты көтерілу әрекетінің нәтижелерімен тығыз байланыстырады. Әр кезеңде орын алған қиындықтар мен кемшіліктерден  қалайша арылып, жеткен жетістіктерді молайтқанын еш бүкпесіз, ақтарыла баян­дайды.

Мерейжас иесі саяси экономи­ка­ның теоретигі ретінде қатып қал­ған қа­саң  тұжырымдармен шектелмей, әлеумет­тік-экономикалық үдерістерді те­рең фи­лосо­фия­лық-эпистемологиялық тұр­ғыдан талдауға ұмтылды. Оның зерттеулерінде адам қоғамды қалай таниды, ал ғылыми білімнің рухани негізінде қандай құндылықтар жатыр деген сұрақтарға жауап беріледі. Орекең осы тәріздес өзге де күрделі мәселелердің шешімін іздеу барысында жалаң ұрандар мен асығыс мәлімдемелерден бойын аулақ ұстап, терең ой мен салмақты талдауды таңдады.

О.Әлиевтің саяси экономика, ғы­лым­тану  және эпистемология саласын­дағы еңбектері ТМД елдерінің ғылыми мұрасының маңызды бөлігіне айналды. Ол қоғам дамуының заңдарын ғана зерт­теп қойған жоқ, сонымен бірге адамзат білімінің терең негіздерін түсіну­ге ұмтылды. Осы орайда Орекеңнің ғалым­дық ұстанымы мен ғылыми зерттеу­лері нәтижелерінің бір парасына тоқталып кетелік. Алдымен ойға оралары – Орақ Жолмырзаұлына тән жоғары дәрежедегі әдіснамалық мәдениет. Орекең сөздің төркінін, терминнің түбін, ұғымның ұрымтал тұсын, мәннің мәнісін өзіне ғана тән ыждағаттылықпен, кірпияздылықпен мұқият, тәптіштеп талдайды. Белден басып, қолдан құйылған жасанды сөз, термин ұсынбайды. Бұған дәлел, ол ғылыми айналымға ұсынған зерзат термині. Әрдайым оқырманы мен тыңдаушысын дәйекті дәлелдерімен ұйытады, иландырады, жақтасына айналдырады, тың идеяның айналасында пікір алмасып, зерттеу нысаны мен зерзатының соны сипаттамаларын сараптауға шақырады, сөйтіп, жаңа нәтижелер алуға жол ашады. Курстас іні-досы Сардарбек Нарматов  айтқандай, «Ол іс жүзінде эписемлогияның тың парадигмалды тұжырымының, жер рентасын философиялық-экономикалық зерделеудің, саяси экономия ғылымының зерзатын айшықтаудың, жаңа ғылыми пән ретінде ТМД елдерінде теориялық экономияның негізін қалады». Бұл айтқандар Орақ Әлиевтің заманауи гуманитарлық және экономикалық ғылымдарға қосқан, шетелдік және отандық әріптестері толық мойындаған  сүбелі үлестерінің бірнешеуі ғана.

Орекең «Мен кіммін?», «Біз кімбіз?», «Біз қайда барамыз?» деп кешегінің даналарындай толғанып, замандастарына ой тастайды. Қазақ елінің болашағын айқындауға айрықша назар аударады. Адамның өз-өзіне тақылеттестігінің он бес деңгейлік мазмұнын белгілеп берді. «Этнологиялық өндіріс тәсілі» теориясын жасақтады. Өркениет пен мәдениеттің аражігін ажыратып, «екі ағаштың» арасында адасып жүрген­дерге жөн сілтеді, «рыноктың нарық еместігін», «кредиттің несие еместігін» дәлелдеуге атсалысты. Лао Цзы мен Конфуций дүниетанымының  іргелі тұжырымдарына сараптама жасап, олардағы гуманизмнің шынайы­­лығы мен алдамшылығының аражігін әйгі­­леді. Конфуцийшілдікке еліктеу-солық­тау мен конфуциоманиямен әуестік­тің жақсылыққа апармайтынын ескер­теді. Өскелең жастарға «тәрбиелілік-білімді­лік-біліктілік-жүректілік-жігерлі­лік» қа­дір-қасиеттерін «Арман» деген желіге көгендеп-біріктіретін бес элементті «Адам болу» формуласын ұсынды.

Дегдар Орекең үшін «жақсы теория­дан гөрі практикалық ештеңе жоқ». Осыған сай, жоғары жаққа еліміздің қарыштап дамуын қамтамасыз етуге бағытталған теориялық тұжырымдары мен практикалық ұсыныстарын бірік­тірген бірнеше ғылыми жобаларын әлденеше рет ұсынды. Бұл орайда ел дамуының локомотиві ретінде бағалаған кешенді «Ауыл» жобасын, Қазақстанның әлем тарихындағы қазіргі жағдайын анықтайтын 20 басты көрсеткіштерден  тұратын терең талдаулық жазбасын атаса да жеткілікті. Алайда, өкінішке қарай, билік өкілдерінен тұшымды жауап болмады. Елдің елдігін асырар асылға иек артып, тектілікке талпынсақ, кәнеки. Жарықтық Лао Цзының кезекті рет айтқаны келді: «Біз дұрыс желкен қоюға пәрменді болғанымызбен жел­дің бағытын өзгертуге әрдайым дәрмен­сізбіз». Ертелі-кеш байыпты шешім қабылданарына сенімін жоғалтпайтын қайраткер ғалым жуырда тағы бір, Қазақ елінің басты рухани сим­волы ретінде домбыра мүсінін жер-жер­де (мегаполистерге, облыс және аудан ор­талықтарына) жаппай орнатып, сол жер­ді рухани орталыққа айналдыру жөнін­­дегі ұсынысын жасады.

Орақ Жолмырзаұлы ғалым-ұстазды­ғымен қатар қайраткерлік қарымын да таныта алған тұлға. Ол еліміздегі жоғары білім беру жүйесін ұйымдастыру мен дамыту ісінде айрықша еңбек сіңірді. Бүгін республикадағы жетекші жо­ғары оқу орындарының біріне айнал­ған «Тұран» білім беру корпорация­сы құрылтайшыларының бірі болды. Университеттердегі академиялық еркіндік, ғылыми жауапкершілік пен гуманистік құндылықтар қағидатына негізделген білім беруді қалыптас­тыруда белсенді қызмет атқарып ке­леді. Қиын реформалар кезеңінде жас ғалымдарды қолдап, отандық ғылымды ТМД кеңістігіндегі ғылыми ортаға интеграциялауға ықпал етті.

Данышпан Абай «мұңдасып, шер тарқатар кісі болмаған соң, ғылымның өзі бір тез қартайтатұғын күйік» дегендей, Орекеңе кабинетке қамалу жат. Ол үнемі жол үстінде. Жетекші шетелдік ғылым-білім беру орталықтары­мен тығыз байланыста. Оларда өткізі­летін ғылыми басқосуларда өзекті мәселелер төңірегінде өзінің тың ойлары және теориялық болжамдарын бөліседі. Мәскеу, Санкт-Петербург, Ярос­лавль, Кострома, Орынбор және т.б. іргелі білім, ғылым орталықтары­ның шақыруымен баяндама жасайды, Қазақстан ғылымының абыро­йын қорғайды.

Орекеңнің аса құмарланып шаттанатын шағы – кітаппен сырласу сәті. Шынайы мәдениетті, нағыз білімпаз кітапты бір рет оқып қана қоймайды, қайта-қайта оқиды дегендей, «Орекең қайда болса, кітап сонда», сондай-ақ кітап қайда болса, Орекең де сонда.

Иә, ғалым мерейтойы – атқарылған істердің қорытындысы ғана емес, кемел парасат­тың­ жаңа белесі. Ол қай жаста да ұстаз, ағартушы, қоғам қайраткері болып қалады. Шәкіртке, ұрпағына сіңірген еңбегі алдынан шығады деп есептейміз.

 

Абылай МҰХАМБЕТЖАН,

философия ғылымдарының кандидаты, доцент  

Соңғы жаңалықтар

Елден кіндігін үзбеген…

Қоғам • Бүгін, 12:12

Перу дәрігерлері сиам егіздерін ажыратты

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 11:30