фото: Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі
Жыл көлемінде театр сахнасында бес ірі премьера ұсынылды. Солардың үшеуі – қазақтың бай мәдени мұрасын, дәстүрлі қимыл-өрнек пен заманауи пластиканы үйлестірген ұлттық хореографиялық миниатюралар. Барлығы 83 спектакль қойылып, 50 мыңға жуық көрермен «Астана Балет» өнерін тамашалады. Бұл көрсеткіш театрдың ел мәдени кеңістігіндегі орнының айқын дәлелі.
Театр ұжымы шығармашылық маусым барысында ел өңірлерін аралап, Павлодар, Алматы және Қостанай қалаларында гастрольдік сапарлар өткізді. Аймақ көрермендері әр қойылымды ерекше ықыласпен қабылдап, әртістердің жоғары кәсіби деңгейіне, сахналық мәдениетіне зор баға берді. Гастрольдік сапарлар ұлттық балет өнерінің кең аудиторияға жол тартуына мүмкіндік берді.

2025 жылдың ең ірі әрі айтулы премьерасы – Карл Орфтың «Carmina Burana» балет-кантатасы болды. Бұл қойылым театр тарихындағы жаңа белеске айналды. Алғаш рет бір сахнада хор, симфониялық оркестр, вокалдық солистер мен балет труппасы біртұтас көркем дүние ретінде өнер көрсетті. Музыка мен қимылдың, драматургия мен сахналық шешімнің үйлесімі көрерменге ұмытылмас әсер сыйлады. Аталған спектакль XIII театр маусымын салтанатты түрде жауып, жыл қорытындысында кәсіби орта тарапынан «Жыл балеті» атағына ие болды.

Халықаралық аренадағы жетістіктер театрдың беделін одан әрі нығайтты. «Астана Балет» ұжымы Оңтүстік Кореяда өткен «Cheonan World Dance Festival 2025» Дүниежүзілік би фестивалінде күміс медаль жеңіп алды. Фестиваль сахнасында көрерменнің зор ықыласына бөленген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ұсынылып, ұлттық хореографиялық миниатюралар арқылы қазақ халқының бай рухани әлемі, тарихы мен эстетикасы паш етілді. Бұл жетістік ұлттық хореография мектебінің әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Театр репертуары биыл екі актілі «Қос кілем» балетімен толықты. Қойылымда дәстүр мен заманауи көзқарас сабақтастығы көрініс тауып, көркемдік ізденістің жаңа бағыты ұсынылды. Сонымен қатар, мемлекеттік мерекелерге арналған «Мәңгі ел» концерттік бағдарламасы аясында жаңа хореографиялық миниатюралар сахналанып, ұлттық идея мен рухани бірлік тақырыбы терең ашылды.
2025 жыл театр ұжымы үшін кәсіби тұрғыдан да айрықша маңызға ие болды. Бірқатар әртістер ел мәдениетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наградасымен марапатталды. Ал театрдың бас балетмейстері мен жетекші солисі әлемдік балет өнеріндегі ең беделді марапаттардың бірі саналатын «Benois de la Danse 2025» халықаралық сыйлығының номинанттары атанып, ұжымның шығармашылық әлеуетін халықаралық деңгейде танытты.
Өнерге адалдық пен биік талғамды ту еткен «Астана Балет» театры алдағы уақытта да ұлттық мәдениетті жаңаша қырынан танытып, әлемдік сахналарда ел өнерінің абыройын асқақтата бермек.