Мұнайлы шаһарда «18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларды әлеуметтендіру» жобасы жүзеге асырылып келеді. Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі аталған жоба аясында жаңа жылдық шырша мерекесін ұйымдастырды. Күн сайын өткен іс-шараға тағдыр тауқыметін тартып жүрген 250 бала қатысты. Осылайша, төрт күнде бір мың бала қамтылды.
Осыған орай мейрамхана залы арнайы безендірілді. Аяз ата мен Ақша қар, аниматорлар мен ертегі кейпіне енгендер қабағына кірбің ұялаған балалардың жанын жадыратты. Мерекелік дастарқанға балалар ұнататын тағамдар қойылып, сыйлықтар табыс етілді.
Бұл мерекеге баласын әкелген ата-ананың бірі – Бибігүл Жұмағалиева. Оның он бір жастағы ұлы Сартай осындай іс-шараға қатысқанды ұнатады.
«Әр ата-ана баласының қуанғанын, жадырап жүргенін қалайды. Баламды түрлі іс-шарадан қалдырмауға тырысамын. Өйткені ерекше балалар да өзгелермен араласқысы, ойнағысы келеді», дейді Б.Жұмағалиева.
Атырау облысы